Шаттыққа толы шаңырақ
Әу бастан халқымыз отбасы ұғымын құндылыққа балаған. Ел арасында «қарашаңырақ» аталатын әдемі сөз бар. Әулеттің түп-тамыры тараған алтын ұяны осылай атайды. Оны ата-ананың мейірімі мен махаббаты шуақ шашқан мекен санауға толық негіз бар. Сондықтан оған үлкеннің де, кішінің де бүйрегі бұрып тұрады. Қазыналы қарты, бірлігі бекем балалары, татулығы жарасқан абысын-ажыны бар үй қашанда бағалы. Мұндай берекелі өмір ауаны қазақ отбасыларына тән. Ұрпағымен мың жасаған қазыналы қариясы бар шаңырақта сол әулеттен өрбіген ұл-қыздары жиі бас қосады.
Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, өркен жайған осындай әулет ретінде Тасбөгет кентіндегі Ізтаевтар отбасын айтуға әбден болады. Қазақылықтың қаймағын бұзбай, ата-баба дәстүрін берік ұстап отырған әулеттің қазынасы Тасболат ата марқұм Исагүл әжей екеуі 9 баланы өсіріп, бүгінде солардың қызығын көріп отыр. Заманның небір қиындығын көрсе де, олар ұрпағы үшін еш нәрсеге мойыған жоқ.
Бүгінде Тасболат атадан тараған тоғыз перзент өз алдына шаңырақ көтерген. Алды немере сүйіп, ата-әже атанып үлгерді. Ерлі-зайыптылар тұңғышын салтқа сай үлкендердің бауырына басқан. Қазір ол Алматы қаласының тұрғыны, жұбайы екеуі бір әулет боларлық ұл-қыз өсіріп отыр. Ал, Тасболат қарияның қалған балалары осында тұрақтаған.
– Өсіріп, жетілдірген ұл-қызыңның қызығын, өсіп-өнгенін көру – әке-шеше үшін үлкен бақыт. Перзентің қанша есейсе де ата-анасына бала боп қала береді. Марқұм жұбайым екеуміз әрбір мерекеде үйге қайсысы келер екен деп күтіп отыратынбыз. Олардың сәлем беріп келгенінің өзі бір қуаныш қой. Осылардың жақсылығына куә болып, ақ батамызды беріп, сыйластығын сезініп жүргеніме шүкір деймін. Қашанда ұрпағымның тілеуін тілеп отырамын, – дейді әулеттің бәйтерегі Тасболат ата.
Қарашаңырақ қашанда құтты, берекелі болады емес пе? Бар ағайын сонда жиналатын үрдіс бұл әулеттің де дәстүріне айналған. Кез-келген қуаныш, той-томалақ осы үлкен шаңырақта басталады. Мереке күндері барлығы бас қосып, арқа-жарқа күй кешеді. Алда – жаңа жыл мерекесі. Бұл күні әулетте әдеттегідей барлығы түгел жиылып, ақ дастархан басында ізгі тілектер айтылады.
– Мен осы әулетке 1988 жылы келін боп түстім. Ол кезде қайнағамыз отбасымен Алматыда тұратын. Қайныларым әлібасын құрай қойған жоқ болатын. Бәріміз бірге тұрғасын мереке, жиынның қарашаңырақта атап өтілуі қалыпты көрінетін. Кейін еншімізді алдық. Содан бері 30 жылдай уақыт зырғып өтіпті. Ал, қалыптасқан үрдіс әлі күнге дейін үзілген емес. Бүгінде өзіміз де немерелі болдық. Алайда, отбасылық дәстүрге сай барлық мерекені міндетті түрде үлкен үйге келіп тойлаймыз. Ақ жүрек тілегімізді айтамыз, – дейді әулеттің екінші келіні Ұлболсын.
Ауызбірлік, татулық мызғымаған жерде ырыс, берекенің қатар жүреді. «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» деп бекер айтылмаған. Өнегелі отбасының іргесі өзара сыйластық пен ынтымақ болған жерде берік болмақ. Бұл – Ізтаевтар әулетінің басты қағидасы.
– Анамыз үнемі «отбасының ұйытқысы – әйел, ол жүрген жерде береке жүруі керек» деп айтып отыратын. Барлық келінінің тату болғанын құп көретін. «Әрқашан өкпе, ренішке жол бермеңдер» дейтін. Осы шаңырақтың табалдырығын аттап, келіндік міндетті қолға алғаныма да 10 жылдан асты. Осы уақыт ішінде кез келген қуаныш шаңырағымыздан тыс өтпепті. Мысалы, Наурыз мерекесінде ағайын-туыс түгел дерлік үйге келеді. Ұлттық асымыз әзірленіп, келгендер наурыз көжеден дәм татады. Сол сияқты, жаңа жыл мейрамын да барлық бауырлар осында қарсы аламыз. Одан әрі туған-туыстардың үйіне барып, мерекелік лебізімізді білдіреміз, – деді қарашаңырақтағы келін Гүлшат.
Әр ата-ананың тәрбие берудегі өзіндік ерекшелігі бар. Сол арқылы отбасы құндылығы қалыптасады. Ағайынның татулығы көп жағдайда әйел адамына байланысты. «Келіні татудың керегесі алтын» демекші ұл-қызы тату-тәтті күн кешіп, сыйластықтан ажырамаған бүтін бір әулеттің ұстанымы да осы болса керек.
Бүгінде жаңа жылды қарсы алуға қызу дайындық басталған. Мерекелік дастарқанға әзірлік жүріп жатыр. Ал, кеш жыл мен жылдың тоғысатын тұсында шаңырақ шаттыққа толып, отбасылық үрдіс көрініс табады
А.ӘЛІМ