КҮЙЕУ БАЛАҒА ТӨСТІ НЕ ҮШІН ТАРТАДЫ?
Қызға құда түсіп (бүгінде сырға салу деп те атап жүрміз) немесе алыстан қызы төркіндеп келіп жатқанда да күйеу балаға арнап төс тартып жатамыз. Қанша құрметтеп, әспеттеп жатса да, күйеу баланың сол төсті тазалап мүжіп жатқанын өз басым көрмеппін. Шынында да, күйеу балаға төсті не үшін тартады? Оның мәні мен мағынасы қандай? Сіз білесіз бе?
Біз қонағы асықпаса ет асатын, қона жатса қой соятын халықтың ұрпағымыз ғой. Келген мейманымызға шама-шарқымызға қарай сый-құрмет көрсетуге тырысамыз. Әлбетте, сол сыйлы қонақтардың қатарына күйеу бала да бар. «Пайғамбар да күйеу баласын сыйлаған» деп жататыны сондықтан болар. Әр шаңырақта күйеу балаға арнап төс сақтайды. Қысқасы, санамызға сіңіп қалған әдет болған соң ба, әйтеуір «төс – күйеу баланікі» екенін жақсы білеміз. Бірақ оны не үшін күйеу балаға береді? Табақ тарту әдебіндегі көп жілікті білсем де, дәл осы күйеу баланың сыбағасына қатысты онша мәлімет білмейді екенмін. Көкейімдегі сауалды жасқа да, жасамысқа да қойып көрдім. Ешкім мардымды жауап бере алған жоқ. Сосын үйге, әкеме хабарластым. Жасы жетпістен асса да, қолынан кітабын тастамайтын қарияның сұрағыма еш кідірмей жауап бергенде «қарты бар үйдің – қазынасы бар» деп сүйсіндім. Әкемнің айтуынша, төс тартудың мағынасы – күйеу балаға төс екі қабырғалы елді төспен біріктіргендей сіңімді болсын дегенді білдіретін көрінеді. Одан бөлек, күйеу бала төс секілді майлы болсын, туған-туысына жайлы болсын дегеннен туған ой екен.