Жастарды жауапкершілік ширатады
Былтыр ел жастары үшін айрықша жыл болды. Елімізде жастар жылы жарияланып, оларды қолдауда ауқымда шаралар жүзеге асты. Арнайы бағдарламалар әзірленіп, жастардың қажеттіліктерін өтеудің тетігіне айналды. Жалпы елімізде жастарды қолдауға бұрыннан баса көңіл бөлініп келеді. Бұл саладағы сарапшы мамандардың зерттеуінше, Қазақстан әлем елдері арасында осыған басымдық берген ел санатында екен. Дегенмен бұл ретте алдыңғы орында болсақ та, белсенділік төмен көрінеді. Биыл – Еріктілер жылы. Бұл – жастар жылының жалғасы саналады. Тағы да жастарға қатысты біршама ауқымды дүниелер жасалады деп күтілуде. Осы орайда қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Сабыржан Кеңшілікпен әңгіме өрбіткен едік.
Орталық – бағалы бастамалар бесігі
Еліміздің әр өңірінде жастар ресурстық орталығы ашыла бастағанда оның мақсатын айқындайтын нақты құжат жоқ еді. Былтырдан бастап ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі орталықтың мақсат, міндеттері көрсетілген үлгілік ережесін бекітті. Онда ақпараттық-әдістемелік сүйемелдеуді жүзеге асыру, жастар бастамаларын қолдау, кеңес беру, олардың жағдайын талдау, мониторинг жүргізуді негізгі функция ретінде көрсеткен. Қазіргі таңда осы бағытта жұмыс жасап жатырмыз. Алдағы уақытта жылдық жоспарды құруымыз қажет. Соған байланысты жастар арасында сауалнама жүргізген едік. Бүгінгі күні оны талдау, саралау үстіндеміз. Соның қорытындысымен олардың басты қажеттіліктерін, не мәселе толғандыратынын анықтаймыз. Бұрын сауалнаманы студенттер мен оқушылар арасында жүргізумен шектелетін едік. Қазір бағыт өзгерттік десек болады. Бұл шараға «Бақытты отбасы», Халыққа қызмет көрсету орталығы, базар, емхана сынды жастар көбірек баратын орындарды қамтығанды жөн көрдік. Себебі, сол арқылы нақты мәселені білуге мүмкіндік туады деп ойлаймын. Дайын болған соң нақты іс-шаралар жоспарын әзірлейміз.
Жастардың қажеттілігі қандай?
Бұған дейін үкіметтік емес ұйымдарда, «Сана» зияткер жастар мектебінде» жастармен, оның ішінде өзге ұлт өкілдерімен тікелей жұмыс жасадым. Көбіне шығармашылық, интеллектуальдық бағыттағы жобаны жүзеге асырдық. Сонда байқағаным өзге ұлт жастары үнемі өз-өзін жетілдіруге тырысады. Өз қажеттілігін өзі қамтамасыз етуге дағдыланған. Олар өз өмірінің қожайыны тек өздері екенін жіті сезінген. Ал бізде көзқарас басқаша. Өкінішке орай «Мен міндетті емеспін», «Маған қандай пайдасы бар?» дегенді көбірек қозғайды. Соның салдарынан көпшілігі нақты қажеттілігін бағамдай алмайды. Қазіргі кезде жұмыссыздық күрмеулі мәселеге айналған. Жастар арасындағы басты кемшілік осы. Бұл бағытта қаншама іс атқарылып жатыр дегенмен, нәтиже төмен. Мәселен, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарлама бөлімі арқылы қоғамдық жұмыс, жастар тәжірибесімен қарым-қабілетіңді көрсетуге мүмкіндік бар. Мұны ұтымды пайдаланған жас тұрақты қызметке орналасады. Ал, игере алмаса тағы да жұмыссыз қалады. Тіпті, мемлекеттік қызметтің тұтқасын ұстамасаң да, жеке ісіңді ашуға болады. Жастарға жол ашатын мемлекеттік бағдарлама көп. Қолдау бар. Бірақ, ол жайында көбі біле бермейді. Орталыққа келген жастар осы мәселе төңірегінде сұрау салады. Біздің құзырымыз – әзірге тек бағдар беру.
Алдыңғы буын өкілдерінің көзқарасын өзгерту керек. Баланы дайын асқа үйретпеген жөн сияқты. Қиындықты, аштықты да, тоқтықты да қатар көрген адам ысылып шығады. Не нәрсеге болса да қабілетті, өз-өзін алып шығатындай қауқарлы болады. Баланы ерте жастан еңбекке үйретіп, өз бетінше өмір сүруіне, шешім қабылдауына мүмкіндік берген дұрыс. Ата-аналардың баласын өбектеуі, шектен тыс қамқорлығы басым. Осы себепті олар жалқау, қажеттілігін білмей, арман-мақсатсыз жетіледі деп ойлаймын. Бір жағынан жастардың намысын қайрап отыратын аға буын да аз сияқты. Бүгінгі таңдағы өзекті мәселелердің өзегі осында шығар.
Нақты қадам – нәтижелі жұмыс
Жуырда Атырау қаласында жастар ресурстық орталығы мамандарының басын қосқан оқыту семинары өтті. Ең мықты деген халықаралық тренерлер жүргізген курста Латвия, Финляндия, Литва, Мәскеу, Новосібір қаласындағы ресурстық орталықтың үлгісін көрсетті. Бір қызығы ондағы әр мекеменің өз мақсат-міндеті айқындалған. Яғни, бір қаланың өзінде бірнеше орталық бар деген сөз. Олар әртүрлі бағытта жұмыс істейді. Бірі негізгі басымдықты білімге, ендігісі – шығармашылыққа берген. Айтпақшы, онда жас айырмашылыққа қарамайды екен. Жалпы ресурстық орталық болып құрылған. Құрамында аула клубы, үйірмесі бар. Әркім икеміне қарай жанына жақын ісімен айналысады. Сол сияқты бізде әр істің басын бір шалмай, нақты жүйеге қалыптасқанды жөн көріп отырмыз. Бірнеше жобаны жасап, нәтижесіз шыққаннан гөрі ең маңызды саналатын екі-үш бағытты қамтысақ дейміз. Сонымен қатар қазіргі таңда әлеуметтік мәселелерді қозғап жүрген үкіметтік емес ұйымдар бар. Солармен бірлесіп, нақты қадамдарға барсақ ісіміз тындырымды болар еді.
Кәсіби еріктілікті дамыту қажет
Орталыққа қызметке келгелі қаладағы бірқатар оқу орнының ұстаздары тарапынан түрлі ұсыныс, пікір айтылып жатыр. Студенттердің волонтерлық топтары бар екен. Бірлесіп жұмыс жасайық деген ұсыныстары ұнады. Қазір орталықтың жанынан құрылған «Birgemiz» еріктілер корпусы» бар. Осы орайда біз кәсіби еріктілікті дамытсақ дейміз. Аталған жоба аясында оқыту, дамыту жұмыстары жүргізіледі. Ерікті ретінде көптеген қайырымдылық шарасына қатысамыз. Сондағы кемшін тұсы осы кәсіби маманның жоқтығы. Мәселен, денсаулық, экология саласы бойынша еріктілерді тартуға болады. Ерікті дәрігерлердің көмегіне зәру адам көп. Оларға сол сәтте медициналық көмек керек болуы әбден мүмкін. Орталықтың негізгі мақсатының бірі – осы. Қазір жастар ресурстық орталығы қалыптасу кезеңінде тұр. Алдағы уақытта көздеген мақсатқа жететінімізге сенемін.
Өлең оқу эстафетасы – Абайды тану емес
Биыл республика бойынша Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150, А.Құнабаевтың 175, Алтын Орданың 750, Жеңістің 75 жылдығы кең көлемде атап өтіледі. Мұндай ұлықтау шарасынан біз де қалыс қалмаймыз. Дегенмен нақты мынадай іс-шара өткіземіз деп айта алмаймын. Себебі, аты айғайлаған астары жоқ тірлік жасағымыз келмейді. Ұлы тұлғаларды ұлықтау, дәріптеуде азық боларлық дүние қалса дейміз. Әзірге ойластыру үстіндеміз. Өз басым өлеңін не шығармасын оқу, суретке түсу эстафетасын маңызды санамаймын. Алдында әлеуметтік желіде А.Құнанбаевтың 175 жылдығына орай осы сынды эстафета жолданып жатса, бір орыс қызы «ол кім сонша ұлықтайтын» дегендей пікір қалдырыпты. Бұдан біз қазақтың бас ақынын жеткілікті таныта да, дәріптей де алмаймыз. Сондықтан жеті рет өлшеп, бір кескенді жөн санаймыз. Ұялмай айта алатын танымдық шара болғаны дұрыс шығар.
Әңгімелескен Айдана САЙДУЛЛАҚЫЗЫ