Базынасыз бұқара болмайды
Ел бар жерде талап-тілек қосарлана жүреді. Осыны ескерген қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қоғамдық қабылдауды дәстүрге айналдырды. Шаһар басшысы өткен апта да ғана қаншама мұқтаждың арыз-шағымын тыңдаған еді. Бүгін міне, игі бастама өз жалғасын қайта тауып отыр.
Бұл жолы да «Құқық қорғау қызметтері» орталығы халыққа лық толы. Кездесуге келгендердің қарасы қалың. Олардың арасынан кәріні де, жасты да көруге болады. Барлығының мақсаты бір. Әкімге өз уәжін жеткізіп, көкейдегі сауалға жауап алу. Әрине, қала әкіміне қойылған әрбір мәселе ескерусіз қалмайды. Бір байқағанымыз, ашық есікке: қалаға қарасты бөлім басшылары, кент және ауыл әкімдері қатысты. Бір сөзбен айтқанда, іздегеннің бәрін осы жерден табасың. Тұрғындардың басым көпшілігі қала басшысына тікелей жолығамын десе, енді бірі өз мәселесін әкімнің орынбасарлары мен сала басшылары арқылы шешуде.
Әрбір келушінің өз жанайқайы бар. Бірін жер мәселесі толғандырса, келесісін үй кезегі алаңдатады. Расында, өмір – тіршілік болғасын түйткілді мәселенің де қатар жүретіні заңдылық. Десе де, ашық есікте атқарушы билікке алғыс айту үшін арнайы келген тұрғындарды да кездестірдік.
Мәселен, Ғалия Асаубайдың екі жасар қызы Манзура Әнапияның аурушаңдық диагнозы сирек кездеседі. Тіпті, облыс бойынша бұл ауру түрімен екі бүлдіршін ғана тіркелген. Алайда, аталған дертке шалдыққандарға мемлекеттен берілетін тегін дәрі-дәрмек қарастырылмаған. Осыған орай қала басшысы Н.Нәлібаев облыстық мәслихатқа ұсынып, биылғы жылы тегін емделуге көмектесті. Ана жүрегі бала үшін қашанда шырылдап жүретіні белгілі. Манзураның анасы «Жақсылыққа жақсылық» демекші, кездесуге арнайы келіп, қолдау білдірген басшылыққа алғысын айтты.
Ғалия Асаубайқызының өзімен тілдесу мүмкін болмады. Десе де, оның мәселесі жөнінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Әсел Қыдырәлиевадан білдік.
Сондай-ақ, Самал Нұржанованың анасы 2018 жылы асыраушысы жоқ, толық емес отбасы мүшесі ретінде үй кезегіне тіркелген. Анасы көп ұзамай өмірден озып, Самал ата-анадан бірдей айырылды. Содан бері екі жыл уақыт өтті. Үй кезегі анасынан өзіне аударылды деген үмітпен халыққа қызмет көрсету орталығына барған. Алайда, мамандар кезекті тағы да анасының атынан шығарып берсе керек.
– Анамның өмірден өткеніне екі жыл болды. Мені таңғалдырғаны өмірде жоқ адамның әлі де кезекте тұрғаны. Бүгін осы мәселенің анық-қанығын білу үшін осында келдім. Қала әкімі тиісті сала басшыларына тапсырма берді. Анамның кезегін өзімнің атыма ауыстыруды бүгіннен қалдырмай шешіп береміз деді. Қазір халыққа қызмет көрсету орталығына барып, электронды өтініш жазып кетемін, – деді ол.
Одан кейін қала тұрғыны Рита Назарова әкім қабылдауынан көңіл-күйі болмай шықты. Көтерген мәселесінің оң шешімін таппағанын біз де бірден аңғара қойдық. Мұндайда қасына барып, сұрауға да жүрексінеді екенсің. Өйткені, бұл жерге ешкім еріккеннен келмейтіні анық. Алайда, қандай сауалдың шешімі табылмай тұрғанын біздің де білгіміз келіп тұр. Не керек, сонымен қамығып тұрған анадан мән-жәйді білдік. Үш баласы бар Ританың жолдасы өтіне ота жасатқан. Оған дәрігерлер денсаулығына байланысты біраз уақыт күтіну керектігін айтса керек. Өзі нақты жұмыс істейтін жерін жасырғысы келді ма, бұл сауалға күнделікті жұмыс істеймін деп жауап берді. Қазіргі кезде үш баласына атаулы әлеуметтік көмек ала алмай отыр. Себебі, күйеуі билік тарапынан ұсынған жұмысты істеуі керек. Оған қала тұрғыны жолдасының денсаулығына байланысты әзір жұмысқа шыға алмайтынын алға тартады.
Бұл мәселенің шешімін жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Гүлмира Рахметовадан білген едік.
– Рита Назарова облыстық денсаулық сақтау басқармасынан жолдасының денсаулығына байланысты жұмысқа жарамсыз екенін дәлелдейтін анықтаманы әкелсе, атаулы әлеуметтік көмек әрі қарай беріледі, – деді ол.
Кездесуде кезек күткендердің қатарынан абайтанушы Абат Жолдасованы да көзіміз шалып қалды. Ол кісінің ғылыми тұрғыдан ұлы ақын Абайды зерттеп жүргенін білеміз. Іштей Абайдың 175 жылдық мерейтойына өз идеясын ұсынуға келді-ау деп топшыладым. Ойым алдамапты.
– Абайдың 150 жылдығында көп кемшілік орын алды. Соны қайталамау үшін ұсыныстарымды ала келдім. Қазіргі кезде жұрттың бәрі Абай еліне бара бермейді. Әсіресе, балалар. Елімізде жылына бір рет қана «Абай оқулары» байқауы ұйымдастырылады. Алайда, оған облыстан үш-ақ бала қатысады. Мұнымен біз ұлы ақынды насихаттай алмаймыз. Сондықтан біздің өңірден де ғылыми орталық ашылып, оның бөлімшелері барлық ауданда болуы керек. Сондай-ақ, мұғалімдерді Абайдың туған жеріне саяхатқа жіберіп, рухани азық алуға мүмкіндік жасаса деген ниет бар. Өйткені, олар елге келіп, көрген-білгенін, көкейге түйгенін мыңдаған балаға жеткізеді. Осыларды қолға алса деген үлкен үмітпен келдім. Бұл ұсынысымды қала басшысы Н.Нәлібаев оң қабылдады. Алдағы уақытта «Абайтану» кабинетін ашуға да көмек беретінін айтты, – деді ол өз сөзінде.
Қабылдауға қобалжып келген әрбір адам мәселесі оң шешілсе жүзі жайнап, үлкен істі бітіргендей толқып шығады. Сондай жанның бірі – Мамырайхан Тұрсынқожаев. Ол Ұлы Отан соғысының ардагері Шәкір Тәжібаев атындағы көшенің тұрғыны. Биыл Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай батырдың көшесіне жөндеу жұмысы жүргізілсе деген ниетпен келді. Алдағы уақытта көше тұрғындарының үлкен аманатын арқалап келген қала тұрғынының бұл сауалы оң шешімін табатын болды.
Тілші түйіні: Бүгінгі қала әкімінің қабылдауына 100-ге жуық тұрғын келді. Олардың дені қыз-келіншектер. Бірі жұмыс сұрап келсе, енді бірі атаулы әлеуметтік көмектің әлегімен жүр. Әрине, барлығының мәселесі оңынан туып шешіле қалды деуге әсте болмас. Дегенмен, басым көпшілігі көкейдегі түйткілді мәселесін жергілікті билікке жеткізгеніне риза. Бұл игі іс алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.
Ақмарал ОЛЖАБАЕВА.