Толымды тірлік Талсуатта
Қала маңына іргелес орналасқан Талсуат ауылдық округінде толымды істер аз емес. Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысқан ауылдық округ әкімінің есепті жиында ауылда жыл бойы атқарылған жұмыс барысы сараланды.
Ауылдық округ әкімі Болатбек Нұрлыбаевтың баяндамасына сүйенсек, бүгінде мұнда 453 отбасы бар. Жалпы адамдар саны 2100-ден астам округте әлеуметтік-экономикалық көрініс беріп отыр.
Ауылдың өсіп-өркендеуіне мемлекеттік бағдарламалардың септігі мол. Мәселен, 2017-2021 жылдарға арналған «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржы ұйымы» арқылы құны 29,7 млн. теңге болатын 8 жоба несиелендірсе, «Ауылшаруашылық қаржылай қолдау қоры» АҚ ауылда құны 14 млн. теңге болатын 3 жоба қаржыландырылған.
Округте кіші кәсіпкерлікті дамытуда біршама тірліктер атқарылғаны байқалады. Мәселен, жеке кәсіпкер Әлия Керейбаева өз қаражаты есебінен құны 12 миллион теңге болатын монша және шаштараз салған. Бүгінде тұрғындар оның игілігін көруде. Сонымен қатар, Бекзат Кенжебеков есімді азамат аралас-сауда дүкенін ашып, ауылға сапалы қызмет ұсынуда. Яғни, туған жерінде кәсіп ашып, жұмыс жасауға азаматтар ынталы.
Жолдың жайын жүрген білер демекші, тұрғындар ауыл көшелерінің жөнделуіне орай мәселе қозғаған. Бүгінде ол ескеріліп, Сейхун және А.Құнанбаев көшелеріне жөндеу жүргізілген. Дегенмен, ауылға кірес беріс жолдың жағдайы мәз емес. Тұрғындар тарапынан «алдағы уақытта кіре беріс жолдарға күрделі жөндеу жүргізілсе» деген ұсыныс түсті.
Ана мен бала өлімі тіркелмеген
Талсуат ауылдық округі әкімінің мәліметіне сүйенсек, өткен жылы Талсуатта ана мен бала өлімі тіркелмеген. Бұл – үздік көрсеткіш саналады. 2018 жылы 56 сәби аман-есен дүниеге келіп, тұрғындардың санын көбейтуде.
Ауылдағы дәрігерлік амбулатория 2009 жылы жаңа заман талабына сай типтік жобада салынған. Онда Талсуат, Геолог, 11-бекет, 10-бекет елді мекендері және «Дружба», «Стройтель», «Ягодка» саяжайларының тұрғындары ем қабылдайды. Бүгінде дәрігерлік амбулаторияға тіркелген халық саны – 2057, оның ішінде 222 адам диспансерлік есепте тұр.
Ауылға сән берген жас мамандар
Бүгінгі таңда елімізде жастарға қолдау көрсетіліп, көптеген мүмкіндіктер қарастырылуда. Осы бағытты ұстанған Талсуат ауылдық округінде де жас мамандар жұмыс атқарып жүр. Олардың көбісі білім саласында. Оқуын бітіріп, ауылда еңбек етіп жатқандар саны жыл санап артып келеді. Сондай жанның бірі – №178 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ерлік Оспанов. – Бұрынғыдай отын жағып, күл шығару деген қазір жоқ, су да үйге кіріп тұр. Барлық жағдай жасалған.Тек жұмысыңды жасау керек. Оның үстіне Талсуат ауылы қаладан онша қашық емес. Қажет дегеннің барлығын облыс орталығынан алып келуге болады. Тек ауылға кірер жол түзелсе ауылымыздың қаладан еш айырмасы болмайды, – деді ол.
Ал, Арман Жексенбаевтың Талсуат ауылындағы мектепте дене шынықтыру сабағынан мұғалім болып орналасқанына бес айдан асқан. Қаладан қатынап жұмыс жасайтын ол болашақта осы ауылда қалуды алдына мақсат еткен. – Бұл ауылға келгеніме еш өкінбеймін. Өзімнің ұстаздық қабілетімді дамыта түстім. Дене шынықтыру пәнінен сабақ беремін. Оқушылардың спортқа деген ынтасы жақсы. Бос уақыттарында футбол, волейбол секілді ойындарды ойнағанды ұнатады. Ауыл азаматтары да еңбегіме оң баға беруде. Алдағы уақытта мемлекеттік бағдарлама бойынша үй алып, осы жерде тұрақтап қалсам деген ойым бар, – дейді Арман.
Ел алдында атқарылған іс-шаралар барысын таразылаған ауыл әкімі алдағы уақытта жүзеге асырылатын жоспарлармен бөлісті. Сондай-ақ, жиында есеп берген ауылдың учаскелік полиция инспекторы Азамат Қуанышбаев жыл көлемінде тұрғындардан 125 арыз-шағым түскенін жеткізді. Түскен шағымдар негізінде 25 қылмыс тіркеліп, оның ішінде 19-ы ашылған. Ал мал ұрлығы бойынша тиісті шаралар жүзеге асуда.
«Жұмысы жемістінің өмірі келісті» деген бекер айтылмаған. Талсуаттағы толымды тірліктерді байқаған біз тұрғындардың көңілдері күпті екенін түсінгендей болдық.
Айтолқын АЙТЖАНОВА.