КӘСІПКЕРЛІГІ ӨРІСТЕГЕН КЕНТ
Осы аптада Қызылорда қаласына қарасты кент және ауылдық округтерде әкімдердің халық алдында есеп беру шарасы басталды. Алғашқы кезекте Тасбөгет кентіндегі С.Майқанова атындағы мәдениет үйінде қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, кент әкімі Пахуаддин Шамұратов жергілікті тұрғындармен кездесіп, өткен жылы атқарылған жұмыстар жайында есеп берді.
Қарамағына «Иіркөл» елдімекені мен «Сабалақ» саяжайы кіретін Тасбөгет кенті қаладағы ірі әкімшілік аумақ саналады. Облыс орталығының іргесінде орын тепкен бұл қоныста 30 мыңға жуық адам тұрады. Экономикалық белсенді тұрғындар – 52 пайыз. Халық көп шоғырланып, табиғи өсім саны жоғары.
Кент әкімі Пахуаддин Шамұратовтың айтуынша, Тасбөгет кентінің қазіргі экономикалық дамуы қарқынды. Жыл сайын жергілікті халықтың қолайлы өмір сүруі үшін ілкімді істер жүзеге асып келеді. Бұл қоныс табиғи отынмен толықтай қамтамасыз етілген. Соның нәтижесінде кент жұртшылығы көгілдір отын игілігін көруде. Ал, жаңадан бой көтерген тұрғын үйлер орналасқан көшелерге газ құбырын тарту үшін жоба-сметалық құжат әзірленіп, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына өтінім ұсынылған. Сонымен бірге, инфрақұрылым мәселесін толықтай шешу мақсатында Тасбөгеттегі жаңадан қалыптасқан аумақтарға электр қуатын жеткізу үшін бірқатар жұмыстар атқарылуда. Ұсынылған жобалар мақұлданған жағдайда мұндағы 17,9 шақырым жерге электр бағаналары мен подстанциялар орнатылады. Ал, қазіргі уақытта 36 подстанция кентті, 12-сі «Сабалақ» саяжайын электр жарығымен қамтамасыз етіп отыр.
Кентте бұдан өзге ауыз су мәселесі де жолға қойылған. Қазіргі таңда 78,8 шақырым болатын ауыз су жүйесі халықты таза тіршілік көзімен 90 пайызға қамтып отыр. Ендігі кезекте кентке қарасты «Сабалақ» саяжайына ауыз су желісін жүргізу жоспарланып отыр. Бұл ретте жоба-сметалық құжаттар мемлекеттік сараптамаға жіберілген.
Өткен жылы кентте жалпы ұзындығы тоғыз шақырымды құрайтын 9 көшеге күрделі, 3-не орта және 5 көшеге ағымдағы жөндеу жүргізілді. Бұл – көптен бері тұрғындар толғанысын тудырған мәселе еді. Бүгінде ұзындығы 74 шақырымды құрайтын көшелердің 33 шақырымы асфальтталып, 8 шақырымына тас төселді. Яғни, барлық көшенің 55,6 пайызы өз қалпына келтірілді. Биыл бұл бағытта тағы 8 көшеге күрделі жөндеу жүргізілмек. Сондай-ақ, кент орталығындағы Ш.Есенов пен М.Шоқай көшесінің қиылысына бағдаршам орнатылып, көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілерге қолайлы жағдай жасалды.
Кент әкімі өз есебінде шағын кәсіпкерліктің қарқынды дамып келе жатқандығын тілге тиек етті. Былтырғы көрсеткіш бойынша Тасбөгеттегі кәсіпкерлік нысандар саны 321-ге жетіп, 1040 адам еңбекпен қамтылған. Сондай-ақ, «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы «Тасбөгет» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі құрылған. Құрамында елуден астам мүшесі бар ұйым «Береке» бағдарламасымен 192 млн. 600 мың теңге несие алып, 400-ге жуық ір қараны ет өндіру бағытында бордақылаумен айналысуда. Жалпы, мал шаруашылығы саласында 2000-дай мүйізді ірі қара, 1418 қой мен ешкі, 300-ге тарта жылқы, 16 бас түйе және 116 бас құс өсірілуде. Бұл 2016 жылдың көрсеткішімен салыстырғанда біршама өскен.
Ал, Тасбөгет кенті бөлімі жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция капитаны Әсет Қаршыға қоғамдық тәртіпті сақтауда атқарылған шаралар барысына тоқталды. Оның айтуынша, өткен жылы тұрақты түрде жүргізілген алдын-алу шаралары оң нәтижесін берген. Оның ішінде түрлі деңгейдегі қылмыстың орын алу көрсеткіші төмендеген.
Есепті кездесу барысында қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев шаһардың өсіп-өркендеуі үшін жасалып жатқан игі істерге тоқталды. Соңғы жылдары қалада жаңа тұрғын үйлер көптеп бой көтерді. Кәсіпкерлік нысандар салынды. Жолаушылар тасымалы, жол жөндеу, тазалық және әлеуметтік саладағы жетістіктер аз емес.
Жиын соңында тұрғындар жыл бойы атқарылған істерге оң баға берді. Сонымен қатар, көпшілік кенттегі №4 емхананы жаңа ғимаратқа көшіру туралы ұсыныс білдірді. Қала басшысы тұрғындар тарапынан түскен ұсыныс-пікірлер ескерусіз қалмайтынын жеткізіп, бұл бағытта тиісті іс-шаралар қолға алынатынын назарға салды.
Айдана СЕЙІЛ.