Алғыс арқалаған алысқа барады
Сәрсенбіде қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев №101 Ә.Мүсілімов атындағы мектеп-лицейінде «Арай», «Саяхат» мөлтек аудандарының тұрғындары алдында есеп берді. Осыған дейін қала басшысы кент және ауылдық округ халқымен кездескен еді.
Бұл бас қосуға облыстық басқарма басшылары, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Ұлан Сарқұлов арнайы қатысты. Биылғы есеп беру еркін форматта өрбіді. Себебі, кездесудің басым бөлігі тұрғындардың ұсыныс-пікірі мен сауалына арналды.
Соңғы жылы қаланың бюджеті артып, еселеніп өсіп келеді. Соған сай нәтижелі жұмыстар атқарылуда. Мәселен, Саяхат мөлтек ауданын, Сырдария өзенінің сол жағалауын, қаланың шет аймақтарының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамытуға 2,5 млрд-қа жуық қаржы жұмсалды. Сондай-ақ, биыл 365 шақырым су, кәріз желілері жаңартылды. Бүгінде Сыр өңірінде тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып, халықты баспанамен қамту көрсеткіші артуда. Атап айтсақ, қала көлемінде жаңадан шағын аудандар бой көтеріп, 10 мыңға жуық тұрғынға пәтер кілті табысталды.
Бүгінде қала бюджетінің басым бөлігі білім саласына бағытталуда. Нәтижесінде, мектептердегі орын тапшылығын шешу мақсатында екі білім ошағының жанынан қосымша 150 орындық ғимарат салынды. Сонымен қатар, Жаппасбай батыр көшесінің бойынан 600 орындық жаңа мектеп бой көтерді. Ал, биылдан бастап қала тұрғындарының сұранысына сәйкес, «Саяхат», «Бәйтерек», СПМК тұрғын аудандарында жаңа мектептің құрылысы басталады.
Кездесу барысында тұрғындар қала тұрмысын жақсартуға қажетті ең маңызды мәселелер мен көкейде жүрген түйткілді сауалдарын ортаға салды. Дей тұрғанмен, көтерілген сұрақтың басым көпшілігі баспана, жол, коммуналдық мәселелер төңірегінде қойылды.
– Мұз айдыны мен Тарлан бокс ғимаратының алдындағы Демиснов көшесінде жарық мәселесі өзекті болып тұр. Айналдырған кішкентай көшеде жаяу жүргінші жолы да қарастырылмаған. Балаларымызды мектепке жіберуге қорқамыз. Өйткені, біздің көшемен көлік көп жүреді. Осы мәселелердің оң шешімі табылса екен, – деді ең алғаш сөз алған қала тұрғыны Қуаныш Ахметов.
Қазіргі кезде қалада көшені жарықтандыруға ерекше көңіл бөлінуде. Мәселен, 132 көшеге аталған жұмыс жүргізілді. Биыл да өз жалғасын табады. Бұл мәселені шаһар басшысы өзінің орынбасары Ерлан Бердібаевқа тапсырып, ақпанның 4-і күні бюджетті нақтылау барысында ескеретінін айтты.
Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген тәмсілді берік ұстанған басшы. Қызылорданың бүгінгі көрінісі адам танымастай өзгерген. Жыл сайын емес, күн санап, қаланың әлеуметтік әлеуеті мен сәулеттік келбеті артып, тың жобалар жүзеге асуда. Халқының саны өсіп, қаланың көлемі ұлғаюда. Бұл да нәтижелі жұмыстың бір парасы. Осының барлығын есептік кездесуге келген әрбір халықтың сөзінен анық аңғаруға болады. Өйткені, бұл аймақта қала басшысының еңбегіне шынайы оң бағасын беріп, алғыс айтқан тұрғындар көп болды. Осындайда «Алғыс арқалаған алысқа барады» деген тәмсіл еріксіз еске түседі.
Солардың бірі – көп балалы ана Гүлжахан Әлібаева. Оған жақында ғана қаланың сол жағалауынан пәтер кілті табысталды. Осы сәтті пайдаланып, қала әкіміне аналық алғысын білдіруге арнайы келген.
Мұның барлығы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен, өз туған жеріне адал еңбек етіп жүрген барлық жерлестерінің қолдауының арқасы. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, алдағы уақытта да біршама тың жобаны жүзеге асырмақпыз. Атап айтсақ, көп балалы, тұрмысы төмен отбасылардың баспана мәселесін шешу үшін 700 пәтерлі 144 үй салуға республикалық бюджеттен қаржы бөлінді. Алдағы уақытта құрылыс жұмыстары басталады.
Расында, өмірде ана мен баланың қуанышын көргеннен асқан бақыт жоқ шығар. Бұл бастама қолға алынса, қаншама отбасы баспаналы болып, қоныс тойын тойлайды.
Сондай-ақ, қала әкімінің есебін мұқият тыңдаған Қазақстанның құрметті құрылысшысы Нұрлыбай Ұлықбанұлы оң бағалап, ақ батасын берді.
Бүгінде Қызылорда жыл емес, күн санап өзгеріп келеді. Сыр өңіріне келген адам алдымен қала келбетіне көз тастайтыны белгілі. Иә, кешегі облыс орталығының кешегісін бүгінгімен салыстыра алмаймыз. Түзу көше, әсем гүлдер, өңір тарихынан сыр шертетін белгілі тұлғалардың билбордтары, заманауи аялдамалар, архитектуралық бейнелер – бәрі-бәрі бір-бірімен үйлесім тауып тұр. Сырттан келген мейманға «Бұл – біздің қала» деп мақтана айтуға толық негіз бар. Шаһар тұрғыны, құрылысшысы ретінде әрбір қадамына қарап, тамсанамын. Мұндай жетіктікке жету – қажырлы еңбекті қажет етеді. Оң нәтижеге қол жеткізіп келеміз. Қызылорданың жаңа келбеті қалыптасты. Сырдария өзенінің сол жағасын игеру қарқынды жүріп жатыр. Аймағымыз алып құрылыс алаңына айналып, республика көлемінде көш бастап тұр. Мұнымен қалай мақтанбайсың, – деді ол.
Кездесу соңында қала басшысы Н.Нәлібаев биылғы жылы да қалада біршама игі жұмыс атқарылатынын баса айтты. Сондай-ақ, әр істің әділ сыншысы болып, жол сілтеп жүрген аға буынға, әрдайым қолдау көрсетіп жүрген қала халқына алғысын білдірді.
Ақмарал ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ.