ТӨРТ ТҰРМАНЫ ТҮГЕЛ қожалықтың қыруар қыры бар
Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген тәмсілге Мұрат Нұрсайтовтың көзі баяғыда жеткен. Әсіресе, табанақы, маңдай терімен мал басын құрап, шаруасын дөңгелеткелі бері осы сөздің ақиқаттығына шындап ден қойды. Бүгінде істің қиюын келтіріп, кәсібінен несібесін теріп отырған кейіпкеріміз қожалықтың жұмысын жандандырып, өнімін молайтып, табысын еселеуге күш салып келеді.
«Абай» шаруа қожалығының тыныс-тіршілігімен танысу үшін фототілші Нұрболат екеуміз күннің суығына, жердің тайғағына қарамастан, Белкөл кентіне қарасты шаруашылыққа бет алдық. Бұл жер жұмақ мекені тәрізді. Таза ауа, жанға сая, құдды бір ұйқыдағы тыныштық дерсің. Алайда, қайнаған жұмыс жүріп жатыр. Біз барғанда қожалық басшысы Мұрат Тоқманұлы жұмыс барысын бір саралап жүр екен. Ол кісінің жанына біз де қосылдық. Осылайша, шаруашылықтың әрбір тау-тасын аралап, жіті таныстырды. Күнделікті тірлігіне айналған кейіпкеріміздің осы жұмысы өзіне қуаныш, ләззат сыйлайтыны көрініп-ақ тұр. Оның өз саласына деген махаббатын қызметкеріне арнаған жылы сөзімен қамқорлығынан бірден аңғарасың. Бағамдап отырсақ, мұндағы жұмыс барысы да басқаша. «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген тәмсіл осындайда айтылса керек.
Қожалық басшысы Мұрат Нұрсайтов 1965 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Ол мектеп бітірген соң, Қызылорда политехникумында «Техник құрылысшы» мамандығын тәмәмдады. Алғаш еңбек жолын құрылысшы болып бастады. Содан кейін, М.Тынышбаев атындағы мемлекеттік «Қазақ көлік және коммункациялар» академиясының вагондар саласы мамандығы бойынша білім алды. Сөйтіп, осы салада бірнеше жыл қызмет етті. Қарапайым отбасында тәрбиеленген кейіпкеріміз кәсіпкерлік саласынан да бағын сынап көргісі келді. Осылайша, мемлекеттен жалға жер алып, үйдегі сауынды сиыры мен қой-ешкілерін әкелді.
Мал баққанға бітеді...
Бір ғана еңселі ғимараттың өзі бір жылда салынып біте қоймасы анық. Ал елді мекен тұрғызу үшін қанша уақыт қажеттігін есептей беріңіз. Сол сияқты о баста «Абай» шаруашылығы да бірден үлкен қожалыққа айнала қойған жоқ. Ол 1998 жылы 5-6 бас мүйізі ірі қара, 20 бас шамасындай қой мен ешкі бағудан басталды. Содан кейін 2002 жылы ресми түрде құрылды. Сонау жылдардан бері бүгінге дейін қаншама адам маңдай тер төгіп, күш-жігердің, шынайы еңбектің арқасында алып кәсіпорынға айналды. Қазір мұнда астық сақтайтын қойма, күріш ақтайтын, ағаш өңдейтін цех, мал соятын қасапхана, шырын дайындайтын, сүт өндіретін цех, мүйізді ірі қара, жылқы, қой-ешкі бордақылайтын қоралар орналасқан. Сонымен қатар, қожалықтың техникалары тұратын тұрақжай да бар.
– Бала күнімізден әкеміздің жанында жүріп, қара жұмыстың дәмін татып өстік. Көзімізді ашқалы егін, мал шаруашылығымен айналыстық. Сондықтан бұл шаруа мен үшін таңсық емес. Баста Белкөлден үш жылға жалға жер алып, картоп, сәбіз, сыпырғы, шемішке ектік. Одан соң, мал бордақылауды бастадық. Жыл өткен сайын кәсібіміз өрге домалап, малға мал, жанға жан қосылды. Қазіргі кезде 200-ге жуық мүйізді ірі қара, 200-дей жылқы бар. Сонымен қатар, ұсақ мал қой-ешкіні де бордақылаймыз. Соңғы жылдары қаз бен үйрек, тауық пен үндік өсірудеміз. Негізгі басты мақсатымыз – Қызылорда қаласын қамтамасыз етпесек те, Белкөл кенті мен Шанхай мөлтек ауданын етпен қамту. Ықылым заманнан ата-бабамыз осы шаруашылықпен айналысып келеді. Сондықтан малдың жайын білмейтін қазақ кемде-кем. Қожалықтың таң сарғайып атқаннан қас қарайғанға дейін бітпейтін қарбалас та қауырт тірлігі жаныма рақат сыйлайды. Қазір өмірімнің көп уақыты осында өтеді. Малды асылдандырмай, ірі қараның тұқымдық қорын жақсартпай, одан жоғары өнім аламын деу бос әурешілік. Асылдандыру жұмысы – барлық табыстың бастауы. Онсыз малдың басы да, пайдасы да артпайды, – деді Мұрат Тоқманұлы.
Олар халыққа сапалы дәмді ет ұсыну үшін Қостанайдан арпа мен бидай, Түркістаннан жүгері алдырып, оны кептіріп, тазалап, диірменге тартады. Осылайша, барлығын араластырып, қысқа жем дайындайды. Оны бергеннен кейін, малдың еті де, сүті де құнарлы болады. Сондықтан қожалықтың етіне де, сүтіне де сұраныс жоғары. Өйткені, қоспасы жоқ сапалы, құнарлы дүниеге қашанда тапсырыс бар. Қаладағы балабақшалар екі-үш жылға келісім-шартқа отырып, мұндағы өнімдерді алады. Қазір қыста саумалы ірі қаралар күніне 500 литрдей сүт береді. Жаз мезгілінде одан да көп өнім өндіреді.
Мұрат аға бала күнінен аттың құлағында ойнап өскен. Оның айтуынша, малда тіл жоқ. Кейбір азаматтар атқа мінсе, жөн-жосықсыз шауып жауыр қылады. Ал, ол жануар жан жарасын, қиналғанын айта алмайды. Кезінде ата-бабамыз жылқыны жауыр қылған адамды қамшылап сабайтын болса керек. Кейіпкерімізге 95 жастағы әкесі үнемі мал бақсаң соның жағдайын жаса деп айтып отырады. Дәл осы кез малдың көтерем болатын уақыты. Малдың да өз киесі бар. Олардың жем-шөбін уақытылы беріп, үнемі көңіл бөлу керек. Қожалық басшысының айтуынша, жантақ жеген мал көтерем болмайды екен. Малдың басын сипамаған адамға мал бітпейді. Сондықтан осы сөзді жадында сақтап, әрдайым қамқорлық көрсетеді. Ол күнделікті қораға кіріп, малдың басынан сипайды. Осындай сәтке куә болып, малжанды азамат екеніне іштей қайран қалдық. Бүгінде ауыл шаруашылығының маңызды саласы – мал шаруашылығы. Қазақтың байтақ даласы ежелден-ақ, мал өсіруге қолайлы қоныс болған. Ата- бабамыз бұл кəсіп түріне ерекше мəн беріп, ішсең – сусын, жесең – ас, кисең –киім, ғасырлар бойы тіршілігіне басты таяныш етіп келгендігі де сондықтан. Осындай кәсіпті дөңгелетіп отырған қожалықтың жұмысымен танысқаннан кейін, егін жəне мал шаруашылығының болашағы зор екеніне тағы бір мәрте көз жеткіздік.
Қарап отырсақ, басқа өңірлермен салыстырғанда біздің қалада қыдырып, демалатын саялы жер аз. Сондықтан кейде сыйлы қонақ келгенде қайда апаратынымызды білмей тосылып қаламыз. Осы мақсатта кейіпкеріміз демалыс орнын салуды көздейді. Қазіргі заманда тек ерінбей еңбек еткен адам ғана табысқа жетеді. Атап айтсақ, қожалық ұжымы 13 гектар жерді қолдап қазып, жасанды көл шығарды. Осы істі қолға алып, оны жандандыру мақсатында тоғыз жыл уақытын жоғалтты. Нәтижесінде, көлдің екі жағына өту үшін аспалы көпір салынды. Қазіргі уақытта мұнда балықтың «Сазан», «Табан», «Ақамур», «Ақ балық», оның ішінде «Қызыл кітапқа» енген «Қаяз» түрі бар. Сол жылы Құдайдың құдіретімен судың астынан балдыр шыққан. Мұндайды бұрын-соңды көрмеген Мұрат аға жан-жақтағы мамандардан сұрастыра бастайды. Сөйтсе, ол нағыз балықтың шөбі екен. Кейіпкеріміз: «Біздікі тек көлді қазу болды. Қалғанын Құдай өзі жеткізді» – деді өз сөзінде. Бүгінде ол көлге су «Байқадам» каналынан келеді. Осылайша жағажайдың жұмысын да қолға алды. Басты мақсат – қалаға келген қонақтың біздің қалада да әдемі демалыс орындарының барына көзі жетсін деген ой. Қазір онда катамаран тұратын тұрақтар мен бассейн салынды. Жыл сайын балалар күнінде ашып, қала тұрғындары мен қонақтарға сапалы қызмет көрсетіп, қуаныш сыйлауға тырысады.
Шаруа қожалықтың одан да басқа жұмыстары көзге көрініп тұр. Бұл жерде ақ мол, бау-бақшасы жеміс-жидекке толы. Көркейту – көгалдандыру мақсатында 4 гектар жерге екпе тал егілді. Бүгінде қаншама алқапқа алманың 4, өріктің 3 түрі отырғызылған. Сондай-ақ, жүзімнің тайфу сорты әкелінді. Олардың барлығы өз маусымында жемісін төгеді.
– Сор жерге ағаш өсіру баста оңай болмады. Десе де, малдан шыққан көңді өңдеп, өз дүниесін өзіне жараттық. Көңді жерге үш жыл көміп, содан кейін ғана оны пайдалануға болады. Сонымен қатар, бағбандар күзде жемістің өз жапырағын көңмен араластырып, талдың айналасына көмеді. Бұл жеміс ағашы үшін ең мықты тыңайтқыш. Оны біздің құпиямыз десек артық айтқандық емес. «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» демекші қазір қожалықта 30-дан аса қызметкер жұмыс істейді. Жаздың күндері оның саны 50-ден асады. Осындай адал жандардың арқасында көгеріп, көктеп, кәсібіміз алға өрлеп отыр. Айта кету керек, біздің малшылар мен сауыншыларға барлық жағдай қарастырылған. Былтыр жуынуға арналған суға түстін жер салынды. Ол қысы-жазы істеп тұр, – деді кейіпкеріміз бізбен әңгімесінде.
Аузында Алласы бар, иманы берік, жүзі жылы, жаны таза кісінің әрбір бастаған ісі оңынан туары анық. Ол кісінің Белкөл халқына 250 адамдық «Құлмұхаммед ишан» атындағы мешітті өз қаражатына салып бергенін де ерекше айта кету керек.
Иә, шаруа адамының алдағы жоспары ауқымды. Қай жұмысты қолға алса да жеріне жеткізбей тынбайтын жігерлі жанның бұл орайдағы жоспары да орындаларына күмән келтірмедік. Атап айтсақ, мал бордақылайтын орынды кеңейтіп, мал санын арттыру. Сондай-ақ, мұнда қыстық жылыжай салуды да көздеуде. Алдағы уақытта қаланың барлық аумағын сүт және мал өнімдерімен, көкөніс бау бақша және тағы басқа дақылдарды сұраныс бойынша қамтамасыз ету – басты мақсаты.
Бүгінде отбасында жұбайы екеуі екі ұл, екі қыз тәрбиелеп, олардан немере сүйіп отырған бақытты жандар. Соншама еңбекпен құрып, жұмысын өрістетіп отырған шаруа қожалығына үлкен ұлы Абайдың есімі берілген.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші кейіпкеріміз түрлі қайырымдылық шараларға қатысып, демеушілік жасайды. «Оң қолың көргенді, сол қолың көрмесін» деген тәмсілді берік ұстанатын Мұрат аға бұл жайында ашып айта қоймады. Дегенмен, ол кісінің қаншама жанға қуаныш сыйлап, қаншама адамның сауабы мен ақ батасын алып жүргенін жақсы білеміз.
Оның қарапайымдылығы сондай марапатқа ешқашан өзін ұсынған жан емес. Десе де, еңбектің осылай еленіп, басшылықтың бағалауы ол кісіге үлкен қуаныш әкелсе керек. Балаша қуанып, үлкен жақсылыққа балап отыр. Оған жыл соңында қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ұсынған «Ауыл шаруашылық саласының үздігі» номинациясын табыстады. Расында, марапат өз иесін тапқан. «Жақсымен бірге өткізген жарты сағат – жаманның өтіп кеткен өміріндей» демекші қожалықтың жұмысымен танысып, ағаның емен-жарқын әңгімесін тыңдаймыз деп жарты күніміздің қалай өткенін де аңғармай қалдық. Осылайша шаруашылықтың жұмысына береке берсін деген жақсы тілекпен аттандық.
Ақмарал ОЛЖАБАЕВА.