Егемендік – мәңгілік елдің мұраты
Ата-бабамыз азаттық таңын аңсады. аңсаған асыл арманына айналғаны шындық. Асыл арман ақиқатқа айналды. Қазақ даласында 27 жыл бұрын азаттық таңы арайланып атты. Тәуелсіз Қазақстан алтын тұғырына қонғалы да ширек ғасырдың жүзі ауды.
Осы жылдар ішінде әлем мойындаған қуатты да, өркениетті, зайырлы Мәңгілік елдің іргесі қаланды. Тәуелсіздік жылдарында игілікті істерге қол жеткіздік. Ұлттық теңгеміз өмірге жол тартты. Еліміздің көк байрағы көгілдір аспан астында асқақтай желбіреп, Қазақстан әнұраны өр дауыспен шырқалды. Қазақстан елтаңбасы күн астында жарқырай көрініп, егемен елге шуақты нұрын шашты. Егемендік жолында ел дамуы мен бірлігінің, азаматтар құқықтарының мүлтіксіз сақталуының кепілі болған Ата заңымыз жаңа сипатта қабылданып, ел тұрақтылығын қамтамасыз етті. Отанымыздың жүрегіне айналған Астана қаласы Сарыарқа төсіндегі салқар далада бой көтерді. Бұл – тәуелсіздіктің тартуы, азаттықтықтың асыл қазынасы.
Халқымыз бірлік пен тыныштықта өмір сүріп келеді. Тәуелсіздік кезеңінде жаңа мақсаттар жүзеге асты. Онда ұлт жоспары жасалып, жаңа армандарға жол ашылды. Осындай ұтымды да, ұтырлы істердің нәтижесінде экономикалық табыстар мен халықтың әл-ауқатын көтеретін үдерісті жобалар өмірімізге енді. Толағай табыстарға қол жетті. Әлемдегі жаһандық қиындықтарға қарамастан ел жағдайын жақсарту мақсатында игілікті істер халық көзайымына айналды. Осылай болашағы бекем, келешегі кемел, біртұтас іргелі мемлекет құрдық.
Бүгінде аса дамыған отыз елдің қатарына енуге оң қадам жасалып келеді. Жаңаша жаңғыртулар жасалды. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандартына сәйкес елді дамытуға лайықты жағдайлар қалыптасты. Осындай серпінді істердің нәтижесінде халқымыз қазір жаңаша ойлауды, армандауды, соны көзқараста еңбек етуді үйренді. Ынтымағы мен бірлігі ұйысқан еліміз өрлеу мен өркендеудің даңғыл жолына түсті. Халықтың сенімді, серпінді өмір сүруіне лайықты жағдай жасалды. Бұның барлығы азаттықтың, егемендіктің, тәуелсіздіктің, дербес елдіктің жемісі.
Тәуелсіздік – еліміздің басты мерекесі. Жаңа бағыт, жаңа мақсат, жаңа мұрат алдымызда тұр. Көшбасшының сындарлы саясатының арқасында тәуелсіздік кезеңінде небір қиындықтарды артқа тастады. Бүгінде Қазақстан адамзат баласы қызыға қарайтын тамаша табыстарға қол жеткізді.
Елбасының сара жолында толағай табыстарға қол создық. Бүгінде Қазақ елінің болмысы биік. Бізді әлем таниды. Ал дербестігіміз көсегемізді көгертті, босағамызды берік етті. Осының арқасында елімізде тыныштық пен тұрақтылық қалыптасып, түрлі этностар мен конфессиялар арасында түсініктік пен келісім берік орын алды.
Дүние дүрбелеңге тұнып, алаңдатып тұрған шақта Қазақстан достық пен бірліктің мызғымас мекеніне айналды. Бірлік пен ынтымақты сақтау – кез келген халықтың, елдің қолынан келе бермейтін күрмеуі қиын іс. Бұның бәрі тәуелсіздіктің қадірін, қасиетін, киесін ұғына білген елімізді мекен етіп отырған халқымыздың ұлылығы.
Тәуелсіздік биікте желбірете отырып, ел басқару, мемлекет басқару үшін де білімді, білікті, алды-артын болжай білетін ерекше қасиет қажет. Кез келген саясаткермен тіл табыса алатын, тығырықтан шығуға жол табатын, стратег адам әрбір мемлекетті зор жетістікке, үлкен табыстарға жетелейді. Осының бәрі Елбасының бойынан табылды.
Ұлт тарихын тереңнен тарқатып, Ұлы даланың тұп-тамырынан бастау алатындығын елдің зердесіне тоқи білген. Елбасымыздың даралық пен даналығы әрбірімізге өнеге. «Елім деген ер ғана, ел тізгінін қолға алар» деген даналық сөздің астарында үлкен мән бар. Осындай жетістіктерге жетуде небір қиындықтан елді аман-есен алып шыққан Елбасының еңбегі ерен. Бүгінде тәуелсіздік туы астында біріге отырып, іргелі елдермен иық теңестірдік. Қазақ елімен басқалар санасатын күйге жеттік. Әлем мойындаған қуатты елге айналдық. Тәуелсіздігіміз мәңгі тұғырлы болғай!
Кенжалы ЕРІМБЕТОВ