Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Алашыма айбын болған атаулар

Алашыма айбын болған атаулар

Дария жағасындағы даңғыл
  Тәуелсіздік жылдарында Сыр өңірінің бет-бейнесі жаңарып, әлеуеті артып келеді. Соның нәтижесінде Қызылорда қаласы сәулеті мен дәулеті үйлесім тапқан шырайлы шаһарға айналды. Өйткені, мұнда көздің жауын алатын көп қабатты тұрғын үй мен сан алуан ғимарат бой көтерді. Сондай-ақ, қала орталығындағы үлкен көшелер қайта жаңғыртылып, заманауи аялдамалар орнатылды.
Бұрын дария жағасын бойлай жүретін көше жоқ болатын. Біз секілді өзен жағасында қоныстанған әлемнің және еліміздің іргелі шаһарларында жағалау бойы жұрттың сейіл құратын мекеніне айналған. Қазіргі күні бұл арманымыз орындалды. Себебі, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Сырдария бойынан 7 шақырымды құрайтын Тәуелсіздік даңғылы ашылды.  Ол Сұлтан Бейбарыс көшесінен бастау алып, Әбілқайыр хан көшесіне дейінгі аралықты қамтиды. Оған облыстық бюджеттен 2 млрд. 88 млн. теңге қаражат бөлінген. Бүгінде мұнда стандартқа сәйкес жарық бағанасы, аялдама, жаяу жүргіншілер жолы мен арнайы веложолақ қарастырылған.
Сондай-ақ, дарияның оң және сол жағалауын жалғайтын көпір салынғанын да айта кету керек. Бүгінде дарияның сол бөлігіндегі алқап қарқынды құрылыс алаңына айналды. Онда тұрғын үйлер ел игілігіне беріліп, шаһар келбеті одан сайын арта түсуде.
Алаштың анасы атанған аймақтың жылдан-жылға дәулетіне сай салтанат құруы ауызбірлікпен атқарылған тірліктің жемісі екені белгілі.  Соңғы кезде қаланың қайта түлеп, жаңаша жаңғырғаны жөнінде жұртшылық тарапынан оң пікірді жиі естіп жүрміз. Сондай-ақ, өңірге келген әрбір қонақ аз уақыттың ішінде өрелі өзгеріске қол жеткізген Қызылордаға таңданысын жасырмайды. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев біздің өңірге келген сапарының бірінде «Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарындағы жетістігін бір ғана Қызылорда облысынан көруге болады» деп оң бағасын берді.
Елбасының осылайша жүрекжарды лебізін білдіруге толықтай негіз бар. Өйткені, бүгінгі бағындырған биігіміз ауыз толтырып айтарлықтай. Мұндай ізгіліктің барлығы – азаттықтың ақ таңымен қауыштырған қасиетті Тәуелсіздік жылдардағы толағай табысымыз.
– Еліміздің бас қаласы – Нұр-Сұлтанға барып, Есілдің жағалауын көргендегі таңданысымды сөзбен айтып жеткізу қиын. Сол кезде неге біздің  дария бойын осылай әдемі етпеске деген ойға қалдым. Бұл ойым көп ұзамай жүзеге асты. Бүгінде күн сайын Тәуелсіздік даңғылы арқылы жұмысқа қатынаймын. Бұрын қаланың ішіндегі кептеліс, одан қалды бағдаршамдар уақыт алатын. Ал, қазір төте жолмен діттеген жерге тез жетеміз. Сондай-ақ, дарияның таза ауасымен тыныстауға мүмкіндік туды. Туған жеріміздің көз алдымызда жылдан-жылға осылай дамып келе жатқананына қуанамыз. Мәселен, елорда тұрғындары  «Қалада бір апта болмасақ өзгеріп шыға келеді» деп мақтанады. Бізге де осындай сөзді ерекше сезіммен ауыз толтырып айтуға толықтай негіз бар, – деді №8 П.Д.Осипенко атындағы орта мектептің мұғалімі Ғабит Мәженов.
Расында, біз Тәуелсіз елдің төл перзентіміз. Ендігі мақсат – бейбітшілік пен татулықтың бағасына жетіп, оны сақтай білу. Келер ұрпаққа қасиетін ұғындырып, аманаттау. Себебі, тәуелсіздікті алу бар да, оны баянды ету де бар. Азаттықтың ақ таңын бейбіт күнде қарсы алғаннан асқан бақыт жоқ шығар сірә да. Сондықтан қолда барда алтынның қадірін білгеніміз абзал. Ендеше, кемелді келешекке бет түзеген ақ желкеніміз лайым өрге жүзе берсін.

Айбыны асқақ Рәміздер аллеясы
Бүгінде әуежайдан қалаға кіріп келе жатқан жолда Рәміздер аллеясы  бірден көзге түседі. Отанға, елге, жерге деген сүйіспеншілікті оятып, патриоттық рухты сездіретін бұл орын Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай бой көтерді. Бір айта кетерлігі, аталған орын қаланың кез келген бөлігінен анық көрініп тұруы ескерілді. Сондай-ақ, еліміздің аспан түстес көк туы желбіреп, алаңның ерекше болып,  биіктен көрінуіне баса назар аударылған.
Бүгінде Рәміздер аллеясы – әрбір қызылордалықтың жүрегіне жылылық сыйлайтын айтулы орын. Қалаға кіре берістегі 3 гектар аумақты алып жатқан құтты мекенде Елтаңба, Әнұран және 60 метрлік биіктікте көк байрағымыз айбынымызды асырып, мерейімізді өсіріп тұр. Ақмешіттің көркіне көрік қосып, Сырдың сәулетін одан сайын арттыра түскендей.
Жобаның жалпы құны – 325 млн. теңге. Онда мәрмәр тасымен әрленген паннода алтын түспен боялған Елтаңба мен Әнұран жазылған. Тәуелсіздік пен мемлекет символына айналған алаңның киелі шаһарда бой көтеруі – рухани жаңғыру бағытындағы оң қадамның  бірі. Жаңа нысанда көпшілік демалысы үшін бар жағдай қарастырылған. Мұнда тасқа жазылған әрбір қанатты сөз өскелең ұрпаққа үлгі боларлық. Қазіргі кезде маңызды мемлекеттік шаралар осында өтеді.
– Жылдан-жылға дамып келе жатқан қалада демалыс орындары көбейіп, аллеялар көркейе түсуде. Рәміздер алаңы – мәдениет пен тарихтың айнасы іспеттес. Ол халықтың ұлттық санасын оятуға, елдігіміздің баянын мазмұндауға арналды. Студент кезімде осы жерде ұйымдастырылған шараға бірнеше рет қатыстым. Сондай-ақ, мұнда түрлі байқау өткізіліп жүр. Бұл – жалындаған жастарға патриоттық тұрғыда тәрбие беретін бірден-бір таптырмайтын орын. Осындай рухани демалыс сыйлайтын әдемі  аллеялардың көбейгені бізді қуантады, – деді қала тұрғыны Нұрсұлтан Мырзағали.
Сыр өңірінде болашақ үшін тағылымы мол алаңның ашылуы жергілікті жұртшылыққа үлкен қуаныш сыйлады. Өйткені, әрбір перзент өзінің туған өлкесінің өсіп-өркендеуін қалайды, соған бір ауыздан атсалысады.
Ақмарал ОЛЖАБАЕВА
14 желтоқсан 2019 ж. 733 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 421 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам