Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ЕЛБАСЫ ЖӘНЕ ЕГЕМЕНДІК

ЕЛБАСЫ ЖӘНЕ ЕГЕМЕНДІК

 Ұзына бойы тарихымызда небір қиямет-қиындықтарды басымыздан кешкен, сан рет қирап, сан рет бой түзеген, «тарихтың тағдырлы көші» дейтін ұзақ жолда салтанатты да өмір сүрген, хандары алтын тақта да отырған, алтын сарайларда да тұрған, іргелес елдермен бейбіт өмір сүре де білген елміз.
Тауқыметті соншама көп кешкен, тағдыры аянышты, езіліп-жаншылған, жабығып жапа шеккен, тарығып зарыққан халық жер бетінде екеу болса, соның біреуі – қазақ.
Ресейге бодан болған үш ғасырда тарихымыз, ар-ожданымыз табанға тапталды. Кеңпейіл, аңқау қазақтың мал-жаны тәркіленіп, ашаршылыққа ұшырады. Өзгенің тарихын өзімізге теліп оқытты. Хандарымыз бен билеріміз, бектеріміз бен батырларымыз – әжуаға, келекеге, тарихымыз – саясаттың құралына, Алаш арыстары өз халқының жауына айналды. Сана, дәстүр күйреді. Халық жадынан айырылды. Ұлт ретінде жер бетінен жойылып кете жаздадық.
Ел ылаң, дүние топалаң болған, жылқы ысқырса – желдікі, айдаса жаудікі болып тұрған, қазақтың аузынан қақпақ, басынан тоқпақ кетпеген, қылыш – қынабынан, қанжар қынынан суырылған, найза белдеуден шешілген, бес қаруын асынған, ат үстінде күн көрген, аптада белін шешпеген, пыран киіп, пырақ мінген заман еді ол.
Даламызды да, өзімізді де көрмеген батыстың ғалымдары қазақты жер бетіндегі жабайы көшпелілердің қатарына қосты. Олар өркениеттің Шығыстан басталғандығын, Еуропа қалың ұйқыда жатқанда бұл өңірде салтанатты өмір салты болғандығын біле тұра мойындағылары келмеді. Өркениеттің тұтас бір дәуірін жасаған ата-тегіміз – ғұндарды да, оның көсемі Еділ (Аттила) патшаны да, көк Тәңірі мен қара жердің ортасын түгел билеген, дүниенің төрт бұрышын аузына қаратқан Қағанат қаһармандарын да жабайыға санады. Түрк өркениетін ауыздарына да алғысы келмеді.
Зығырданыңды қайнататын, пұшайман қылып сергелдеңге салатын, досың түгілі жауыңа да тілемейтін осындай қорлықты, сұмдықты басымыздан кешкен, тарихқа есесі кеткен елміз.
Осының бәрі есіңе түскенде, тоз-тоз болып, бытырап, жер бетінен жойылып кетпей, Ұлы Даланың тұтастығын да сақтап, бұл заманға қалай жеткенбіз деп қайран боласың. Қалай айтқанда да, тарыққанда – жол, қамыққанда ақыл тапқан, елдіктің туын жықпаған, қалың елінің көшін бас-таған Елтұтқалар қай заманда да қазақта аз болған жоқ: Мөде, Бумын, Естеми, Елтерістей қағандар, Керей, Жәнібек, Қасым, Есім, Тәуке, Абылайдай хандар, Тоныкөк, Қорқыт, Асанқайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Үмбетей, Ақтанберді, Бұқардай абыз жыраулар, Майқы, Төле, Қазыбек, Әйтекедей кемеңгер билер, Еділ, Күлтегін, Алпамыс, Қобыланды, Едіге, Қарасай, Қабанбай, Бөгенбай, Бердіқожа, Наурызбайдай даңқты батырлар елді¬гімізді де, кеңдігімізді де сақтап қалған асылдар еді.
