АЖАРЫ АЙШЫҚТЫ АҚСУАТ

Аталмыш ауылдың іргесі 1928 жылы қаланған. 1993 жылдың ақпан айында халық депутаттары облыстық кеңесінің қаулысымен Сырдария ауданы Ақсуат ауылдық кеңесі болып аталды. Ал, бір жылдан соң елді мекенге Кеңес Одағының батыры Жақыпбек Маханбетовтің есімі берілді. 1997 жылы маусымында ауыл Қызылорда қаласына қарады.
Ауыл мерейтойына қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысты. Шаһар басшысы ауыл тұрғындарын мерекемен құттықтады. Сондай-ақ, мерекелік концертте ауылдың дамуына үлес қосқан сала мамандары, ардагерлер Қызылорда қаласының 200 жылдық төсбелгісімен марапатталды.

Айта кетейік, Ақсуат ауылдық округінде еселі еңбегімен, игілікті ісімен халықтың жадында сақталып қалған, аяулы есімдер аз емес. Солардың бірі –
Сыр елінің даңқты перзенті, көрнекті ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Ибрагим Исаев.
Мерейлі мерекеде Ибрагим Исаевтың атына көше атауы берілді. Көшенің ашылу салтанатына қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, ауыл халқын құттықтады.
– «Ауыл – қазақтың алтын бесігі» дейді. Биыл айбынды Астанамыздың 20 жылдығы, Сыр өңірінің бас шаһары – Қызылорданың 200 жылдығы жоғары деңгейде атап өтілді. Өңірдегі іргелі елді мекеннің бірі – Жақыпбек Маханбетов ауылының 90 жылдық мерекесін тойлаудамыз. Бүгінде бұл ауыл халқымыздың жайлы өміріне тірек бола алатын, түтіні түзу шығып, тұрмысы түзелген, бірлігі мен берекесі жарасқан мақтанып айтар елді мекенге айналуда. Ауыл қашанда дара таланттарды, өнердің биік шыңында бағындырған тұлғаларды, ел үшін қызмет етіп, маңдай терін төккен қайраткерлерді, ер жүрек батырларды түлеткен қасиетті мекен. Ауыл халқының осындай мақтанып айтар тұлғалардың бірі, елдің азаматына айналған көрнекті ақын Ибрагим Исаев. Ақын 1949 жылы осы ауылда дүниеге келді. Жастайынан зерек өскен азамат өз өмірін шығармашылық жолға арнады. Қазақтың жазушылар Одағында жауапты қызметте болды. Ол қандай қызметте жүрседе қолынан қалам түскен жоқ. Құрметті ауыл тұрғындары ақын ағамыздың атына берілген көше баршамызға құтты болсын, – деді қала әкімі.
Мерекелік шара соңы «Ауылым сұлу сырдың жағасында» атты мерекелік гала концертке ұласты.
Жарасхан ҚУАНЫШБАЙҰЛЫ.