«Асқақ елдің арманы биік» дейді тәуелсіздікпен құрдас Азамат Қабақов
Елімізде 1991 жылы 16 желтоқсан - тәуелсіздік күні болып жарияланған тұста Арал ауданы, Қамыстыбас ауылындағы Қабақовтар әулетінде шекесі торсықтай ұл бала дүниеге келді. Ғасырлар бойы халқымыз арман еткен азаттық таңы арайлап атқан тұста өмір есігін ашқан атұстарға ата-анасы Азамат есімін берді. Бүгінде Азамат облыс әкімдігіне қарасты өңірлік коммуникациялар қызметінде еңбек етеді. Әкесі Жанат Қабақов пен анасы Күлән Сердалиева ұлдарының тәуелсіздікпен құрдас екенін мақтан етеді.
– Атаулы күнде дүниеге келгенімді мақтан етемін. Сол күні мемлекетіміз тәуелсіздік алды. Қазақтың қалың тарихына үңілсең, талай рет тағдыры қыл ұшында тұрғанын байқайсың. Тағдырдың сын тезінен аман қалған халқымыз білектің күшімен, найзанын ұшымен ұшқан құстың қанаты, шапқан аттың тұяғы талатын салқар даланы бізге аманат етті. Ата-баба арманына біз жеттік. Ел тарихындағы елеулі күнде дүниеге келуім жүрегіме шуақ шашады. Тәуелсіздікпен түйедей құрдас болуымды маңдайға жазыпты. Тағдырдың сыйымен үшін үлкен жауапкершілік. Қазір әр қадамыма есеп беріп, әрбір ісіме жауапкершілікпен қараймын. Күш жігерімді Отанымды көркейтуге, гүлдендіруге жұмсаймын. Халқымның бақытты болуын қалаймын. Асқақ елдің арманы биік, адастырмайтыны кәміл. Қандай қызметте болса да, мінсіз қызмет етуге күш саламын. Мен Тәуелсіздікті осылай түсінемін, – деді Азамат.
Азамат мектеп бітіргеннен кейін Тараз мемлекеттік педагогикалық институтын тәмамдады. Ол биыл әке-шешесінің арманын орындап шаңырақ көтерді. Айжан есімді сүйген жарымен отау тікті. Жас отбасы бүгінде бақытты өмір сүруде.
Азамат қашанда өзінің елгезек мінезімен ерекшеленіп тұрады. Аға буынға інілік ізгі қасиетін көрсетіп, кішілерге қамқорлық танытып жүргенін жиі байқаймыз. Өзінің қызметінде әріптестерімен ой бөлісіп, жұмыстың жүйеленуіне көңіл бөледі.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің жұмысы әрдайым қарбалас. Билік пен қоғам арасындағы байланысты нығайту бағытында мамандар жедел, сапалы әрекет жасауға тырысады. Сол қат-қабат тірлікті үйлестіру жас та болса Азамат және оның әріптестеріне жүктелген.
Ұжым мүшелері өздерінің жастығына қарамастан сол үдеден шығуға күш-жігерін жұмсап келеді. Өңірлік коммуникация қызметінде түрлі сала басшылары және мамандарынан сұхбат алған журналистер сол деректерді айна-қатесіз оқырман қауымға жеткізуге асығып жатады. Бұл – Азамат секілді мамандардың жүйелі жұмысының жемісі.
– Еркін, тәуелсіз елде өмір сүру адамның алаңсыз, бақытты ғұмырының кепілі болмақ. Тәуелсіздік – қастерлі ұғым.Тәуелсіздіктің тұғырлы, берік болуы – елдегі әрбір адамға байланысты. Ата-бабаларымыз аңсаған азаттығымыздың бағасын білгеніміз абзал, – дейді Азамат ағынан жарылып.
Жарасхан ҚУАНЫШБАЙҰЛЫ