Дария суы қалыпты деңгейде
Қыс-көктем мезгілінде дария суы деңгейінен асып, сең жүру қаупі туындап, халықты әбіргерге салатыны бар. Айтып келмейтін тілсіз жаудан сақтану шаралары тиісті мекемелер тарапынан алдын-ала ұйымдастырылады. Десе де облыс аумағын су басу қаупі бар деген желіде тараған қауесет жұртшылықты дүрліктірді.
Қазіргі таңда шекарадан келген су көлемі 480 текше метрді құрап отыр. Қала бойынша 340 текше метр су өтуде. Мамандардың сөзінше, бұл қалыпты жағдай саналады. Аймақта 56 қауіпті аумақ бар. Оның қауіпсіздігіне бүгінде 126 мекеме, 411 арнайы техника, 1359 маман жұмылдырылған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Асылбек Шәменов мәлімдеді.
Бүгінгі күні Жалағаш, Қармақшы аудандарында мұз кептелісі орын алуда. Мұндай жағдайда су деңгейінің көтерілуі қалыпты құбылыс. Сырдария өзенінің қауіпті саналатын су деңгейінің шекті көлемі 1 метр 40 см құрайтын болса, қазіргі уақытта 97-77 см шекті көлемде. Сондықтан мамандар сең жүру қаупі жоқтығын айтады. Дегенмен «сақтықта қорлық жоқ». Қысылтаяң шақта 156 мыңға жуық тұрғынды көшіруге 76 эвакуациялық жинақтау, 99 қабылдау пункті әзірленген. Ал, 10 мыңнан аса адам, 361 техника, 75 су сорғыш құрылғы, 2 тікұшақ құтқару жұмыстарына сақадай сай. Қазір аталған аумақтарда кезекшілік ұйымдастырылып, бақылауға алынған.
Сондай-ақ тиісті сала мамандары республикалық сайттың бірінде жарияланған ақпараттың өткен жылғы мәлімет екендігін атап өтті.
А.СЕЙІЛ