Басты байлық – баянды білім
Білім – білікті елдің болашағы. Сондықтан ол әрдайым қырағы қадағалауды, айрықша мән беруді талап етеді. Облыс орталығында осы салаға ерекше назар аударылған. Қазір бұл бағытта жаңа әдістер, тың тәсілдер өмірімізге енуде. Аталмыш үдерістен шығу үшін Қызылорда қаласында білім сапасын көтеру бағытындағы қажетті іс-шаралар жалғасын тауып келеді. Соның бір парасы ретінде ұстаздарды қолдау, оқушылар мен түлектерге барынша жағдай жасау – қашанда негізгі міндет.
– Қазіргі таңда қала мектептерінде 85 мыңға жуық өрен білім алуда. Оның ішінде мектепке дейінгі орындарда 19 мың 853 бала және 54 жалпы орта білім беру ұйымдарында 63 мың 375 оқушы тәрбиеленуде.
Цифрландыру бағытында қала бойынша 240 мектепке дейінгі білім беру ұйымдары «Электронды балабақша» автоматтандырылған жүйесіне енгізілсе, мектептер компьютермен толықтай жабдықталған. Ал, интернет желісіне қолжетімділік пен электронды күнделік жүйесіне қосылу көрсеткіші 100 пайызға жетіп отыр, – деді қала әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте қалалық білім бөлімінің басшысы Меруерт Әбдіқалықова.
Бәсекеге қабілетті ұлт тәрбиелеу жолында білім сапасын арттыру қашаннан маңызды. Ол үшін оқушылардың оқулықпен қамтылуы айтарлықтай рөл атқарады. Жыл сайын жаңа оқу жылы басталар алдында бұл мәселе алғашқы күн тәртібіне қойылады. Соның нәтижесінде мектептер жаңа оқулықтармен қамтылып отыр. Айта кеткен жөн, бүгінде оқулықтар, оқу-әдістемелік кешендерді сатып алу және жеткізу бағдарламасы бойынша қаладағы барлық мектептер толықтай оқулықтармен қамтамасыз етілген. Демек, өрендердің алаңсыз білім алуына негіз бар. Жас ұрпақ үшін алға қойылған негізгі міндеттердің бірі – олардың заманауи ғимаратта білім алуы. Бұл да кезең-кезеңімен орындалуда. Мәселен, қазіргі уақытта облыс орталығында үш ауысымда оқитын мектеп жоқ. Осы №198 орта мектебі жанынан 200 орындық, №261 орта мектеп жанынан қосымша 150 орындық ғимараттар қазан айында ел игілігіне берілген. Одан бөлек, жыл аяғына дейін Жаппасбай батыр көшесінің бойынан 600 орындық мектеп пайдалануға беріледі деп күтілуде. Дерекке сүйенсек, биыл да өрендер үшін жаңа білім ошақтары ел игілігіне айналады. Білім беру нысандар саны да еселеп артып келеді. Осы жылы Сырдария өзенінің сол жағалауынан 320 орындық балабақша өз жұмысын бастаса, «Ақсуат» ауылдық округінде орналасқан 120 орындық балабақшаға күрделі жөндеу жүргізілуде.
Сыбайлас жемқорлыққа қатысты сынның алдын алу мақсатында осы салада біршама жұмыс жасалуда. Атап айтқанда, мектепке жұмысқа тұру кезінде тамыр-таныстық пен жемқорлықты болдырмау мақсатында өткен жылдың қараша айынан бастап «jumys.sitcen.kz» жүйесі іске қосылған болатын. Бүгінгі таңда аталған жүйенің жұмыс оң нәтижесін беріп отыр.
– Онда әртүрлі вакансия жарияланады. Өтініштер қабылданып, жұмыс іздеушілердің деңгейі тест арқылы тексеріліп, конкурстық комиссия арқылы әңгімелесу өткізіледі. Бұл жүйе арқылы жұмысқа азаматтар әділ түрде қабылданып жатқанын байқауға болады. Ал техникалық қызметкерлер бойынша құжаттарын бірінші жүктеген жұмыс іздеуші қабылданады. Осы уақытқа дейін 200-ге жуық мамандар білім беру ұйымдарына жаңа жүйемен қызметке қабылданған, – деді М.Әбдіхалықова.
Сонымен қатар, бөлім басшысы брифингте «Бәйтерек» тұрғын ауданындағы оқушылардың сабаққа қатынау мәселесі шешімін тапқанын айтып өтті.
– Бүгінгі күні ол жақтан 294 оқушы мектептерге қатынап жүр. Оларды тасымалдау үшін «Бала мекен» тұрғын ауданына арнайы №27 және №25 бағытындағы қоғамдық көлік қатынасы ұйымдастырылды. Қазіргі уақытта аталған маршурттардың уақытылы қатынауы қатаң бақылауға алынды, – деді ол.
Айтолқын АЙТЖАНОВА