Қызылөзек: Атқарылған істер ауқымы
Қызылөзек ауылының кіреберісі бірден көзге түседі. Ауасы таза, елдегілердің ақкөңіл пейілі де адамды өзіне бірден баурай түседі. Есеп беру басталмас бұрын, мал-жанның амандығын сұрасқан тұрғындар жүзінен байқағанымыз ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігіне ризалық кейіпте.
Ауыл бұрыннан мал өсірумен айналысқан. Ауылға қарасты Қаракөл ауылы қой шаруашылығына ерекше көңіл бөлгенін бәріміз жақсы білеміз. Осылайша, Сыр өңіріндегі алдыңғы қатардағы шаруашылықтың біріне айналды. Алайда кейін шаруашылық таратылып, ауыл өз ажарынан айырылып қалған еді.
Бүгінде қайта еңсе тіктеп, құтты қоныстың тамырына қайтадан қан жүгірді.
Бұл ауылдық округке Қараөзек, Айнакөл ауылдары мен Қараөзек бекеті қарайды. Осы аймақта қоныс тепкен 630 отбасындағы 3420 адамның бүгінгі тыныс-тіршілігінде кезіндегіден көш ілгерілеушілік бар. Қызылөзек тұрғындары негізінен ауыл шаруашылығымен айналысады. Ауыл тұрғындары жылма-жыл Жер-анадан несібе теріп келеді. Округтегі 34 шаруа қожалығының диқандары картоп, көкөніс, бақша дақылдарынан мол өнімге қол жеткізіп жүр.
Ауыл әкімі Сәкен Әбдіжаппардың айтуынша, ауыз су мен аяқ су мәселелері өз шешімін тапқан. Бұрын тұрғындарды автокөлік жолдары мәселесі қинайтын. Бұл салада да серпіліс байқалады. Мәселен, ауылдық округке кіре беріс 6 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстарына 116,4 млн. теңге қаржы қаралған. Оның 53,1 млн. теңгесіне 3 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қалған 3 шақырымы биыл жөнделеді деп жоспарланған.
Рас, ауылда әлі де порблемалар кездеседі. Ауылдық округ әкімі жасалған жұмыстардың жай-жапсарын баяндағанымен, бағаны беретін – халық. Сондықтан да Қызылөзек әкімінің өз қызметіне деген жауапкершілігі жөнінде тұрғындардан білгенді жөн көрдік.
– Ауылдың жағдайы жақсарды. Ауылдың кіре беріс жолы жаңартылды. Дегенмен, жергілікті тұрғындардың көкейінде жүрген мәселе бар. Ол – электр бағаналары мен сымдары жаңартылса деген ұсыныс. Электр желілерінің тозығы жетіп тұр. Оның орнатылғанына 50 жылдан астам уақыт өткен. Қатты жел, дауыл болса, жарық сөніп, тұрғындар әбігерге түседі. Электр сымдарын жаңарту мәселесіне назар аударылса деген ұсыныс бар, – деді Айнакөл ауылының әйелдер кеңесінің төрағасы Тұрсынкүл Ибраева.
Мәдениет үйінің ішінде кітапхана орналасқан екен. Кітапханаға кіріп жатқандардың қарасы қалың. Мен де ішіне бас сұғып, тұрғындардың кітап оқуға деген қызығушылықтарын байқадым.
– Ауыл тұрғындары бір сәт осында келіп кітап оқығанды жақсы көреді. Кітап қоры 13000 дана. Тұрақты 758 оқырман жиі бас сұғып, өзіне қажетті дүниелерді іздейді. Жастар әдеби кітаптарға үлкен сұраныс жасайды. Сонымен қатар, үйіне апарып беретін де қарт кісілер бар, – деді кітапханашы Мираш Досмырзаева.
Айтолқын АЙТЖАНОВА.