Озық идеялар қанша тұрады?
Иә, озық идеялар арзан тұрмайды. Экономиканы алға жетелейтін шағын және орта кәсіпкерлік саласы дамуы үшін озық идеялардың жүзеге асуы маңызды. Бұл салада мемлекеттен бөлінетін гранттар да кезкелгенге берілмейді. Қайтарымсыз қаржы алып, кәсіп бастау үшін ұсынған идея өзгелерге ұқсамайтын, ең бастысы сұранысқа жауап беретіндей болуы қажет.
Мемлекеттен қайтарымсыз қаржы алып, кәсібін дөңгелеткендер көпке үлгі. Кәсіпке бейімделген елдің ең алдымен қоятын сұрағы да осы тақырып айналасында. Осы орайда кәсіпкерлік саласында озық идеялардың қанша тұратындығын сараптап көрелік.
3 млн-нан 5 млн-ға дейін
Жалпы, кәсіпкерлік саласында жаңашыл жобаларға қаржылай қолдау 2013 жылдан бастап жүзеге асып келеді. «Бизнестің жол картасы 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 3 млн теңгеге дейін қайтарымсыз қаржы беріліп келді. Қызылорда облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының мәліметіне сүйенсек, бүгінгі күнге дейін облысқа бұл мақсатта 431 млн теңге қаржы тартылып, шағын кәсіпкерлердің 465 жобасы қаржыландырылған.
Жеңімпаз жобалардың қатарында қаламызда «Ердәулет» жеке кәсіпкердің автокөлік бамперін дайындау, «Шаңырақ» ағаштан қолөнер бұйымдарын жасау цехы, Сырдария ауданынан «Нұрмағанбет» аяқ киім тігу цехы, Жаңақорған ауданынан «Әбділләнің» жүгері сусыны өндірісі, Шиелі ауданынан «Жетіген саз аспаптарының» музыкалық аспаптар шығару цехы, Қармақшы ауданынан «Болан» темір бұйымдарын жасау цехы жобалары бар.
Кәсіпкерлер үшін өткен жыл жақсы жаңалықпен есте қалды. «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы Үкімет қаулысымен 2025 жылға дейін ұзарды. Мұнан бөлек, бағдарламаға несиенің проценттік мөлшерлемесін субсидиялау, ішінара кепілдендіру, қайтарымсыз грант беру, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету секілді негізгі бағыттарға өзгерістер енді. Соның ішінде атап айтарлығы, кәсіпкерлік саласындағы озық идеяларға грант қаржысының 3 млн-нан 5 млн-ға көбейгені. Сондай-ақ кәсіпкерге идеясын жүзеге асыруға бұған дейін 1 жыл уақыт берілетін болса, бұл 1,5 жылға ұзарды.
Ерінбегенге «Еңбек» береді
«Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» дейді қазақ. Еңбек еткен несібесіз қалмайтынын дәлелдеу артық болар. Кәсіп бастаймын дегенге мемлекеттік бағдарламалардың берері аз емес. Атап айталық, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 200 айлық есептік көрсеткіш, яғни 530 200 теңге қайтарымсыз қаржы алып, кәсіпті бастауға болады. Бағдарлама талабы бойынша грантқа үміткерлер ең әуелі «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша оқыту курсынан өтеді. Кәсіпкерліктің әліппесін оқығандарға өз идеясын жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Талапқа сай бизнес жоспар жасап, құжатын дайындаған соң арнайы комиссия алдында жобаны қорғай білгенге, яғни нәтижелі кәсіпке жобаларға жарты миллион қайтарымсыз қаржы беріледі.
Өткен жылы аймағымызда 3088 адамға 1,3 млрд теңге көлемінде қайтарымсыз қаржы берілген.
Қояннан қыруар пайда
Қаламызда жарты миллион қайтарымсыз қаржы алып, кәсіп бастаған жастар қатары аз емес. Біз жастардың кәсіпке бет бұрғанына қуандық. Әл Фараби шағын ауданының тұрғыны Сабира Рүстем қайтарымсыз қаржы алған жас кәсіпкер. Сабираның кәсіп ашуға ынтасынан бөлек, кәсібі де қызықтырды. Ешкімге ұқсамайды. Замандастары секілді бір кәсіп ашсам деген ол «Еңбек» бағдарламасы арқылы кәсіпкерлік курсына қатысады. Қысқа мерзім ішінде бизнестің қыр-сырын ұғынуға тырысқан ол қоян шаруашылығын қолға алады. Өзгелерге таңсық көрінгенмен, Сабира үшін бұл сүйікті іс. Бала кезінен үйде қоян асырап, ұзын құлақтың бар қасиетін танып үлгерген Сабираның қоян асырауды кәсіпке айналдыруға тәуекел етуінің де себебі осы. Кәсіп ашып, тез байып кетсем дейтіндер қатарынан емес, өзі білетінді әрі қарай қолға алуды жөн көрген оның бұл бастамасы комиссия мүшелеріне де ұнады. Бизнес жоспарын ойдағыдай қорғаған үміткерге жарты миллион қайтарымсыз қаржы бұйырды. Енді шегінерге жол жоқ, іс бастау керек.
– Қоян өсіру тиімді кәсіп. Өсімтал жануар жылына үш рет көжектейді. Әр көжектегенде 6-14 көжек туады. Еті де, терісі де бағалы. Терісінен бас киім, тігуге болады. Ал еті өте дәмді әрі пайдалы. Қазір 70 қояным бар. Әлі де көбейтемін. Әсіресе великан қоянын көбейту жоспарымда бар. Оның артықшылығы салмағында. Мәселен, жай қояндардың салмағы – 1,5-2 келі болса, великандар –8-9 келі болады. Бағасы да салмағына сай, 13-14 мың теңге, – дейді жас кәсіпкер.
Әңгіме барысында Сәбираның жас та болса, өз кәсібінің қыр-сырын әбден меңгергені сезіледі.
– Қоян етінде холестерин мүлдем жоқ. Жақсылап маринадтап, 20-25 минутта жылдам әрі дәмді тағам әзірлеуге болады. Қоянның еті ДЦП-мен ауыратын балаларға пайдалы. Кәсібімді дөңгелеткен соң осындай аурумен ауыратын кішкентайларға көмек көрсетсем деймін. Сондай-ақ балаларға қоянды күтіп-баптауды үйрету жоспарымда бар, – дейді ол.
– Қоянның терісі болғанмен, әрі қарай өңдейтін зауыттар бізде жоқ, – дейді ол.
Шынында да қоянның терісінен тон, қалпақ, жаға, жакет тіксек, қанекей?! Әзірге оны өңдейтін цех жоқ екені өкінішті.
Қайтарымсыз қаржының қайтарымы немесе тауық бағу, жұмыртқа вафли
Таңшолпан да Сәбираның замандасы. Ол қалаға қарасты Баймұрат батыр атындағы ауылда тұрады. Жұмыссыздар емес, кәсіпкерлер қатарында болуды ойлаған Таңшолпан Асылбекқызы бизнес әліппесін оқыған соң білек түре кәсіпке кіріскеннің бірі. Ауылға қолайлы кәсіпті зерттей білген ол құс шаруашылығын қолға алды. Бизнес идеясын қорғай білген Таңшолпан қайтарымсыз қаржы алып, кәсіпті дөңгелетіп жүрген жас кәсіпкерлердің бірі.
Өз жобасын жүзеге асырған жас кәсіпкердің бірі – қала тұрғыны Бексұлтан Маханов. Ескі жиһаздарды қайта жаңартуға болатынын ісімен дәлелдеген Бексұлтанның бұл жобасы да сарапшылар көңілінен шығыпты. Шағын кәсіп ашып, қайтарымсыз қаржыға қажетті құрал-жабдықтар алған грант иесі бүгінде қалалықтардың жарамсыз жиһазын су жаңа етіп, көпшіліктің алғысына бөленуде.
Жеңімпаз жас кәсіпкерлер жобасы қызықтыра түсті. Қала тұрғыны Медет Ермағанбет те қайтарымсыз қаржы алып, жастар үшін кафетерий ашады. Қала орталығындағы аядай кафетерийге күніне жүздеген жас келеді десек артық айтқандық емес. Себебі, Медет дайындайтын астың орны бөлек. Жастардың сүйікті асына айналған «жұмыртқа вафли» тез дайындалады. Гонгкок вафлиін әзірлеуді кәсіп еткен Медет шынында да жеңімпаз.
Бір байқағанымыз, кәсіп бастауға тәуекел етіп, грант жеңімпазы атанған жастар өз кәсібін дөңгелетуде де жеңімпаз болуға ұмытылып жүргендер. Олар орта жолдан тоқтап қалатындар қатарынан емес. Себебі, жеңуге ұмтылғандар қай кезде де жеңеді.
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА