ӘРБІР ҰСЫНЫСТЫҢ МАҢЫЗЫ БАР
Облыс орталығындағы №101 мектеп-лицейде қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың аталмыш аймақ тұрғындарына арналған есепті кездесуі өтті. Оған ҚР Президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Нұрлан Тілешев, облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменов, халық қалаулылары, сала басшылары, ауыл, кент әкімдері, ардагерлер мен тұрғындар қатысты.
Қала басшысы ел алдында өткен жылдың нәтижесін саралап берді. Былтыр әлеуметтік-экономикалық маңызды мәселелер кезең-кезеңімен шешімін тауып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуда біршама игі істер жасалды. Инженерлік, коммуналдық инфрақұрылымын дамытуда, жол сапасын жақсартуда кешенді шаралар қабылданып, қала қарқынды құрылыс алаңына айналды. Көп қабатты тұрғын үйлер, көптеген нысандар халық игілігіне берілді.
Осындай ауқымды істер қаржы арқылы шешілетіні белгілі. 2017 жылдың басында қала бюджеті трансферттерді қоса есептегенде 30 млрд. 831 млн. теңге көлемінде бекітілсе, жыл қорытындысымен 43 млрд. теңгеге жетті. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласына мемлекет тарапынан бірқатар жеңілдіктер жасалып, нәтижесінде егін мен мал шаруашылығы жыл сайын қарқынды дамып келеді. «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары аясында 4 шаруа қожалығы «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы жеңілдетілген несиемен, қалған қожалықтар өз қаражаты есебінен шаруаларын дөңгелетуде.
Қалада инженерлік инфрақұрылымын дамыту жұмысы да жүйелі жүргізілуде. Бүгінде республика бойынша қалаішілік су құбырлары 60 пайыздан астам толық жаңартылған және толығымен таза, жер асты ауыз суын тұтынып отырған бірден бір қала – Қызылорда қаласы.
Тұрғын үй құрылысы да қарқынды. Соңғы 5 жыл көлемінде 12 шағын аудан бой көтеріп, 7 мыңға жуық тұрғын пәтерге ие болды. Сонымен қатар, қаланың бас жоспарына орай Сырдария өзенінің сол жағалауынан жаңа қаланың құрылысын басталды.
Есепті кездесу барысында қала әкімі Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын жүзеге асыру бағыттарына тоқталды.
– Қалада тұрмыс сапасын арттыру және жаңа инновацияны кеңінен тарату мақсатында «Ақылды қала» жобасы бойынша нақты шаралар қабылдануда, – деді шаһар басшысы. Жібек жолы даңғылынан салынып жатқан жаяу жүргіншілер көпіріне мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ыңғайлы жағдай жасау мақсатында лифт орнатылуда. Шаһарда халық көп шоғырланатын демалыс орындары мен саябақтарда ақпараттық ресурстарға, мемлекеттік көрсетілетін электронды қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін Wi-Fi тегін интернет желісін енгізуге «Orda Wi-Fi» жобасы қолға алынуда. Қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету барысында «Қазақтелеком» АҚ қаржысы есебінен тұрғын үйлерге видеодомофондар қойылуда.
Облыс әкімінің тікелей қолдауымен биыл өңдеуші өнеркәсіп саласында шыны шығару, қуаттылығы жылына 500 тонна молибден ұнтағын өңдеу зауыттары секілді ірі жобаларды іске қосу жоспарлануда.
Одан соң «Саяхат», «Сәулет», «Арай» мөлтек аудандарының тұрғындары мектеп салу, жарықтандыру, тротуар қажеттігі, баспана кезегі, аяқ су мәселелері бойынша сауалдарын қойды. Қала басшысы айтылған әрбір мәселе аяқсыз қалмайтынын жеткізді. Жиынға қатысқан көпшілік қала әкімінің жылдық есебіне оң бағасын берді.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