АРАЛДА ЖАҢА АВТОБЕКЕТ АШЫЛДЫ
Арал ауданының халқы жеке кәсіпкер Жақсат Исаевтың «Жақсат и К» автобекет нысанының ашылу рәсіміне куә болды.
Тұрғындардың бұл қуанышына аудан әкімі М.Оразбаев пен облыстық мәслихаттың хатшысы Н.Байқадамовтар ортақтасып, кәсіпкер азаматты, жұртты арнайы құттықтады.
Жалпы жоба құны 70 млн. теңгені құрайтын автобекетте көрсетілетін қызмет түрлері заманауи талаптарға сай. Атап айтсақ, бұл арада жолаушылар тасымалымен қамтамасыз ету, жолаушыларға алғашқы медициналық көмек көрсету, азық-түлік және тұрмысқа қажетті тауарлармен қамтамасыз ету, және 5 бағытқа (Арал-Қызылорда, Арал-Шымкент, Арал-Түркістан, Арал-Байқоңыр, Арал-Қазалы) қатынауға толықтай мүмкіндік қарастырылған.
Сонымен қатар, бұл арада шағын асхана, билет кассасы, күту залы және де жүргізушілерге арналған демалу орны да бар. Сондай-ақ, ана мен балаға арналған бөлменің сән-салтанатына ерекше назар аударылған.
Айта кету керек, автобекет тұрағына бір мезгілде 5 автобус, 20 жеңіл автокөлік орналаса алады. Сондай-ақ, күнделікті 10-нан аса автобустар 600-ге жуық жолаушыны тасымалдауға мүмкіншілігі бар. Бүгінгі таңда автобекетте 10 қызметкер жұмыспен қамтылған.