Қармақшыда мал басы өсті
Биыл Қармақшы ауданында жалпы көлемі 12 млрд 437 млн теңген ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілді. Жергілікті тұрғындардың басым бөлігі егін және мал шаруашылығымен айналысады. Оны асылдандыру, көбейту бағытында нәтижелі жұмыстар аз емес. Сондықтан ауданда ауыл шаруашылығын дамыту жолға қойылған. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аудан әкімі Мұса Қалдарбеков атқарылған игі істерді саралады.
Мәселен, биыл егін шаруашылығын мемлекеттік қолдау бағытында 625,7 млн теңге субсидия берілген. Барлығы 23 690 гектар алқап егістікке арналып, оның 14633 гектарын күріш дақылы құрады.
Мал басын көбейту, асылдандыру жұмыстары мемлекеттік бағдарламалар негізінде жүзеге асырылып отыр. Шаруа қожалықтары «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша несие алған. Соның нәтижесінде төрт түліктің өсімі артты. Жыл соңындағы көрсеткіш бойынша ет, сүт, жұмыртқа өнімін өндіру арта түсті. Аграрлық саланың қарқын алуына мемлекеттік субсидияның да едәуір оң әсері бар. Бұл ретте биыл 19,2 млн теңге қаржы бөлінген.
Аудандағы қызу тірліктің бір көзі – кәсіпкерлік саласы. Бүгінде онда 2 мыңнан астам кәсіпкерлік нысан жұмыс істейді. Олар «Еңбек», «Бизнестің жол картасы», «Қарапайым заттар экономикасы» және «Микробизнес-Қызылорда» өңірлік бағдарламасы бойынша көптеген қолдауға ие болды. Бүгінде сол арқылы 200-ден аса жобаға қаржы тартылды. Тұрғындардың бұл салаға бетбұрыс жасауы халықтың әл-ауқатыны жақсаруына, жұмыссыздықтың азаюына сеп болған.
Қармақшылықтар үшін биыл толайым тарту аз болған жоқ. Соның бірі ретінде көп пәтерлі тұрғын үйлердің берілуін айтуға болады. Ендігі аудан жұртшылығын табиғи отынмен қамтамасыз ету жайы қарастырылуда. Осы жылы бұл шараға республика және облыс бюджетінен 753 млн теңге қаржы бөлінген. Қазіргі таңда аудан орталығы Жосалы кентіне газ кіргізу жұмыстары басталған. Бұдан өзге ондағы жол жөндеу, әлеуметтік нысандардың құрылыс жұмыстарына да басымдық берілген.
Алдағы уақытта Қармақшы ауданында әлеуметтік және экономикалық маңызы жоғары 2 жобаны жүзеге асыру көзделуде. Атап айтқанда, Жосалы кентін газдандыруды және электр желісінің қосалқы қондырғысын қайта жаңғыртуды толық аяқтап, ел игілігіне беру жоспарланып отыр.
Айдана СЕЙІЛ