Сәулеті сәнді сол жағалау
Сырдария атты ұлы өзеннің оң жағасында қанатын кеңге жайған Қызылорда енді сол жағалау бойынша дамуда. Қайта жаңғырып, көптеп салынған көпқабатты үйлер көздің жауын алады.
Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өңірге келген бір сапарында «Сыр – Алаштың анасы» деп аймақтағы тың бастамалар, іргелі істер мен жүйелі жұмыстарға оң баға берген еді. Сыр бойы жұртшылығының қажыр-қайраты мен ерен еңбегі, ел экономикасын дамытуға қосқан үлесі Елбасы тарапынан осылайша қолдау тапты. Мақсаты айқындалып, міндеттер межеленді. Ел мен Елбасы болып егіз өрілетін егемендік шежіресінде Сыр өңіріне қатысты ерекше қамқорлығы көрініс береді.
Бүгінде дария жағасынан қаланың жаңа бөлігі бой көтеріп келеді. Мұндағы тұрғын үйлер де, зәулім ғимараттар да, әртүрлі нысандар да бәрі-бәрі жаңаша. Бұл керемет көрініске қарап тұрып, ерекше сезімге бөленетініміз анық. Кезінде қазақ зиялылары қоныс тепкен киелі орда осылайша замана заңымен үндесіп, көркіне көрік қосып келеді. Жақсылардың басын қосқан, ырыс пен дәулет қонған, сәулеті жарасқан қасиетті мекенге айналуда. Бүгінде қаланың даму жоспарына сәйкес, осы мақсатқа арнайы 1532 гектар аумаққа барлық талаптарға сай заманауи үлгідегі шаһардың жаңа аумағын тұрғызу жобасы қолға алынды. Маңызды жобаның алғашқы қадамы басталды.
Бүгінде дария арқылы қаланың қос жағалауын жалғастырған жаңа көпір ел игілігіне айналды. Ұзындығы – 387 метр, ені 22,4 метрді құрайтын нысан құрылысы біткен соң ұлы дарияның сол жақ бөлігін игеру басталды. Онда қаланың жаңа әкімшілік орталығын қалыптастыру қарастырылған. Жаңа қалада 3 млн. шаршы метрді құрайтын тұрғын үй кешені орналасады. Бұл 2025 жылға дейін 50 мыңнан астам адамды баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жоба аясында 16 мектеп, 12 балабақша және 4 денсаулық сақтау мекемесі, 15 мың жанкүйерге арналған стадион және тағы басқа нысандардың құрылыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Айта кетейік, мұнда 5, 9 және 12 қабатты құрайтын тұрғын үй кешендері бой көтереді. Қала архитектураның шығыстық мәнерінде дамитын болады.
Аталмыш аумақ 15 ауданнан тұрады. Атап айтқанда, онда тұрғындарға арналған 11 аудан, 1 индустриалдық аймақ, 3 ірі парк пен жасыл желекті аймақ қарастырылып отыр. Жалпы, сол жағалауды кешенді игерудің алғашқы кезеңі 2017-2024 жылдар аралығына белгіленген. Десе де, бұл бағыттағы жұмыстар мерзімінен бұрын басталды.
Мұнан бөлек тағы бір балабақша, мектеп, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 500 келушіге арналған емхана құрылысын жүргізу де жоспарда бар. Оған қоса «Болашақ» университетінің студенттер қалашығы, онкологиялық орталық ел игілігіне беріледі.
Сондай-ақ, Алаштың анасы атанған Сыр елінің өткенінен сыр шертер, Қазақ Орталық Атқару комитеті мұражайының ғимараттары бой көтерді. Мұнда музеймен бірге Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыратын арнайы орталық өз қызметін бастады. Қазақ халқының өсіп-өркендеуіндегі арадағы бір ғасырлық уақыт осылайша бір-бірімен сабақтасып, рухани жалғасын таппақ.
Қазіргі күні онкологиялық орталықтың жоба-сметалық құжаттары әзірленуде. Сонымен қатар, «Тұрғын үй құрылысы комбинаты» өнімдерін пайдалана отырып салынатын, сол жағалаудағы 50 пәтерлік арендалық тұрғын үйлердің жоба-сметалық құжаттарын мемлекеттік сараптамасымен қоса әзірлеуге облыстық бюджеттен қомақты ақша бөлінді. Бұдан бөлек 60 пәтерлік 3 арендалық тұрғын үйдің құжаттарын мемлекеттік сараптамасымен қоса әзірлеуге қосымша тағы да қаржы қаралып отыр. Көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында қала орталығындағы жаңа көпірден бастап «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» автомобиль дәлізіне дейінгі аралықты жалғайтын 5 шақырымдық магистралдық көше, сонымен бірге ұзындығы 7,8 шақырым болатын Сырдария өзенінің бойынан жағалау құрылысы жүргізіледі.
Сол жағалаудан «Болашақ» университеті студенттер қалашығының іргесі қаланды. Айта кетсек, 10,8 гектар аумақты алатын қалашық ішінде 12 қабатты әкімшілік ғимарат, оқу корпусы, колледждер, студенттер сарайы, балабақша, дендросаябақ пен мегаорталық орналасатын болады.
Сыр өңірінің бас қаласы – Қызылорданың сол жағалауында заманауи жастар орталығы бой көтерді. Аға ұрпақтың ізгі ісі – жастарға жағдай жасау. Биылдың өзінде аймақта мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға 500 млн. теңгеден астам қаржы бөлінген.
Айта кетейік, аймақ басшысының тапсырмасымен ресурстық орталық тәулік бойы жұмыс істейді. Жастар орталығы ғимараты бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі негізінде «ҚазГермұнай» біріккен кәсіпорны» ЖШС демеушілік қолдауымен пайдалануға беріліп отыр. Жастар орталығында IT-park, антикафе, интернет, кітапхана, жаттығу залы қарастырылған. Бұл орындар келушілерге тәулік бойы қызмет көрсетеді.
Сол жағалау бөлігінде жаяу жүргіншілерге арналған бульварлар, субұрқақтар мен жасыл аймақтар, мейрамханалар желісін салу көзделіп отыр. Бір сөзбен айтқанда, мұндағы жаңа қала барлық озық талаптарға сай келеді. Келешекте сол жағалау толықтай игерілгенде жаңа мекенге 150 мың адамды қоныстандыру жоспарланған. Сонымен, бірегей жоба сәтімен жүзеге асқан кезде Сырдың бас қаласы жаңаша келбетке ие болады. Ал ең бастысы, қаланың аумағы кеңеюімен қатар, оның экономикалық дамуы да қарыштап алға басады.
Биболат СӘТЖАН.