Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады

Магнит адам

    Бала күнімізде қызық көріп магнитке шегені немесе темір-терсекті жабыстырып таң-тамаша болатынбыз. Ал адамның бойында ондай қасиет болатынын бертін келе білдік. Бірақ, оны сиқырлы құбылысқа теңеп сенер- сенбесімді білмейміз. Бәлки көзбайлау немесе гипноз болар деген ойға түсетініміз рас. Бірақ, жуырда ол күдігімді сейілтетін бір оқиғаға куә болдым. Жолым түсіп, қаланың КБИ шағын ауданында тұратын жиенімнің үйіне бардым. Оның фотоальбомын ақтарып отырып, денесіне қалың шыныны, тағы бір суретінде ауыр темір-терсекті жабыстырған жігітті көріп, өз көзіме өзім сенбей «Мынау сендердің көршілерің Нартай емес пе?» деп таңырқай қарадым. Несібесін кәсіпкерлікпен тауып, асығы алшысынан түсіп жүрген азамат жайлы білетініміз аз екен. Бірақ есімін Нартай ақындай өнерлі болсын деп ырымдап қойған жігіт атағы айтыс өнерімен шартарапқа танылған Махамбетқали Тұрсановтың төл перзенті екен. Ең қызығы, оның бойында темірді бағындырған буырқанған бұла күш барынан да бейхабар екенмін.
Қияқ мұртты орташа бойлы жігіт ағасы алдымнан күлімсіреп шықты. Көз алдымда кеудесіне балға, балта, ауыр шыныларды жабыстырып қасқайып тұрғанда ертегідегі тау көтерген Толағай елестеді. Елгезек, адаммен тез тіл табыса кететін жарқын қасиеті бар екен. Бұл ашық әңгіме тарқатуға жол ашты.
–Алты алашқа атағы жайылған қыпшақтың шашты руының Бошай әулетінен боламыз. Биікбай деген атамыз 16 жасында жауға шапқан. Ел аузында қалған аңызда батырдың атын біреу ұрлап әкеткен. Ашуға булыққан өжет мінезді өр бабамыз ұрының соңына түседі. Ат суытып алайын деп жатып, көзі ілініп кетеді. Түсінде бір ақсақал аян береді,-дейді әңгіме басында Нартай.
Оқиға барысы одан әрі төмендегіше өрбиді. Түсінде аян берген ақсақал "Балам алдыңда екіге жарылған тарамдалған жол жатады. Соның оң жағына қарай жүр. Көзіңе бір қоржын түседі, соны іліп ала кет"дейді. Айтылған аян расталып, алдында жатқан қоржынды қанжығасына байлап, әлгі ұрыны ұстап елге келеді. Құпия қоржынды ашса, ішінен киізге оралған кітап бар екен. Оны ұстағаннан ешбір сауаты жоқ батырдың талант көзі ашылып, кітапты судыратып оқи бастайды. Өз отауынан шықпастан 6 күн бойы тапжылмай кітапты құмарлана оқиды. Сосын бойындағы қандай өзгерістің пайда болғанын білу үшін ілімді деген көріпкелдер мен молдаларды отауға шақыртады. Сонда ілімді азаматтардың бірі: «Айналайын, балам, саған егесіз қалған шайырдың аруағы қонған екен. Енді сен тек жауға шапқан батыр ғана емес, арқалы да, адуынды ақын боласың. Жеті атаңда көмейіне жыр ұя салған дүлдүл ақын, немесе аузы дуалы, сөзі уәлі қасиетті кісі болады»,-деген екен. Сол аңыз ақиқатқа айналған деседі. Себебі, Биікбай батырдың перзенті Нұрымбеттен Байнаш пен Тұрсан тарайды. Киелі батырдың немересі –Байнаш дүлдүл ақын болған. Кейіпкеріміздің айтуынша, ол атақты Кенен Әзірбаевпен айтысқан. Ал, Тұрсанның ұлы Махамбетқалиға ақындық дарыған. Ағамыз кезінде айтыс өнерінде өз қолтаңбасын қалдырды. Манап секілді белгілі айтыскерлермен қатар жүрді. Ал ақынның ұлы Нартай Тұрсановқа бабаларының ауызы дуалы қасиеті дарыған деседі.
Айналамызда біз білмейтін құпиялар көп. Тосыннан ұшырасқан ерекше қабілетті жандарды кезіктіргенде пенде болған соң көз жұмып, қасынан өте шықпайтынымыз тағы бар. Адамдарға ем жүргізіп жүрген шипагердің денсаулығында ешқандай кінарат жоқ па екен деп алаңдағанымыз да ақиқат. Емеурінімізді сауалды қоймай жатып білген кейіпкеріміз өзінің денсаулығын әрдайым бақылауда ұстайтынын, дәрігерлер оның иммунитетінің мықты екенін, қан қысымында ауытқу жоқтығын айтқан. «Магнит адам» деген айрықша теңеуге ие болған жігіт ағасына тек темір емес, шыны, ағаш бұйымдар да жабысады екен. Ерекше қасиетті бойына тұмарлаған жігіттің ауызы дуалы болумен қатар, төрелі сөздің мәйегін тамызатын арқасы мен сал-серілігі де бар секілді көрінді маған.
Гауһар Қожахметова

08 қаңтар 2020 ж. 793 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 438 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам