57 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды
«Жасөспірім» жедел - профилактикалық іс-шарасы аясында Қызылорда қалалық Полиция басқармасының ювеналдық полиция бөлімшесі қызметкерлерімен профилактикалық бағытта біршама жұмыстар атқарылды. Шара мақсаты кәмелетке толмағандар арасында қылмыс пен құқық бұзушылықты болдырмау бойынша алдын алу шараларын жүргізу.
2 күннің қорытындысы бойынша барлығы 57 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, облыстық Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына қаңғыбастыққа салынып бей-берекет жүрген 7 жасөспірім жеткізілді.
Атап айтқанда, ҚР ӘҚБтК-нің 132-бабы бойынша (кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуына жол беру) 9 тұлғаға әкімшілік хаттама рәсімделіп, сотқа жолданды.
ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабының 1-бөлігі бойынша (кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғын айдан тыс жерде болу) 12 тұлғаға, ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабының 2-бөлігі бойынша (кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз) 34 тұлғаға және ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша (ата-ананың немесе басқа да заңды өкілдердің кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу және оларға білім беру жөніндегі міндеттерін орындамау) 2 тұлғаға әкімшілік хаттама рәсімделіп, тиісті шара көрілді.
Полиция басқармасының профилактикалық есебінде тұрған 21 қолайсыз отбасы мекен-жайлары бойынша тексеріліп, олармен профилактикалық бағытта түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, мектеп инспекторларының оқушылармен және колледж студенттерімен кездесулер ұйымдастырылды.
Бұл бағытта жұмыстар алдағы уақытта өз жалғасын табады.
Қызылорда қаласының Полиция басқармасының баспасөз қызметі