Қас-қағым сәтті сөйлеткен
«Суретті түсірген Нұрболат Нұржаубай»... Аймақтағы газет беттерін парақтайтын оқырмандарға фототілші Нұрболат Нұржаубайдың есімі жақсы таныс. Журналистика саласындағы жұмысын қалалық «Ақмешіт апталығы» газетінде бастаған ол қала әкімдігінде фото және телеоператор қызметін атқарған. Бүгінде мамандығын мақтанышқа балаған Нұрболат – осы саланың дамуына өзіндік үлес қосқан кәсіби маман. Қазіргі таңда «Сыр медиа» серіктестігінде фотограф қызметін атқарып жүр.
Ол өңірде өткен ірілі-ұсақты шаралардан бастап, маңызды басқосу, жиындардың басы-қасынан табылады. Ондағы кез-келген қас-қағым сәтті қалт жібермеуге тырысады. Оның жеке мұрағатынан дала мен қала, кәрі мен жас, өмірдің кез келген көріністері, табиғат тамашалары, тіршілік түйткілдеріне қатысты сан түрлі суреттерді таба аласыз. Әр суреті – тұнып тұрған сыр. Қай кезде болмасын мойнына фотоаппаратын асып жүретін Нұрболат Нұржаубаймен мереке қарсаңында тілдесудің сәті түсті.
– Қала әкімдігінде телеоператор қызметінде жүргенде фототілші Болат Омаралиев ағама көп еліктедім. Ол кісінің әр түсірген суретіне ерекше қызығып қарайтынмын. Біз көрмеген дүниелерді байқайтын еді. Жалпы, бұл мамандықтың ерекшелігі де осында ғой. Осылайша суретке түсіруге қызығушылығым арта түсті. Мен де суретке түсіруді әдетке айналдырдым. Соның негізінде осы салаға келдім. Болат Омаралиевтің шығармашылық жұмыстарына таңданыспен қарайтынмын. Мені таң қалдырғаны – ол кісінің өртенген ағашты кадрға алғаны. Ол суретті байқап қарасаң – билеп тұрған қыз, өртенген ағаш, қарақшы бейнесін көруге болады. Сол туынды өзіме ерекше ұнады. Осындай таңғажайып дүниелерді көргенде суретке түсіруге деген ынтам күн сайын арта түсті. Аймағымызға танымал фотограф Бағдат Есжанов екеуміз тәжірибе алмасып, саланың қыр-сырын үйрендік. Бағдат нысанасына тәуір дүниелерді таңдай біледі. Мен де сол кісілер секілді туындыларым көпшілікке ұнаса екен, бір суретім екіншісінен өзгеше болса екен деп ізденісте жүремін. Белгілі фототілшілер – Максим Рожин, Тұран Қазанғапов Сыр өңіріне келгенде олармен тілдесіп, тәжірибе алмасудың сәті түсті. Көптеген сабақ алдым. Бүгінде хабарласып, қажетті ақпараттармен алмасып отырамыз. Ғаламтордан фотожурналистикаға қатысты, суретке түсірудің ерекшелігі жөнінде ақпараттар жинап, білімімді толықтыра түсудемін, – дейді ол.
Нұрболаттың бұл саладағы жетістіктері аз емес. Соның нәтижесінде облыс, қала әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Сондай-ақ, түсірген кадрлары облыстық, аудандық байқауларда ерекше көзге түседі. Ол үшін ең үлкен еңбек – белгілі фототілші Болат Омаралиевтің «Сурет – сезім серенадасы» атты фото-сурет галереясында «Қас қағым сәт – бір өмір» атты фототілшілер байқауының жеңімпазы атанғаны.
Расында, фотографтың бір ғана сәтті кадры сол суретке толық мазмұн, әр береді. Сол үшін де Нұрболат бұл салада бар ынта-жігерін аямайды. Ол бүгінде табиғатты ерекше бағалайды.
– Көпшіліктің назарында бола бермейтін дүниелерді фотоаппараттың әр жағынан көреміз, оны өз идеямызға сай түсіріп, әдемі етіп шығарамыз. Халыққа қызықты дүниелер ұсынған жөн. Сондықтан көп ізденіс қажет. Сыр өңірінің келбетті жерлері көп. Әсем қаланың көрікті табиғатын көрсетуге жаным құмар. Қазір «Нұрболаттың ерекше кадрлары бар. Жақсы қалыптасып келе жатқан фотограф» деген жылы сөздерді ел ағаларынан естігенде марқайып қалатыным рас. Дегенмен, күнделікті жол жүріп, қыдырып бара жатып, ізденісте жүремін. Фотопаратым әрдайым жанымда. Ерекше көзге түскен сәтті суретке түсіріп аламын. Фотограф кез-келген сәтті қаға білуі қажет. Өйткені, бір сәт екінші рет қайталанбайды. Әсіресе, жұмыс бабымен іссапарға шыққанда жақсы-жақсы дүниелерді нысанаға ілуге мүмкіндік бар. Қазіргі уақытта облыстағы мемлекет қорғауындағы 151 ескерткішті аралап, сол жерлермен танысып жүрміз. Бұл орындар бұрын қала болған деседі. Табиғаты мықты, әр суретті түсіргенде байқампаздық танытамын. Себебі, менің дүниелерім көпшілік көңілінен шыққаны дұрыс. Алдағы уақытта фотостудия ашып, осы саланы тереңінен дамытсам деген ойым бар, – деп алдағы мақсаттарымен бөлісті ол.
Қолына фотопарат ұстаған жанды көрсек, «осылардың жұмыс жақсы, сырт еткізіп түсіре салады» деп ойлайтындар да бар. Алайда, үлкен еңбек, үлкен ізденіс арқасында толымды туынды өмірге келеді. Біз сөз етіп отырған фототілші Нұрболат Нұржаубай да бүгінде осы міндеттерді оңынан атқарып, өңірдің кәсіпті фотографына айналып үлгерді.
Айтолқын АЙТЖАНОВА.