Әсіресе қазақты ұлт қып ұйыстырып, ел қылып қалыптастырған Абылай хан мен Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің жөні бөлек. Бұлар – басына бақ қонып, Қыдыр дарыған, көсілгенде – көсем, шешілгенде – шешен, қалың елдің қайғысын жұтып, қамын жеген, қара қылды қақ жарған, жұртына тірек, пана болған, ақылы дария кен болған, қараға да, ханға да тең болған, еліне сөзі ем болған, жұртына сөзі жөн болған, әділдігімен елді аузына қаратқан дала данышпандары еді, қазақ халқының төрт кемеңгері, елдігіміздің төрт құбыласы – төрт тіреуі, билік пен шешендіктің жығылмайтын төрт туы еді.
Бүгінде іргелі ел болып отырғанымыз да әуелі сол әруақтардың арқасы.
Сол заманда Абылай, Төле, Қазыбек, Әйтекедей даналардың болғаны – қазақтың бағы еді, көз жасын құдайдың көргені, тілеуін бергені еді, дегенінің болғаны, көңі¬лінің толғаны еді, басына бақтың қонғаны еді.
Не керек, қазақ оны да бағалай алмады. Бақ бағалағанның басын¬да ғана тұратынын білмеді. Білгісі де келмеді. Бірін бірі тыңдай бер¬мей¬тін, бірінің сөзін бірі ұққысы келе бермейтін, өздерін шетінен да¬нышпан санайтын қазақ одан да сабақ алған жоқ. Төрт данадан кейін қазақ ырың-жырың; басынан бағы, астынан тағы ұшқан, дау-дамайы қозған, дәурені озған аса бір ауыр кезеңді кешті.
Кеңес империясы тұсында та¬ри¬хымыз саясатқа айналды, өз арыстарын өз халқына жау қыл¬ды. Бірін біріне айдап салды. Ел ішінде өштестік, алауыздық, жік¬шілдік өрттей қаулады. Жұрт кімнің дос, кімнің қас екенін біле алмай сергелдеңге түсіп, дал болды. Ел іргесі сөгілді. Елге тұтқа бол¬ған¬дарын итжеккенге айдатты. Сөй¬тіп, өз жақсысын өзі қорлады. Аң¬қау қазақ мұның да артының не¬ге апарып соғатынын аңғармады.
Кеңестік Социалистік Рес¬пуб¬ликалар Одағы дейтұғын елде «Қазақпын» деп те, «Менің ана тілім – қазақ тілі» деп те айта алмадық, айтқызбады. Тіл де, дін де, тарих та, мәдениет те, салт-дәстүр де, әдет-ғұрып та, ата жолы да – бәрі де күйреді, мансұқ болды. Елдің еңсесі түсті. Қатыгездік, самарқаулық, жалқаулық, немқұрайдылық, жағымпаздық, екіжүзділік етек алды. Көбі өтірік күлді, жалған сөйледі. Қазақтың ақылы мен санасын түгел абақтыға жапты. Қайсы бірі туған жер, өскен елді тастап кетуге мәжбүр болды. Қазақ халқының көсемдері мен игі жақсылары осылай әділетсіздіктің, қатыгездіктің құрбаны болды.
«Дәуір алмасып жатқанда өмір сүрме», дейді екен қытайлар. Бүгінгі ұрпақтың өмірі дәуір мен дәуір, ғасыр мен ғасыр алмасып, заман өзгеріп жатқан тұсқа тура келді. Біз осы күнге арып-ашып, жадап-жүдеп, шаршап-шалдығып, талықсып, сеңдей соғылысып, тентек қойдай теңселіп, ақылымыздан, жадымыздан, санамыздан айырыла жаздап жеттік. Шырғалаң, азапты жолдардан өттік, азаттық жолға әрең жеттік.
Құдайға шүкір, Алла көз жасымызды көрді, тілегімізді берді, басымыздан бақ тайған, қан жылаған зар заманымыз артта қалып, жаңа дәуірдің, жаңа заманның есігін аштық.
Иә, тағдыр, заман солай болды. Егемендікке кемеңгер үш би де, ұлы Абылай хан да, басын бәйгеге тіккен баһадүрлер де жете алмады. Біз жеттік. Сөйтіп көз алдымызда жер де, ел де, адам да, қоғам да, заман да демде өзгерді. Ел есін жиды, етегін жапты, еңсесін көтерді. Егемен Қазақстан мемлекеті көш түзеді. Ұлы көшті Н.Ә. Назарбаев бастады.
Н.Назарбаев ел тізгінін қолына алмағайып, аумалы-төкпелі, қиын кезеңде алды. Ел бірлігін егемендігіміздің туы етіп көтерді. Тарихтың да, тағдырдың да сынынан абыроймен өтіп, халқын да қыл көпірден, жанып тұрған өрттен аман алып шықты.
Н.Назарбаев – түп атасынан, арғы тегінен батырлық, шешендік үзілмеген тектілердің ұрпағы. Бабасы – еңсегей бойлы Есімханның туын ұстаған қолбасшы Қарасай батыр, атасы – Назарбай би. Әкесі Әбіш пен анасы Әлжан Сұлтанын әулиеге түнеп жүріп Құдайдан тілеп алған.
Болашақ Президентті мен алғаш 1957 жылы көрген едім. Қаскелеңдегі Абай атындағы қазақ орта мектебінде педпрактикадан өткенімде Нұрсұлтан оныншы кластың оқушысы еді. Жүзі жайнап, екі көзі оттай жанып, жарқ-жұрқ етіп, ай маңдайы жарқырап, бәйге атындай тыпыршып отыратын. Сол кездің өзінде-ақ есімі елдің аузында болатын, жастардың көшін бастап жүретін.
Бесіктегі баланың бек боларын кім біледі,
Қарындағы баланың хан боларын кім біледі, – дегендей, ол кезде Нұрсұлтанның Президент боларын кім болжады дейсіз. Бірақ жалындап тұрған жігіттің түбі жарып шығатынын жұрт сезетін еді.
Елдің тілегімен, халқының қол¬дауымен Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылдың бірінші желтоқсанында Қазақстан Республикасының Тұң¬ғыш Президенті болып сайланды. Мемлекет орнату, оны баянды ету қиынның қиыны еді. Осы жауапкершілікті қалың елдің ішінен суырылып шығып, мойнына алды, өз тағдырын елінің тағдырымен жалғады, сөйтіп халқының үзілген үмітін жалғады, шырағын жақты.
Егемендік алған жылдары даурығысып қалпағымызды ас¬пан¬ға лақтырып қуаныстық. Қуанған да, қорыққан да бір дегендей, есі шық¬қан ел не істерін білмей шеруге де шықты. Шеруге не үшін шық¬қандарын білген де жоқ.
Мен тәуелсіздіктің алдында, егемендіктің алғашқы жылдарында, аласапыран ызы-қиқы кезеңде, Н.Назарбаевтың ел үшін түн ұйқысын төрт бөлген мазасыз күндерінің, ұйқысыз түндерінің куәсі болған, жан тебіренісін де, күйзелісін де көрген, жанында болған, қолғабыс тигізген кісінің бірімін.
Елбасы үнемі халқына сеніп, халқына арқа сүйеп келеді. Пре¬зи¬д¬ентті қолтығынан демеген де, демейтін де, қолдаған да, қолдайтын да – туған халқы.
Елбасы саясатының алтын арқауы, басты өзегі – ел бірлігі, елдің ынтымағы.
Мемлекет орнату үшін бізге ең алдымен ынтымақ, бірлік, елдің тыныштығы керек еді. Ырың-жы¬рыңға жол бермеу керек еді. Осы жол¬дан Елбасы ешқашан тайған емес.
Одақ тарағаннан кейін бұрынғы одақтас республикалардың бәрі де дағдарысқа ұшырады. Қалыптасқан колхоз-совхоздар ыдырады, зауыт-фабрикалар күйреді, балабақшалар, мектептер, мәдениет ошақтары талан-таражға түсті, экономика құлдырады, ел күйзеліп, жұртты үрей биледі. Ауыл әбіржіп, жұрт қал¬жырап, зиялылар жаутаңдап, жас¬тар сандалып қалды, маскүнемдік, нашақорлық, жезөкшелік, өзге де індет етек алды.
Неше түрлі арандатушылар шық¬ты, жұртты әбіржітті, іріткі сал¬ды. Елдің есі шықты. Шерулер көбейді. Түрлі қозғалыстар пайда болды. Адамның ақылына сыймайтын митингілер қаптады. Небір «шешендер» шықты суырылып, небір «көсемдер» шықты көлбеңдеп. Неше түрлі газеттер шыға бастады. Қысқасы, жұрт бетімен кетті. Солардың көбі жаңа ғана тәй-тәй басып, қаз-қаз тұрып, тілерсегі дірілдеп, құлағы қалқайып келе жатқан тәуелсіздікке демеу болудың орнына бөгеу болды, кесірін тиг-ізді. Көбінің аузынан ақ ит кіріп, көк ит шықты. Елді бүлікке де шақырды. Елбасын балағаттап та жатты. Сөйтіп жүріп «Демократия қай¬да?!», деп айқай салды. Осылай елдің де, ердің де тағдыры сынға түсті.
Жұрт еркімен жүрді, еркімен сөйледі, дегенін істеді. Бірақ демократия аузына келгенді оттау, ойына келгенді істеу емес екендігін, демократия дегеніміз интеллектуалды ақылдың билігі екендігін бәрі бірдей түсіне бермеді, түсінгілері де келмеді. Елбасы осының бәріне шыдады.
Жаңа қоғам, жаңа заман, жаңа адам келді. Ой-сана, тұрмыс-тіршілік өзгерді. Тарих, әдет-ғұрып, дәстүр қайта жаңғырды. Ел жаңарды, жер түледі. Мемлекеттілігіміз бекіді, баянды ішкі, сыртқы саясат орнықты. Назарбаев таққа мінген күннен бастап Қазақ атқа мінді.
Елордалы, Ақордалы, Елбасылы ел болдық. Осының бәрі де ынтымақ пен бірліктің арқасы еді. Елбасы үнемі елім деп еміреніп, не көрсе де елімен бірге көріп, бірге жасасып келеді.
Аумалы-төкпелі заманда біра¬зымыз Елбасының жанынан табылдық. Біздің басымызды жаңа мемлекет орнату идеясы біріктірді. Есі шыққан елге демеу болып, тізе қосып, жан аямай ұлтқа қызмет жасадық. Мұнымыздың уақыт үшін де, ұлт үшін де пайдасы аз болған жоқ. Ахуалдың орнығуына, жас мемлекеттің іргесінің берік қалануына шама-шарқымызша осылай үлес қостық.
Мемлекет орнату, оны қалыптастыру, баянды ету, әлемге таныту дейтін күрделі процеске қатысуды Алла кез келген кісінің пешенесіне жаза бермейді. Мен сол тұста бес жыл бойы мемлекетіміздің руханият саласын – идеологиясын басқардым. Халық, мемлекет алдындағы ауыр да жауапты міндетті абыроймен атқардым деп ойлаймын.
1991 жылдың 1 желтоқсанында Тұңғыш Президент сайлауын өткіздік. Сайлаудың штабын басқару да, Президенттің инаугурациясын – таққа отыру рәсімін өткізу де маған жүктелді. Мұны да абыроймен өткіздік. Оны қазақ халқы да, тарих та ұмытпайды деп ойлаймын.
2004 жылы Ақорданың ашылу салтанатында да қалың елді құттықтап, Елбасына бата беру – менің еншіме тиген еді. Әбіш Кекілбаев, Ақселеу Сейдімбек үшеуіміз барып, халықтың атынан батаны мен берген едім. Мұны да тарих ұмытпайды деп сенемін.
«Сүйер ұлың болса, сен сүй» деп Абай айтқандай, Нұрсұлтан Назарбаев қолпаштауға да, қолдауға да, қошеметтеуге де тұратын, қалай мақтауға да сыятын кісі, ортасынан ойы озған, қатарынан қалпы озған азамат.
Президент Назарбаев – халқын сан мың жылдар іздеген мұратына жеткізген, мемлекеттігімізді орнатып, оны дамытып, әлемге танытқан аса дарынды тұлға.
Нұрсұлтан Назарбаев – халқының бар қадір-қасиетін бойына жиған: тілін, тарихын, мәдениетін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін жетік білетін, ұлтын жан-тәнімен сүйетін, халқының үмітін, сенімін ақтап келе жатқан қалың елдің мұңдасы, тағдырласы, елінің есіктегі басын төрге шығарған, әлемге кеңінен танылған, іргелі елдердің басшыларымен сөйлескенде сөзі асатын, егескенде еңсесін басатын, елдескенде мейірін шашатын аузы уәлі, сөзі дуалы саясаткер.
Нұрсұлтан Назарбаев – жұртты сендіре де, иландыра да алатын, өз елім менің – өзегім дейтін қайраткер, адамзат тарихын терең білетін, замана ағымын жіті ойлайтын, әлемнің озық тәжірибесін ұтымды пайдаланып, ата-бабадан қалған асыл өнегемен әдемі ұштастырып келе жатқан стратег, тәуелсіздік заманының бірнеше ұрпағын өсіріп келе жатқан тәлімгер, туған халқының Бәйтерегі, Көсемі, Кемеңгері.
Көк түрктің кіндігінен жаралғандардың ішінен бүгінде озып туға¬ны да – біздің Нұрсұлтан Назарбаев.
Біз ықылым замандардан бері Ұлы Дала төсінде сан қилы тағ¬дырды басынан кешкен, осы күнді армандаған ел едік. Сақ Ата дәуі¬рінде де, Қағанат, Хандық заманында да, әз Жәнібектің, ер Абылайдың тұсында да еш ұрпақ мұншалықты бақытты, мұншалықты дәулетті көрген жоқ. Арғы-бергі заманда Ұлы Далада Назарбаевтай мемлекет орнатқан, жер жүзіне даңқы асқан тұлға туған жоқ.
Бүгінде әлем санасатын елге айналдық. Осының бәріне куә болып отырған, осындай елде өмір сүріп жатқан бәріміз де бақыттымыз.
Бір кезде жығылған Орданы қайта тігу, құлаған туды қайта тіктеу, елдің елінің ғана, ердің ерінің ғана қолынан келетін іс еді. Шүкір, бүгінде ынтымағы жарасқан, егеменді еліміз бар, құлан жортса тұяғы тозатын, қыран ұшса қанаты талатын ұлан-байтақ жеріміз бар, Абылайдың да аманатын орындаған еріміз бар. Елдің аты – Қазақстан, ердің аты – Нұрсұлтан. Қазақстан, Астана, Назарбаев бүгінде бір-бірінен бөлінбейтін тұтас ұғымға айналды.
Елбасының ендігі арманы – Ұлы Далада Мәңгілік Ел орнату.
Ұлы Далада Мәңгілік Ел орнату идеясы бүгін ғана туа қалған жоқ, ықылым замандардан бері, ел орнап, билік пайда болғалы бері жалғасын үзбей келе жатқан арман, күллі адамзаттың асыл арманы. Адам баласы өмір бойы жұмақ жерді, жұмақ елді, бақытты, еркіндікті іздеумен, аңсаумен келеді. Ол – арман, татулығы жарасқан, береке-бірліктің елін орнатудың, Мәңгі Ел орнатудың идеясы. Назарбаев бұл идеяны халқының байырғыдан бері жалғасып келе жатқан байтақ тарихынан алып отыр. Ол – қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман, Түрік дүниетанымындағы Өтүкен, халқымыз армандаған Жиделі Байсын, Асанқайғы желмаяға мініп шарқ ұрып іздеген Жерұйық, бақытты өмір, баянды тіршіліктің мекені. Қытайлар өзін Аспанасты еліміз дейді, Жапондар өздерін Күншығыс еліміз дейді, біз – Ұлы Даланың Мәңгі Еліміз.
Арғы-бергі тарихта елім мәңгі болмасын деген бірде-бір мемлекет жоқ. Бәрі де соны армандаған. Бірақ жете алмаған. Бізге бүгінде елді адастырмайтын компас керек болып отыр, елдің ілгергі үміті керек болып отыр, арманға жетелейтін жарқын идея, күшті мемлекеттік идеология керек болып отыр. Бұл идеяны Н.Назарбаев елінің тәуелсіздігін қорғау үшін, егеменді Қазақстанды дамыту үшін, мыңдаған жылдар бойы бабалар қалыптастырған даналықты да, шешендікті де, көсемдікті де қайта жаңғырту үшін ұсынып отыр, бабалар жеткізе алмаған арманға елін жеткізсем деп ұсынып отыр.
Осындай Ұлы идеяны жүзеге асыру үшін алдымен ел ішінің тыныштығы, халықтың ынтымақ-бірлігі керек. Мұның бәрін жүзеге асыру, тәуелсіз қазақ елін көзінің қарашығындай сақтау, ең озық елдердің қатарына қосу – бәріміздің де абыройлы міндетіміз.
Бізді сырттан келіп ешкім жарылқамайды, Жарылқаса Қазақты Қазақ ғана жарылқайды. Біз енді тәуелсіздігімізді сақтап қалу үшін, баянды ету үшін өмір сүруіміз керек. Ел қамы, халық тағдырына қатысты істерде пейішке де, тозаққа да бірге кіруге тиіспіз. Ұлы Дала алдындағы жауапкершілік бізді бүгін осыған шақырып отыр. Тарихқа есесі кеткен халқымыздың тағдыры бізден осыны қажет етіп отыр.
Опық жесек, қорлық көрсек аңқаулығымыздан, ақкөңілділігімізден, сенгіштігімізден, алауыздығымыздан, жікшілдігімізден көрген елміз.
Бізге бүгін бәрінен де керегі – бабалар өсиет етіп кеткен ынтымақ пен бірлік.
Ынтымақ алдымен қазаққа керек. Біз ендігі жерде тоқсан тарау, қырық жілікке бөлінбей, тұтас ұлт болып ұйыса түсуіміз керек. Қазақ үш жүзге бөлінбейді, Үш жүзден құралады деп өмір сүруіміз керек. Бізге осы жарасады, қазақтың көсегесін осы көгертеді. Бізді Мәңгі Елге осы апарады. Басқа жол жоқ.
Биыл тәуелсіздігімізге 26 жыл болады. Келесі жылы Астана 20 жасқа толады. Біз күні кеше ғана өңіміз түгілі түсімізге де кірмеген ғажайып қаланың төрінде отырмыз. Қиял-ғажайып ертегілері жете алмаған шындықты бастан кешіріп отырмыз.
Астана бүгінде құлашын көкке сермеп, қанатын кең жайып, кешегі сақтар мен ғұндардың, байырғы түріктердің қарашаңырағы Дешті Қыпшақты, байтақ қазақ жерін күн өтіп, күн асқан сайын, ай өтіп, ай асқан сайын, жыл өтіп, жыл асқан сайын нұрландырып, туған еліміздің асқақ келбетіне, айбарына, егемендігіміздің символына айналды.
Тұңғыш Президент күні, Тәуелсіздік мейрамы, Астананың 20 жылдығы құтты болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.
Даламыз мыңғырған малды болсын,
Жылқымыз жалды болсын,
Жастарымыз қатарының алды болсын!
Кигендерің – сәнді,
Жегендерің – дәмді,
Жүріс-тұрыстарың – мәнді,
Елдігіміз Мәңгі болсын!
Тірегіміз де,
Тілегіміз де,
Жүрегіміз де бір болсын!

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ.

«Егемен Қазақстан» газеті.
29 қараша 2017 жыл.
30 қараша 2017 ж. 1 284 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 421 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам