Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Баланы үлкендерге берген дұрыс па?

Баланы үлкендерге берген дұрыс па?

 Әдетте, дүниеге сәби келгенде, атасы мен әжесі тұңғыш немересін бауырына басады. Тіпті, өздерінің баласы етіп «меншіктеп» алатын ата-әжелер де бар. Баланың туған ата-анасы да «атасының баласы», «әжесінің баласы» деп соларға қарай икемдейді.
Тұла бойы тұңғыш немересін бауырына басқан қариялар оған бар тәттіні ұсынып, білгені мен түйгенін, көргенін үйретері анық. Мұндай ұрпақтың арасында зеректігімен, білгірлігімен танылған тұлғалар аз емес. Дегенмен, «Баланы тым еркелетіп жіберді, шолжаң болып өсті» деп оны қолдамайтындар да кездеседі. Олар «Ата-әженің қолында өскен бала әке-шешеге жат боп кетеді» деген секілді түрлі пікірді алға тартады. Сонымен осы тақырыпқа байланысты бірқатар тұрғындардың пікірін білген едік.
 Үміт Залиева:
– Баланы түбегейлі ата-әжесінің тәрбиесіне беруге қарсымын. Өйткені бала толықтай өз отбасында өсіп, тәрбиеленуі керек. Оны бір ғана ата-әженің, жас әке-шешенің немесе тәрбиешінің қамқорлығына беруге болмайды. Сондықтан отбасының барлық мүшесі бірлесе тәрбиелеу қажет. Яғни, бала ананың аялы алақанын сезініп, әженің өсиетін тыңдап, әкенің қатал тәрбиесін көріп, атаның ғибратқа толы әңгімесін бойына сіңіріп өсуі керек. Отбасында олардың әрқайсысының өз орны бар. Оны ешкім толтыра алмайды. Өйткені, сәби болсын, жеткіншек қыз, бала болсын көргенін істейді, естігенін жасағысы келеді.
Жұлдыз Қуанышбаева:
– Мен ата-әжемнің қызымын. Өз әке-шешемнің аттарын атаймын. Кейде өздеріне жақын тарып, еркелетсе өзімді ыңғайсыз сезінемін. Себебі, мен шал мен кемпірдің қызымын ғой... Бірақ құрбыларымның «Анаммен базарға бардым, бар сырымды сол кісіге айтамын» деген сөзін естігенде, менен осы бақытты  біреу тартып алғандай сезімде боламын. Меніңше, ата-әжесінің баласы өз әке-шешесінің тілін алмайтын, ақыл айтса елемейтін болып өседі. Ал бауырларыңның жақын екенін жүрегің сезіп тұрса да, қанша дегенмен олардан өзіңді алыс ұстап, бөліп әкетесің. Ер жетіп, ес білгенде ата-анаңды мойындау, бір жағынан аттарын айтып, «Сен» деп сөйлеу де қиын.  Екі оттың арасында қалғандай күй кешесің. Сондықтан ата-әжесі тәрбиелесе де баланы өз әке-шешесімен бауырынан бөлмегені дұрыс. 
Айгүл Темірбекқызы:
– Әдетте қазақта ата-әжелер тұңғыш немересін бауырына басып, тәрбиесіне алып жатады. Менің ойымша, бұл дәстүр тәрбие беруде кемшіліктер болмасын, отбасылық жағдайда қиналып қалмасын деген ойдан туған. Бұл кез келген адам үшін пайдасын тигізбесе, зияны жоқ. Өйткені, үлкендердің көргені мен түйгені көп, қандай жағдай болмасын тәжірибесі мол. Жас отбасыға қарағанда оларда рухани қасиеттер басым. Мәселен, бала көпшілік ортада өссе өзімшіл болмайды. Әженің тәрбиесін көргендер кішіпейіл, бауырмал келеді. Ал, үнемі атасының қасында жүргендіктен дәстүрден алыстамайды. Бірақ, баланы түбегейлі немесе шақалақ кезінен ата-әженің тәрбиесіне беруге қарсымын. Балам есін білгенше, оңы мен солын танығанша, ананың ақ сүтін еміп, өзіне-өзі келгенше әке-шешенің қасында болуы керек. Анамен баланы бөлуге ешкімнің де қақысы жоқ.
Тілші түйіні. Ес біліп, оңды-солды тани бастағанда  өзін баққан ата-әже өмірден өткенде, бала өз ата-анасына, өз бауырларына жұғыса алмай жетімсірейді. Тіпті, өзін жалғыз қалғандай сезінеді. Әрі атын атап үйренгендіктен әкесін «Әке», анасын «Апа» дей алмай, тығырыққа тіреледі. Бұл олардың жан дүниесіне қатты әсер етері анық. Іші біліп тұрса да, өз ата-анасына, өз бауырына қосыла алмайды. Әрине, барлық ата-әже немерені осылай тәрбиелейді деуден аулақпыз. Десе де, ішінара осындай жайтта кездесіп жатады. Бүгінде бұл дәстүрді бірі қолдаса, енді бірі қарсылық танытуда. Қазақта «Шалдың баласы» деген әдемі тіркес бар. Ол – үлкендер бауырына басқан немереге айтылған теңеу. Төр де, құрмет те – сол баланікі. Бірақ ата-анасынан оны бөлу дұрыс емес деген ойдамыз.  
Ақмарал ҚАДЫРХАН
10 желтоқсан 2019 ж. 888 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 442 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам