Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Атаулы әлеуметік көмек: көп сұрақтың жауабы бар

Атаулы әлеуметік көмек: көп сұрақтың жауабы бар

   Бүгінгі күннің басты тақырыбы – көп балалы анаға берілетін атаулы әлеуметтік көмек. Қай жерге барсаң да осы мәселе елдің талқысында. Расында, бұл көмекті қандай отбасылар алады? Қазір көптің көкейіндегі басты сұрақ осы. Бүгінде жаңа заң бойынша атаулы әлеуметтік көмек алудың ережесі тұрғындарға егжей-тегжейлі түсіндірілді.  
Мемлекеттік көмекке көп балалы отбасыларды қолдау, аз қамтамасыз етілген отбасыға атаулы әлеуметтік көмек көрсету, әлеуметтік жағдайы төмен отбасындағы балаларға кепілдендірілген әлеуметтік пакеті кіреді.
– Қашанда мемлекет көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созуға дайын. Бүгінде Сыр өңірінде 24 мыңнан астам көп балалы отбасылар бар. Оның ішінде төрт баласы бар аналар 17 мынға жуық, ал бес баласы барлар 5 мыңнан асады. Жаңа заң бойынша 4 баласы бар отбасыға – 42 496, 5 балаға – 53 127, 6 балалы отбасыға –  63 757, 7 балаға – 74 388 теңге төленеді. Атаулы көмек табысы аз отбасыларға төленеді. Оны тағайындаудың критерийі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызы өлшемінде өзгеріссіз қалдырылды. Көмектің мөлшері отбасының әрбір мүшесіне шаққанда орташа табыс пен ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайыз арасындағы айырманы құрайды. Сондай-ақ, оның кейбір рәсімдері мен шарттары өзгертілді. Атап айтсақ, әлеуметтік көмек енді тоқсан сайын тағайындалып, ай сайын төленеді, – деді облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов.
Басты шартының бірі – отбасының еңбекке қабілетті мүшелері жұмыс істеп, отбасы үшін жауапкершілікті сезінуі тиіс. Ол үшін ең алдымен аз қамтылған отбасындағы еңбекке жарамды жұмыссыз азаматтар тұрақты жұмыспен немесе «Еңбек» жұмыспен қамту бағдарламасына тартылады. Оларға бос жұмыс орындарына, мемлекетпен субсидияланатын орындарға, қоғамдық, жастар тәжірибесімен жұмысқа орналасуға, қайта даярлаудан өтуге мүмкіндік беріледі. Осылайша алдағы уақытта 14 мыңға жуық адам еңбекпен қамтылады деп күтілуде. Сондай-ақ, отбасының еңбекке қаблетті мүшесі ұсынылған жұмыстан және жұмыспен қамту шараларынан бас тартатын болса, онда атаулы көмек тек оған ғана емес, бүкіл отбасына тоқтатылатын болады. Сонымен қатар өз бизнесін ашу үшін курстар оқытылып, жеңілдікпен микрокредит және қайтарымсыз грант ұтып алу ұсынылмақ.
Алдағы уақытта аз қамтылған отбасылардың балаларын қолдауға ерекше назар аударылады. Мәселен осы жылдың 1 қаңтарынан бастап отбасындағы 1 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға кепілді әлеуметтік топтамалар ұсынылмақ. Атап айтсақ, 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар азық-түлік жиынтығымен және гигиена заттарымен қамтамасыз етіледі. Ал, 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар мектепте ыстық тамақпен, оқу құралдары мен мектеп киімдерімен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, мектепке бару шығындары өтеліп, медициналық көмек, оның ішінде стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балаларға кепілдендірілген тегін медициналық көмек және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында көрсетіледі.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатының бір ерекшелігі әлеуметтік желіде тікелей эфирде ұйымдастырылды. Онда көп балалы аналар тиісті сала басшыларына өз сауалдарын жолдап, тұщымды жауап  алды.
Жаңа заң бойынша, бұрын толық емес отбасындағы жалғыз басты аналар баласы жеті жасқа дейін үйде отырса, қазір баласы үшке толысымен жұмысқа шығуға міндетті. Бұл да көп ананың көкейіндегі сауал. Оған облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев жауап берді.
– Бұл заң биылдан бастап күшіне енді. Бұрын аналар баласы жеті жасқа толғанша үйде отырса, қазір ол үш жасқа төмендетілді. Баласы үшке толған ана жұмысқа шығуға міндетті, – деді басқарма басшысы.
Тағы бір тұрғынның сауалы көп көкейіндегі мәселе. Жақында бесінші баласының дүниеге келуін күтіп отырған ана бес балаға жәрдемақы алу үшін кішкентайының жасқа толуын күту қажет еместігіне нақты жауап алды.
– Осыған дейін көп балалы ананың күміс, алтын алқа алу үшін ең кіші баласы 1 жасқа толуы керек еді. Ол шартта көрсетілген. Ал, атаулы көмекке оның еш қатысы жоқ. Себебі, әрбір ана баласы дүниеге келісімен ол баланың жәрдемақысын бірден алуға құқылы, – деді мамандар.
Сондай-ақ, оқырмандар арасында халыққа облыстық, қалалық жұмыспен қамту саласының мамандары екі түрлі мәлімет береді деген сауал көп кездесті. Бұл жағдайды басқарма басшысы қадағалап, алдағы уақытта кемшіліктерді болдырмауға уәде берді.
Баспасөз мәслихатында көпшілік арасында екі немесе үш баласы бар аналарға да жәрдемақы тағайындалады деген алып-қашпа әңгімелер өрбіп жүргенін, бұл ақпараттың жалған екенін тағы бір мәрте ескертті.
Сондай-ақ, бүгінде  қалалық жұмыспен қамту орталығын көп балалы аналарға қызмет көрсетуге ыңғайлы көлемді ғимаратқа көшіру жоспарлануда. Өйткені, келушілер саны күн санап артуда. Ондағы басты мақсат – көп балалы аналарға құжат тапсыруына сапалы жағдай жасау. Сондай-ақ, ол жерге келушілерге кеңес беретін арнайы мамандар мен заңгерлер, банк өкілдері  қызмет көрсететін болады.
Ақмарал ҚАДЫРХАН.
14 қаңтар 2020 ж. 624 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 440 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам