Қызылорда қысын жылудың күші жібітеді

Қызылордажылуэлектрорталығы мекемесі – стратегиялық маңызды нысанның бірі. Сондықтан бөгде кісі бас сұға алмайды. Соны ұғып алдын ала мекеме директоры Руслан Аймырзаұлы Нұрмағамбетовпен телефонмен тілдесіп, «жылу қалай өндіріледі, ол қалаға қалай беріледі, онда кімдер еңбек етеді деген сауалды терең тарқататын журналистердің орталық ортасына кіріп, ұжыммен бірлесіп еңбек етсе» деген ұсыныс айтқанбыз. Ол келісе кетті. Сонымен келіскен күні жылу орталығына келіп тұрмыз. Жанымда жалаугер болып Бауыржан жүр. Біз бақылау пунктінде біраз аялдап қалдық. Аңызақ жел өн-бойды тіміскілеп, сүлікше сорып барады. Жылу сыйлайтын жерде тоңғанымыз таңсық жайт секілді. Бұлқынғанмен ызғар басылмас, бұл қыс айы ғой...
Таныстық

Ішке ендік. Арнайы киім киген жұмысшы-қызметкерлер жиі ұшырасып, бас шұлғып, сәлемдесіп қоямыз. Сайдың тасындай жігіттердің беттерінен қан тамып, көздері оттай жанып тұр.
Рас, айналасы ат шаптырым аумақты алып жатқан жылу орталығы қыс айында қызу қарбалас құшағына енеді. Ауа райының температурасы күрт төмен түссе еңбекті еселейді, жылу беру шкаласын жоғарылатуға күш салады. Жылдағы жайы осылай, халыққа қызмет көрсетудің жауапкершілігі аса ыждаһаттылықпен атқарылады. Әркімнің жүктелген өз міндеті бар. Ауысым кезегі келді ме ауыртпалықтан ешкім аунап түспейді. Қағида солай.
Таңғы ауысым 8:00-де жүргізіледі. Ол кешкі 20:00-де дейін тоқтаусыз жүреді. Жұмыс процесін бір-бірінен қабылдап алу шарттары қатаң сақталған. Осы үрдісті көргіміз келді, келісілгендей директордың орынбасары Руслан Тәуекеловтың кабинетінде отырмыз. Ол жұмыстың жай-жапсарымен таныстырып жатыр.
–Жылу беру маусымы 15 қазанда басталды. Жылдағы дәстүр бойынша науқан15 сәуірге дейін созылады. Әрине, табиғаттың тосын сәті де кездесуі мүмкін. Ондай жағдайда ауа райының қолайсыздығына байланысты деп қала әкімінің шешімі науқанды тағы соза алады, –деді ол.
Ендігі кезекте бізді өндірістік қызмет мамандарына тапсырды. Тепсе темір үзетіндей қазақтың қос азаматы жылы қабылдады. Сала шаруасына ағып тұр. Тәжірибесі мол, еңбек өтілі біршама болған нағыз шеберлер десе жарасады. Бірі – турбина қызметінің басшысы Әсет Әлиев, екіншісі – жедел диспетчерлік қызмет басшысы Нұрлан Кемелов. Олардың айтуынан, мектепте атүсті қараған химия мен физика пәнін қайта қарап шығу қажеттігі туындады. Формула мен химиялық элементтер кестесі кес-кестеп алдымыздан шықты. Мен тілшіге, тілші маған қарайды. Қызықтың көкесі енді басталды. Жылу тақырыбын талай жазсақ та дендеп кірмегеніміз білінді. Дегенмен кеңестік кезеңде Ленинградта №3 оқу комбинатын үздік бітіріп, жылу беру машинисті мамандығын алғаным көмектесті. Бірсыпыра мәселені сырттай бағамдап, нақпа-нақ жауабын ұғып тұрдым.
Жылу алдың ба, тиісті ақшаңды төле!

Техниканың тілін түсінсең ғой...
Техникалық мамандар екі бағытта жұмыс істейді. Алғашқысы – жөндеу жүргізу бригадасы болса, екіншісі – жедел топ. Осы жедел топтың өзі төрт ауысымға бөлінеді. Олар 12 сағаттан күндіз-түн екі тәулік жұмыс істеп, екі күн дем алады. Ал, әр ауысымның жүгін 7 маманнан арқалайды. Енді олар не атқарады? Барайық, көрейік, бірге атқарайық.

Қансонарда қар үстінде ойқастаған қоянның жымындай ары-бері жүргізілген жүздеген құбырлардың қайда барып, қайда тірелетінін адам біліп болмайды. Әрбір құбырдың атқаратын өз шаруасы бар, соны техниканың тілін түсінген маман ғана дөп басады.
Ал, енді біз өндіріске көштік. Мынау – газға қосылған пеш. Газдың мүмкіндігі мол екен, қажетті жылуды да, электр энергиясын да беріп отыр. Жалпы, бір пеш сағатына 220 тонна бу өндіреді. Міне, қараңыз будың көлемі қанша! Сол бу сағатына 100 атмосфералық қысыммен барады да турбина арқылы генераторды іске қосады. Бұл электр қуатын өндіру нүктесі. Мұның бүге-шүгесін оператор бөлмесіндегі Марина Садықовадан білеміз. Кеттік.
–Марина, жағдайыңыз жақсы ма? Сізді отыз жылға таяу тәжірибесі бар маман дейді. Қазір өндірілген электр қуатының мөлшері қалай?–Дәл қазір сағатына 25 Мегаватт энергия өндіріп тұр. Бұл қалыпты жағдай, –дейді ол.
Осы жерден кейін бас басқару пультіне кірдік. Барлық істің тетігі осында. Су да, газ да, жылу да, электр энергиясы да бас басқарудың бақылауында тұрады. Тіпті өндірілген жылу мен электр қуатын тиісті мекемеге өткізу де осы пульттің міндеті. Мысалы электр қуаты "KEGOC" АҚ құзырына беріледі. Осы жұмысты бүгін Жансұлу Айдарова атқарып отыр. Қасында электрмонтер Самет Камалов бар. Екеулеп, кейде ауысым басшылары бірлесе жұмыс жүргізеді.
Алмастың айтары бар

Пештің биіктігі 32 метр, бесқабатты үйдің деңгейінде. Түбінен қарасаңыз бас айналады.
–Қазір бәрі жақсы, газға қосылған. Мазуттың қанша дегенмен иісі қолқаны қабады, – деп қояды Алмас өткенге ой жібертіп.
Жалынның нәті күшті, бет қаратпайды. Әйткенмен оттың аты от, өзіне баурап тұрады. Сол оттың құдіретімен отбасы, отан секілді киелі ұғым тарайды.
– Кеш ауасында газдың таратылуы күндізгіден екі есе күшейтіледі. Себебі температура төмендейді. Бұл қаланың батыс бөлігін толық қамтамасыз етуге жеткілікті. Жылу беру орталығында 2019 жылдан бері жұмыс жасап келемін. 2 күн жұмыс, 2 күн демаламыз. Ауысымға 4 адам бекітілген. Олар: ауысым басшысы, машинист және 2 барлаушы. Жалақым 70 мың теңге. 2020 жылдан бастап жалақы 5 процентке көбейді. Күнделікті жұмысым арқылы халыққа қызмет көрсетіп жүргенім үшін расымен қуаныштымын. Әркімге өз мамандығы мақтаныш, – деді ол.
Алмастың өз ісін ерекше жақсы көретіні айтпаса да көрініп тұр. Қызыға сұраған сауалдарға жауап беріп тұрғанның өзінде отты пештің маңынан бір сәт алыстаған жоқ. Мамандыққа деген шынайы махаббат пен құрмет осы болса керек.
Жаңаның аты жаңа

Ал, 2005 жылы салынған КОГТЭЦ-50 газтурбиналық электр стансасы жаңа жүйенің жаршысы. Мұны қосалқы демеу көзі десе де болады. Ішкі бөлігі жылы, шудан ада. Бүгін кезекшілікті оператор Алексей Сейткамал атқарып отыр. Қазақшаға судай, мақалдап сөйлеуге машықтанған. Алты жылдан бері осы салада келеді. Жанына жақындап, іс барысын сұрастырдым.
– Ал, Алексей, қазіргі жағдай қалай болып тұр?– Бірқалыпты. Тиісті деңгейді ұстап, тиісті тапсырманы орындап отырмыз.
– Сонда қанша Меговатт өндіріліп жатыр?
– Әдеттегіше, 26,5 Меговатт. Қысым 23,7 килограмм күш. Жұмсалуы 8,600 шаршы метр.
– Дұрыс екен. Іске сәт!
– Жалпы, екі жылу беру нысанының 51 меговайт деңгейінде электр қуатын өндіреді. Бұл Қызылорда қаласын толық қамтамасыз етуге жетеғабыл.
Әлеуметтік қамқорлық әлеуетті

P.S. Біз тыныштық аймағына шықтық, даланың саф ауасын жұтып тұрмыз. Лезде өкпек жел өн бойымызды қарып барады. Жаңа ғана жылы жерден шыққанымыз бекер сияқты. Осы жерде маған ой келді: «Е, Қызылорда қысын жылудың күші ғана жібіте алады екен ғой» деген. Оған сенбейін десем, тоңып тұрмын...
Қаныбек ӘБДУОВ,
Бауыржан ҚОЖАНТАЙ.
Бауыржан ҚОЖАНТАЙ.
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ (фото).