Тасбөгет: Жалықтырмаған жиын
Тасбөгет кенті орталығындағы С.Майқанова атындағы мәдениет үйінде қала әкімі Н.Нәлібаев пен кент әкімі П.Шамұратов өткен жылы атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді.
Есеп беру жиыны басталмай жатып жылдағыдан ерек мынадай өзгерісті байқадық. Сахна ортасында тек мінбер ғана. Бұрынғыдай президиум жоқ. Қала әкімі де бұл кездесуде елмен бірдей көрермендер қатарына отырып тыңдады. Сырт көз сыншыға бұл да жылы әсер сыйлайды екен. Мұны халық та байқапты.
– Әкімдер сахнада, төрде отырмайды. Сахнаға тек есеп беруге ғана шығады, – дейді қарапайым көрерменнің бірі.
– Дұрыс екен дейді, – екінші тұрғын бас изеп.
Есепті кездесу де көп күттірген жоқ. Белгіленген уақытта басталып, алдымен кент әкімі мінберде тікесінен тік тұрып есеп берді.
Кент әкімінің айтуынша, жыл ішінде атқарылған жұмыс аз емес. Ең әуелі жыл бойы қайырымдылық шараларын атап айтқан кент әкімі бұл орайда тұрмысы төмен отбасыларға барынша қолдау, көмек жасаған кәсіпкерлер мен жомарт азаматтарға алғысын білдірді. Кентте кәсіпкер саны жылдан-жылға артып келеді. Халыққа қолайлы жағдай жасау үшін инфрақұрылымдарды жақсарту жұмыстары тұрақты жасалып келеді. Бұл жұмыс елдің көз алдында. Өткен жылы 16 көшеге жалпы құны 523,4 млн теңге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттік өтінім беріліп, оның 4 көшесіне қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ кент әкімдігінің жергілікті өзін-өзі басқару шоты есебінен 4 көше жарықтандырылған. Дегенмен әлі де жөндеуді қажет ететін көшелер бар. Бұл да кент әкімі есебініне тыс қалмады.
Кент әкімі өткен жылғы есепті жиында тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныстар ескерусіз қалмағанын да жеткізді. Мәселен, бейіт салу үшін жаңа жер ашу мәселесі бойынша, жалпы ауданы 13,5 гектар жер учаскесін дайындау үшін тиісті қаражатқа өтінім тапсырылған. Бүгінде жобаның алғашқы кезеңін жүзеге асыруға қажет қаржы бөлініп, жұмыс басталмақ.
Өз кезегінде шаһар басшысы Н.Нәлібаев жыл бойы қаламызда барлық сала бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталып, биылғы жыл жоспарларын да жасырмады. Сондай-ақ биылғы жылдың атаулы оқиғаларға толы жыл екендігін, қайсыбір іс-шараны болмасын елмен бірге мәнді ұйымдастыру басты назарда екендігін жеткізді.
Есепті жиында тұрғындар тілегі де тыңдалды. Тіршілік бар жерде, тілек таусылған ба?! Енді менің көшем жөнделсе екен деген тілек те, қиналғанда қайырым көрсеткен ел азаматтарына алғыс та, аға буынның ризашылығы да айтылды. Көп ұсынысы әкімдер тарапынан ескерусіз қалмады, нақты жауап та берілді.
Бір атап айтарлығы, қала басшысының қаламызда атқарылып жатқан істерді, қандай да бір жетістікті ел тәуелсіздігінің жемісімен, ел бірлігімен байланыстыруы жүрекке жетті. Елге жылы әсер сыйлады.