Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ЖАПЫРАҚ–ҒҰМЫР

ЖАПЫРАҚ–ҒҰМЫР

   Биыл күздің ызғары бұрынғыдан ерте түскендей. Қыркүйек есіктен енбей жатып, ауа-райы қырын тартты. Әлден-ақ бой қарықтырар салқын леп сезіледі.  Бұған дейінгі жаймашуақ күннің беті қайтып, алыстан бір ызғардың лебі еседі. Жан-жақ тұмшаланып, мамыражай мезгілдің дәурені өткен сыңайлы.     
      Ұзын көшенің жүргіншілер жолымен баяулатып жүріп келемін. Жаз бойы екі жағыңнан қаумалап тұратын құба талдың бұтақтары жалаңаштанып, қарияның салалы саусақтарындай сиреп қалыпты. Тас жолдың бетін жапқан сары ала жапырақтар да аяққа жаншылған сайын сыбдыр-сыбдыр ете түседі. Әбден қураған жапырақ кейде көбесінен сөгіліп, үгітіліп сала береді. Жер жүзін сап-сары алтын жапырақтар түгел көмкеріп, аяқ асты төсек болып жатқандай.                                 
   Табиғат заңдылығына мойынұсынып, жаздай жайқалған жапырақ-ғұмыр ағаш бұтағынан ажырап, әр секунд сайын сусып түсуде. Тіпті, кейде көз алдыңда бірнеше жапырақ қатар түскенде көңіл құрғыр құлазып сала береді. Сондай бір көңілсіз көріністен жан-дүниең жабырқай түседі. Осындай сәтте ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың     
         ...Сырғасынан айрылған ақ қайыңның,
         Басына бар ғаламның түсті мұңы.
         Сап-сары жапырақтар,
         Саудырап құлап жатыр атырапқа... деген өлең жолдары еріксіз ойға оралады.
         Ал, қала тазалығына үлес қосып жүрген жандар түскенді түскендей сыпырып әлек. Жаңа ғана мұнтаздай етіп жиналған асфальт беті көп уақыт өтпей-ақ алтын түстес көрпесін қайта жамылады. Қашан алғашқы қар қылаң беріп, аяз өз күшіне енгенше осылай болмақ.           Иә, сенбілік маусымының басталып кеткені қашан. Көше тазалықшылары мен қаланы қоқыстардан арылтуға ниет білдірген ерікті жастар, сала қызметкерлері әр сенбі сайын жиналып, таза қала үшін бірге атсалысып жүр. Бірі жинап, бірі сыпырып, енді бірі шөп жұлады. Үйілген қоқыстармен қатар, жапырақтарды да өртеп жатыр. Қағаз секілді қабажақтай болғанымен, оның демде жанып кетуі қиындау екен. Қою түтін шығарып, бықсып барып жоқ болды. Оны көшедегі зейнет жасындағы үлкен ақсақал да байқап қалса керек, оларға аяңдай басып, жанына барды. Жасы біразды еңсерсе де, тың екені көрініп-ақ тұр. Оқыған-тоқыған, көпті көрген жан екенін сырт кейіпі де бірден аңғартып тұрғандай.                                             
     – Бірер күннің өзінде ағаштан түскен жапырақты бұрқырата сыпырып, өртеп жатқандарды бірнеше рет байқадым. Айтпасыма болмады. Мұның дұрыс емес екенін айтқанымда ешқайсысы құлақ аспады. Жапырақ жаққан жақсы емес, – деді ол жәй ғана салмақты үнмен.                                           
  Қолында сыпырғышы бар жастардың ішіндегі елгезектеу біреуі: "Неге болмайды, ата? Біз шынымен ол жайында білмейді екенбіз" деді ақталғандай кейіппен.                                                                                                                
  – Қаланың ауасы онсыз да тарылып бара жатыр. Қазір жасыл-желек атаулының қысқа дайындалып, жапырағынан ажырап жатқан шағы. Оның үстіне күндіз-түні ерсілі-қарсылы ағылған көліктерден көтерілген шаң-тозаң қала үстін тұмшалайды да тұрады. Енді осыған келіп жапырақ өртесек, бұл қалаға тигізген пайдамыз емес, керісінше жасап жатқан зиян-кесіріміз. Себебі, оларды өртегенде жаз бойы бойына жиналып тұрған улы химикаттар жалынмен бірге қайта ауаға ұшып шығады. Тағы да кеңістік уланады. Ауа тарылады. Сондықтан оны өртемеген, мүмкін болса, жиып, қаптап, қаладан тыс қоқыс жинайтын арнайы жерге апарып тастаған жөн, – деді көпті көрген кісі. Осыны айтты да, келген бағытына қарай айналып кете барды. Ал, әлгі жастар болса, құдды бір қылмыс жасап қойғандай аңтарылып тұрды да қалды.                                                                                                
                Расында, қария сөзінің жаны бар еді. Жалпы, бау-бақша баптаудың тілін білетін бағбандар жапырақты органикалық тыңайтқыш ретінде де пайдаланады екен. Ол үшін әуелі арнайы шұңқыр қазып, соған көмеді. Сосын сол жерде шіріп, тыңайтқышқа айналатын көрінеді. Сондай-ақ, оны ағаш-бұталардың түбіне жинаса, ағаш тамырын қытымыр аяздан қорғайды екен. Міне, біз білмейтін тілімдей ғана жапырақтың ұшан-теңіз пайдасы осы. Демек, айналадағы әрбір жаратылыс иесіне жәй көзбен ғана емес, терең табиғи танымдық тұрғыдан қараған абзал. Сонда ғана біз бүгінгідей табиғат жемісіне қиянат жасамаған болар едік.
                                                                                                  Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
17 қыркүйек 2018 ж. 2 270 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 421 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам