Алыс ауылға жедел жәрдем жетеді

Облыс әкімі әр кездесуде тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін мұқият тыңдап, тиісті атқарушы орган жетекшілеріне нақты тапсырма беріп отырды. Жаңақұрылыс ауылындағы мәселенің бірі – дария арнасынан көлге тартылған тоспалардың іске жарамсыздығы. Бұған байланысты аймақ басшысы мәселе назарға алынатынын айтты. Елдегі өткен кездесулерде Аманөткел ауылы тұсында орналасқан қалқымалы көпірді жаңарту мен Қарашалаң елді мекенінің жол мәселесі де айтылды.
Сондай-ақ облыс әкімі Ақеспе, Мергенсай, Жақсықылыш, Тоқабай, Сазды және Қосаман ауылдарында болып, ауыл тұрғындарының мәселесін тыңдады. Мергенсай ауылдық округіне қарасты Жалаңаш елді мекеніндегі кездесуде тұрғындар елде жедел жәрдем көлігі жоқтығын айтып, облыс басшысына өтініштерін білдірді. Қуанышбек Досмайылұлы биыл жаңа жедел жәрдем көлігі берілетіндігін айтып, ауыл халқын қуантты.