Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Жақыпбек ауылында жаңалық көп

Жақыпбек ауылында жаңалық көп

     Қаламен қойнаулас Ақсуат ауылдық округі Ж.Маханбетов ауылы уақыт талабына бейімделген. Елді мекендердің арасында қай саладан болмасын үлгі бола білген ақсуаттықтардың тыныс-тіршілігін жазу үшін ауылға бардық. Редакциядан бір топ болып барғандағы мақсатымыз үлгілі ауылдың жайын кеңінен жазу. Тілшілер елмен етене пікірлесіп, ауылдың әрбір қалтарысын көзбен көріп, бағамдап қайтты. Ауылға бірге барған әріптестер, ауыл қақпасына кіргеннен жан-жаққа тарасты. Бірі ауылдың келбетін, бірі ауылдың ақсақалының үйіне, енді бірі көпбалалы отбасына, енді бірі кәсіпкерліктің жай-күйін көруге асықты. Ауылды аралау таңертеңнен басталып, түс ауа қақпа алдында бас қосқан әріптестер бұл ауылда атап айтар жетістіктер аз емес екенін айтып тауыса алмады. Ақсуатты аралаған тілшілердің жазбасын оқырманмен бөліскенді жөн көрдік.




Миллиондар қалай келді?
  Шыны керек, өзгелер ақсуаттықтарға қызыға қарайды. Бұған себеп те жоқ емес. Біз де қызықтық. Себебі, соңғы кездері елді мекендерге арналған қандай байқау болсын, алдына жан салмай озық шыққан Ақсуат ауылының бұл құпиясын кім-кім де білгісі келеді. Атап айталық, 2018 жылы облыс әкімінің бастамасымен «Үлгілі ауыл» байқауы өтті. Оған облыс бойынша 264 елді мекен қатысып, нәтижесінде байқаудың 10 млн қаржысын Ақсуат ауылдық округі жеңіп алды. Әрине, қомақты қаржысы бар байқауда жеңімпаз атану оңай емес. Бір сөзбен айтқанда, ауыл барлық жағынан үлгі болуға тиіс. Бұл үшін арнайы құрылған комиссия барлық ауылды  аралап шыққан. Ауылдың саяси ахуалы, көркейту жайы, тазалығы, салық түсімі бәрі-бәрі комиссия назарынан тыс қалған жоқ. Нәтижесінде байқаудың 10 млн қаржысы ақсуаттықтар қанжығасына байланды.
Ауылдың өзгелерден аты озған тұсы бұл ғана емес. 2019 жылдың қорытындысымен Қызылорда қаласы әкімі «Өркенді ауыл» номинациясын Ақсуат ауылдық округінің әкімі М.Ақмырзаевқа тапсырды. Бұл марапат та жайдан-жай берілген жоқ. Қалаға қарасты ауылдар ішінен бес жұлдызды статуэтканы иеленудің де өз талабы бар. Мұнда да ауылдың әлеуметтік жағдайы, көркейту жұмысы, саяси ахуалы, салық түсімі, кәсіпкерліктің дамуы секілді ауылдың ахуалын көтеру үшін атқарылуы тиіс жұмыстар ескерілген. Мұнан бөлек, кәсіпкерлікке қолдау жасаған белсенді әкім деген номинациялар да ауыл  әкімінің жұмысын байқатады.
Әкім белсенді, ауылдың тұрғындары да белсенді. 2018 жылы облыс әкімінің қолдауымен кәсіпкерлерге арналған 1 млн қайтарымсыз қаржыны алған да Ақсуат ауылдық округінің азаматы. Бүгінде кәсіпкер сүт өнімдерін өңдеу цехын жүргізуді қолға алған.
Ақсуаттықтар үшін тышқан жылы да табысты болғалы тұр. Президент Жолдауында атап айтылған «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша биылғы жарты млн-ға жуық қаржы республикалық бюджеттен осы ауылға бағытталыпты. Бұл қаржыға ауылдың мектебі және 16 көше жөндеуден өтпек. Бір сөзбен айтқанда  бұл қаржы ауылдың түйінді мәселесін шешуге ықпал етпек. Бұл да ауыл әкімінің іскерлігін білдірсе керек.

28 жылдан кейін...
    Ақсуаттықтарды қуанышқа бөлеген жаңалық аз емес. Ауылдың кішкентайлары енді жаңа балабақшаға барады. 28 жыл бойы есігін қара құлып күзеткен 120 орындық балабақша құшағын айқара ашты.  Облыс қазынасынан қаржы бөлініп, қайта жаңғырған ғимарат бүлдіршіндерді тәрбиелеуге әзір. Бұл да ауылдағы елең еткізер жаңалықтың бірі.

«Ашық әкімдік» халық пен билікті жақындатты
Халықпен етене жақын болу мақсатында «Ашық әкімдік» жобасын ең алғаш болып жүзеге асырған Қызылорда қаласы екені белгілі. Қазір қаладағы құзырлы мекемелердің қай-қайсысына барсаңыз, қос қабат есікті кабинет жоқ. Барлығы да мөлдір қабырға. Есік қақпай-ақ, кабинет ішін анық көресіз. Қабылдауында адам болса, ол көз алдыңызда. Қабақ шытпай күте аласыз. «Ашық әкімдік» жобасы ауылдарға да жетті. Айтпақшы, бұл жобаны да алғаш болып іліп әкеткен Ақсуат ауылдық округі. Елді мекендердің арасында қалың қабырғаны жұқа әйнекке алмастырған алғашқы ауыл әкімі.

Үлкен тұрып кіші сөйлемейтін ауыл
    Үлкенді сыйлайтын, дуалы ауыз ақсақалын тыңдайтын дәстүр бұл ауылда бұзылмаған. Ауылдың қандай да бір мәселесін қай кезде де ортаға жастар шығып айғайлап айтқан емес. Бәрі де елдің қабырғалы азаматтарына иек артады. Аға буын да жауапкершілік жүгін бір сәт естен шығарған емес. Ауылдағы кез келген мәселесіне уәж айта алатын ақсақалдар бар бұл ауылда.

Әкіммен әңгіме
Ауылға арнайылап келген соң ауыл әкімімен бір-екі ауыз тілдескенді жөн көрдік.
    – Әрдайым жеңімпаз болудың құпиясын айтыңызшы?
– Елдің ауызбіршілігінің арқасы. Тату елде береке болады. Бұл ауылда үлкен тұрғанда кіші сөйлемейді. Талай басқосуларда үлкеннің алдына шығып сөз сөйлеген кішіні, дауыс көтерген қыз-келіншекті көрмедім. Елдің қандай да мәселесін ақсақалдар айтады.
– 10 млн-ды қайда жұмсадыңыз?
– Байқау талабы бойынша бұл қаржы ауылды көркейту-көгалдандыру жұмысына бағытталған. Кәсіпкерлердің көмегімен ауылда орталық алаң салынған болатын.  Орталық ,алаңды кеңейту, қоршау жұмыстары жүргізілді. Субұрқақ орнаттық.
– Ауылда салық түсімінің артуы тұрмыстың жақсарғанын байқатады десек, артық болмас?
– Аймағымызда үш жылды «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы» деп жариялануы кәсіпкерлікті қолдауға үлкен септігін тигізді. Кәсіп ашамын деген ынталы азаматтарға барынша қолдау жасадық. Нәтижесінде жылына 50-ден аса жеке кәсіпкерлік нысан ашылды. Олар ең төмен процентпен несие алып, кәсібін бастап кетті. Кәсіпкерлік дамыған ауылда салық түсімі де артатыны белгілі. Мына сандарға қараңыз: 2017 жылы салық түсімі 6 млн болса, қазір 13-15 млн-ға дейін салық түсуде.
– Ауыл әкімінің арманы қандай?
Туған жерімде еңбек еткен тұста халықтың ризашылығын алсам деймін.

Үлкеннің сөзі – уәжәп
    Қазақтың «Ауылында ақсақалың бар ма?» деген сөзінің астарынан үлкеннің сөзі уәжәп дегенді ұға түсеміз. Біз осы тағылымды алға тартып, ауылдың абыз ақсақалы Қадыр қарияның қарашаңырағына түстік. Ақылы ағып тұрған дария кісінің тарихқа терең бойлайтын шежіреші екенін бұрыннан білетінмін. Сол таным бізді етене әңгімеге жетеледі.
  Рас, ұстаз – киелі ұғым. Оны әлемдегі әрбір адам жете ұғынып келеді. Өйткені, ұстаздан дәріс алмаған адам қазір жер бетінде кемде кем болар. Бұл мамандық содан да киелі. «Ұрпақты ұстаз тәрбиелейді» деп қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлы айтып кеткендей, арамызда ұрпақ тәрбиелеп, оларға оң бағыт-бағдар беріп, өмірден өз орнын табуына дәнекер болып, ұстаздық жолдың шыңына жетіп, бейнетін ғана емес, зейнетін де көрген ұстаздарымыз аз емес. Солардың бірі – бүгінгі кейіпкер, зейнеткер, өз бақытын ұстаздықтан тапқан жан Қадыр Әмзеев.
  Ол Ақсуат ауылдық округінің байырғы тұрғыны. Ауылдың құрылуынан бастап, еңбекпен еңсе көтерген ерекшелігін жақсы білетін тірі тарих. Кеңестік кезең, совхоздар дәуірі, бәрі-бәрі өзі етене араласқан шақтар, уақыт өлшеміндегі жетістіктер белесі еді.
Алыстан алты жасар бала келсе алпыстағы ата сәлем бередінің көрінісі келді, Қадыр аға жақсы көңіл күймен бізді қарсы алды.
  – Бұл ауылдың бір ерекшелігі бар. Мысалы «Шекеге шақыру» дәстүрі қалыптасқан. Оған аузы дуалы ақсақалдар, бас көтерер азаматтар шақырылады. Мұның мәнісі – ауылдың әлеуметтік экономикалық дамуын өрістету болып табылады. Ортақ шешімді ауыл әкіміне ұсыныс етіп қоямыз. Сол бойынша бүгінге дейін қаншама өзекті мәселе шешімін тапты. Бұл жерде жастардың үлкенге деген құрметі, аға буынның айтарын тыңдауы қалыптасқан қағидаға айналды, – дейді Қадыр қария.
  Бүгінде ауылдағы ағайынның әл-ауқаты артып, шағын елді мекендер жандана түсуде. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықтың нәтижесінде құтты қоныстың тынысы кеңейіп, жан-жақты жаңаруға жол ашылды. Ел игілігіне айналған бағдарламалар аясында шағын кәсіпкерлік те қолға алынды. Ауыз су мәселесі, көшені жарықтандыру  оң шешімін тапты. Бұл ауыл 2014 жылы тазалығы жағынан «Үлгілі елді мекен» атағына ие болды. Бұл атақ ауыл халқы елеулі де үлкен қуаныш болды. Осындай жақсы жаңалықтың әсерінен «Ауылым» әнін жаздым.
Кезінде кішкентай ауыл еді. Бір ғана бастауыш мектеп болды. Қиын кезеңді бастан өткердік. Соғыс, таршылық заманды көз көрді. Кейде киетін киім болмай сабаққа бара алмайтынбыз. Анамның қалай еңбек еткені әлі көз алдымда. Үйге де, жұмысқа да үлгеріп жүретін. Соның өзі – тарих. Қазір уақыт өте келе ауыл кеңейіп, халқы көбейіп, бетке ұстар мекенге айналды, – дейді қария.
Ия, кешегі күн мен бүгінгі болмысты салыстыруға келмейді. Жер мен көктей. Қаланың қолтығында тұрып, ауылдың көпшілігі қаламен біте қайнасты. Бірі қызметкер, бірі студент, бірі оқушы. Тіпті базар-ошар, сауда-саттық та дами түсті. Әрбір үйде бір-бір көліктен бар. Зәулім үйлер салынып, кәсіпкерлік нысан өсті. Бір кездері қоғамдық көлікке зар болып, зыр қағатын едік. Қазір үстін-үстін қатынап, халықтың жағдайы адам сенбестей өзгерді. Наурыз ауданы қосылды. Біз кеңейдік. Мұндай болады деп ойладық па, сәті келсе барлық мәселе оңай шешіледі екен. Шүкіршілік. Бүгінгі ұрпақ бақытты. Енді олар қиыншылық көрмесін!
Бұл Қадыр қарияның ойы. Ол көзін ұзаққа қадап, терең тыныстап барып, осылай ойын өрбітеді. Өте салмақты, зиялы адам. Сөзінің салмағы ауыр. Бәлкім, ұстаздық еңбегінің, үлкендік жолының сарқыты ма, әйтеуір қазыналы қарияның қанатты сөздері мені желпінтіп тастады.
  Расында, Қадыр Әмзеев ақсақал орны биік, мерейі үстем кісі. Жасы 84-ке келсе де әлі тың, сөзі әлді. Бүгінде 5 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірген қария немере мен шөберенің ақылманы. Адам ұрпағымен мың жасайды десе, біз ақсақалдың несібесі мол екенін ескердік.

Бақыт балалы үйге қонады

  Иә, көпбалалы отбасы береке мен бірліктің үйлескен жері. Алайда қазіргі таңда ондай отбасын көрсек таңдай қағып, таңқалатынымыз тағы бар. Десекте, біз барған Ақсуат ауылдық округінде көпбалалы отбасылар көбейіп келеді. Бұған ауылдың әлеуметтік жағдайының жақсаруы мен мемлекеттің көмегі оң әсер етіп отыр.
Тоғыз мыңға жуық адам тұратын Ақсуатта жергілікті жұрт өзін-өзі қамтып, берекелі тірлік кешіп жатқанының куәсі болдық. Ауылдық округтің әрбір екінші үйінде көпбалалы ана тұрады. Бабадан балаға, анадан қызға жалғасқан жарасымды өнеге қазіргі уақытта да тоқтамаған. Үзілмеген үрдістің үлгісін бүгінде 68 алтын, 61 күміс алқалы ана жалғап келеді. Алтаудан асырып, жетеуге жеткізе перзент  сүйген бүтін бір ауыл демографияға қарқынды динамика қосқан.
 Ұлы көшті жалғайтын, ұрпағын ұлттың келешегі деп ұғынатындар байлық жинап емес, бала санымен жарысады. Себебі, бақыт балалы үйге қонатыны әу баста дәлденген. Сыңғырлаған сәбидің үлгісі әрбір шаңырақтың берекесін кіргізіп тұрады. Сонымен біз, бірлігі бекем, тірлігі тату тұрып жатқан Қалмановтар әулетіне ат басын бұрдық. Бейсенбай аға мен Айман апа дүниеге тоғыз перзент әкеліп тәрбиелеп отыр. Алтынқұрсақты ана әр баланың өз несібесі болатынын айтады.
 – Алла тағала бергеннен кейін, оларды жетілдіруге өзі көмектеседі. Үнемі көбейіңдер деп үлкен кісілер айтып отыратын. Тоғыз баласы бар дегенді естігеннің өзі бізге үлкен мақтаныш. «Шүкіршілік» ете білсек, бәрі жақсы болады деп ойлаймын. Бүгінде көпбалалы аналарға мемлекет тарапынан үлкен қолдау жасалып жатыр. Жылдың басы да жағымды жаңалықпен басталды. Әр баланың өз несібесі бар. Сол үшін де 1-2 баламен шектелмеген жөн. «Бала несібесін ала туады» деген сөз қазақта бекерге айтылмаған, – дейді ол.
Ұл-қызымен көрікті, ажарлы отбасының шаңырағы қашанда базарлы.  Тұңғыш қыздары жақында тұрмыс құрып, құдандалы болған. Осылайша, алғашқы тойдың да қызығын көруді бұйыртыпты. Ата-ана ретінде олар ұл-қыздарына тәлімді тәрбие бергені анық көрініп тұр. Әр кез балалардың оқу үлгеріміне зер салып, тәртібін қадағалауды ұмытпайды. Соның нәтижесінде екінші қызы Дана Алматы қаласындағы мемлекеттің қыздар педогогика университетінде грант негізінде оқуға түскен. Одан кейінгі ұлдары Бекарыс М.Мәметова атындағы педогогикалық колледждің студенті. Төрт баласы ауылдағы орта мектепте білім алады. Олардың сабаққа үлгерімі жақсы. Әр түрлі үйірмелерге қатысып, белсенділіктерімен көзге түсіп жүр. Бұл да ата-ананың зор еңбегінің нәтижесі.
Отағасы Бейсенбай тұрақты жұмыс жасап, күнкөрісті тауып отыр. Айман апада бала күтуші болып еңбек етеді. Осы уақытқа дейін атаулы әлеуметтік көмектің көп пайдасын көрген олардың тұрмыс жағдайы жергілікті әкімдіктің жіті назарында. Мемлекеттің тиісті жеңілдіктері арқылы балаларды мектепке дайындауға, өзге де мұқтаждарына көп болып көмектеседі.
Бұл үйден шат-шадыман қуаныштың лебі сезіліп тұрды. Біз барғанда жеті перзенті үйінде екен. Үйге қонақ келгенде шуламай, ұйымдасып бір бөлмеде тыныш отыра қалғандары бауырмалдық қасиетті байқатты. Бейсенбай аға мен Айман апа балаларын маңдай термен еңбек етуге баулып келеді.
Тәрбиені тал бесіктен ұқтырып, ұлға – ұлықты, қызға – қылықты қасиетті қанықтырып, көрші-қолаңға үлгі көрсетіп жүр.


Ерінбегенге жұмыс бар
  Ерінбеген адамға еңбектің, кәсіп пен нәсіптің есігі айқара ашық. Мұны біз Ақсуат ауылдық округ тұрғындарының тынымсыз тірлігінен байқадық.
Солардың бірі – Заура Найзағараева «алма піс, аузыма түс» деп қол қусырып отырғанды ұнатпайды. Жастайынан еңбек етуге құштар болды. 2018  жылы жастарға берілген мүмкіндікті пайдаланып, «Жас проджект» жобасы бойынша 1 миллион теңге қайтарымсыз қаражатқа ие болды. Сол қаржыға шаштараз ашуға қажетті құрылғыларды сатып алған. Бұл істе жоғары жетістіктерге жететініне сенімді. Себебі, кәсіпті бастаған адам өзін әр қырынан таныта бастайды.
 – Мамандығым – мұғалім. Алайда өзіме ұнайтын іспен айналысқым келді. Осылайша, «Атамекен» кәсіпкерлік орталығы арқылы үш ай курстан өтіп, жобамды қорғадым. Қазіргі уақытта жеке ісім өз нәтижесін беріп отыр. Отағасы да қолдап, қол көмегін көрсетеді. Ауыл тұрғындары шаштаразға жиі бас сұғады. Кәсібім өрге басатынына толық сенімдімін, – дейді кәсіпкер Заура.
Ол бүгінде төрт баланы тәрбиелеп отыр. Жұмыссыз жүрген жандарға қолайлы жағдай жасап, бағыт-бағдар беріп отырған ауыл әкімдігіне риза.                                                                       
Шаш қысқартып, оны сәндеу де – үлкен өнер. Осы уақытқа дейін мектеп оқушыларынан бастап, ауыл тұрғындарының көбісі шаш қысқарту үшін қалаға баратын.  Сондықтан да шаштараз ашу керектігін ескеріп, дереу іске кіріскен Заура тұтынушы талғамынан шығып келеді.


505 мың теңге кәсіпке
Ақсуатта құс шаруашылығын дамыту да ерекше қолға алынған. Қазіргі таңда округ тұрғындары тауық жұмыртқасын жергілікті өндірушілерден сатып алады. Алдағы уақытта бұл табиғи өнімге сұраныс артады деп күтілуде.
Жастардың кәсібін ашып, ісін дөңгелетуге мемлекеттен берілген үлкен мүмкіндікті естіген Ғалия Жолдыбай үйінде босқа қарап жатқысы келмеді. Оның бастамасына үйдегі ата-енесі мен отағасы қолдау көрсеткен. Осылайша, жас кәсіпкер «Бастау-бизнес» жобасы арқылы арнайы оқып, қайтарымсыз берілетін 505 мың теңге  несиені жеңіп алды. Өзінің алғашқы кәсібін тауық асыраудан бастауды жөн көрген. Себебі, ауылдық округ тұрғындарын жергілікті өніммен қамтамасыз еткенді тәуір көрген. Өйткені, мұндай өнімге қашанда сұраныс жоғары болатыны анық. 
Біз Ғалияның үйіне барғанда әдеттегідей тауықтарына жем шашып жүр екен.
 –  Бүгінде 100 шақты тауықты асырап, күн сайын жұмыртқасын алып отырмын. Қазіргі уақытта қыс мезгілі болғандықтан оларға ерекше күтім қажет. Мысалы, тауықтарға ветеринарлық дәріханалардан дәрумен әкеліп береміз. Өйткені кез келген тіршілік иесі ерекше күтімді қажет етеді. Бұл тұрғыда маған отағасым көмектеседі, – дейді ол.
          Құс өсіріп отырған кәсіп иесі мұның қиын шаруа емес екенін айтады. Тек ынта керек. Қораны тазалап, уақытылы жемін беру қажет. Алдағы уақытта бұл жұмыстарды кеңінен қолға алып, кәсібін кеңейтуді жоспарлап отыр.
                                                           
Ауылдағы мейрамхана
   Бұл ауыл бір кездері аядай ауыл еді, бүгінде көлемі атшаптырым ауқымға жетті. Халық саны өсті, оның үстіне қалаға іргелес. Осы мүмкіндікке орай мейрамхана ашу тиімді екені белгілі. Кәсіпкер Бағдат Жалекеевпен округ тұрғындары мақтанады. Өз кәсібін жүргізіп қана қоймай, халыққа игілікті тірлікті қолға алған оның бұл ісі көпке үлгі. Себебі, өзге ауылдық округтерде әзірге тойхана ашылмаған.
«Наурыз» елді мекенінен «Ер-Али» мейрамханасын ел игілігіне берген кәсіпкер халықтың ықыласына бөленген. 40 және 70 адамдық кіші залдары бар мейрамхана 400 орынға арналған. Мұнда халықтың өз уақытын көңілді өткізу үшін барлық жағдай жасалған. Әсіресе, түрлі той, жақсылықтарын ауыл адамдары аса қымбатқа түспейтін қаражатқа енді осында өткізе алады. Туған топырақтан зәулiм ғимаратты мейрамхананы салу Бағдаттың көптен бері ойында жүрген екен.
  – Мен кәсiпкерлiкке ерте бастап бет бұрған жанмын. Еңбек еткен адамның несібесін Алла үстей түседi. Міне, кәсiбiмдi ұлғайту мақсатында аталған мейрамхананы аштым. Сөйтіп ең көрікті ғимаратты салуды жоспарладым. Көптеген ізденіс жасап, жаңа үлгідегі тойхананы ашуға бел байладым. Қазіргі таңда облыс орталығынан да меймандар келіп, таңданысын айтып, қуанышымен бөліседі. Осындай кезде жасаған кәсібім жұртқа ұнағанына іштей риза боламын. Сондай-ақ, ең бастысы, мейрамхана ісі алға басу үшін оның асханасы дұрыс болуы – аса маңызды. Сол үшін де мықты аспаздармен жұмыс жасаудамын. Алдағы уақытта да осы жайтқа көңіл бөліп, тұрғындар көңілінен шығуға тырысамын. Сондай-ақ, болашақта осы жерден ата-аналар балаларымен уақыт өткізетіндей тиімді орын ашқым келеді, – дейді бізбен әңгімесінде жас кәсіпкер.
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА,
Айтолқын АЙТЖАНОВА,
Жарасхан ӨТЕБАЛИЕВ.
Суретті түсірген: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

11 қаңтар 2020 ж. 1 928 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 440 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам