Аттандық Абайға...
Шығармашылық топтың бұл жолғы бағыты – Қосшыңырау ауылдық округінің орталығы саналатын Абай ауылы. Орайы келгенде айта кетелік, ауылдардың тыныс-тіршілігін тілшілер тобымен бірге келіп жазуды дәстүрге айналдырдық. Сондай-ақ, алдын ал «бара жатырмыз» деп ауыл әкімдігін әбігерге салмай-ақ, ешкімге хабарласпай-ақ ауылдың тініс тіршілігін көзбен көріп, көңілге түюдегі мақсатымыз – шынайы ауылдың бейнесін сол қалпында оқырманға жеткізу.
Ұлы ақынның есімімен аталатын ауылдың тарихы терең. 30-жылдардың басында құрылған Жаңаталап, Жыңғылдыкөл, Интернационал, Сталин колхоздарының бірігуімен қаланған. Абай ауылында бүгінде 560 үй бар. Ауылда дүрілдеп тұрған өндіріс орны, селт еткізер серпінді жобалар болмаса да, кәсіпкер азаматтардың қамқорлығы сезіледі. Ауылдағы аялдама, жаңадан құрылысы жүріп жатқан мешіт, тіпті мектеп ішіне әжетхана салу да кәсіпкер азаматтардың қолдауымен жүзеге асқаны «бәрекелді» дейтіндей іс.
Әр үйдің мұржасынан түтіні будақтаған ауыл көктем келсе үлкен іске кірісуге бел буып отыр. Арман болған «көгілдір отын» ауыл іргесінде тұр. Көктем шығып тоң жібісе, тұрғындар газ кіргізу қамына кіріспек.
Ақынның арманы жүзеге асар ма екен?
Иран-Ғайып секілді арқалы ақынды дүниеге әкелген қасиетті мекен бұл. Білетіндер ақынның ауылы деп атап жатады.Ұлы ақынның есімі қасиеті бұл ауылға дарыса керек-ті. Иран-ғайып, Ділдәхан Торғаева, Жеңіс Аймағанбетова деп санасаң тізбектеле беретін ақындар тізімі үзілмейтінінен үміттіміз.
Алыста жүрсе де туған топырағынан алыстамайтын ақын Иран-ғайыптың бір арманы бар екен. Ол ауылдың кіре берісіне «Абай әлемі» аллеясын жасау. Өзі макетін сызып, «қаражат болса қанекей» деп жүрген ақын арманы арзан тұрмайтыны белгілі. Ауыл әкімі Дулат Таубай «Абай әлемін» жасау үшін біраз қаражат қажет екенін жасырмады.
Ескірген ескерткіш
Ақын атымен аталатын ауылда Абай ескерткішінің болуы заңдылық. Ауыл орталығында қасқайып тұрған ескерткіш болмаса да, Абай атындағы мектеп алдында Абай бюсті бар. Ескерткіштер де күтімі болмаса тозады. Абай ескерткіші де жаңартуды қажет етіп тұр. Кезінде жан-жағы силикатпен өріліп, уақыт өте мүжіле бастаған соң мектеп басшылығы сыртын жылтыр материалмен қаптап, әдемілеуге тырысқанмен, мұның өзі ескерткіш еңсесін түсіріп тұр. Ескерткіш авторы да белгісіз. Ауыл әкімімен әңгіме барысында ұлы ақынның ескерткіші өте сәтсіз шыққанын жасырмады. «Мерейтойлы жылда жаңа ескерткіш қойсақ» деген жоспары бар екенін жасырмады. Әрине, барлығы қаржыға келіп тірелетіні белгілі.
Репетитор іздемейтін ауыл
Ұлы ақынның атындағы ауылдағы №138 орта мектеп ел тәуелсіздігімен бірге жасап келеді. Мектеп директоры Кенжегүл Қуанышбаева да осы білім шаңырағына жас маман болып келіп, басшылыққа дейінгі сатыларда өсіп, еңбегі сіңген жан. Ауылдың тынысын да, білім ордасының жай-күйін де бес саусағындай білетін ауылдың жанашыры десек артық айтқандық емес.
Мектепке кіре бергеннен-ақ ақынның мерейтойлы жылы екені сезіледі. «Кеше ғана облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Абай жаққан бір сәуле сөнбеуі үшін» атты тағылымды кеш өтіпті. Абай суреттеген жылдың төрт мезгілі бейнеленген мектеп фойесі әдемі әсерге бөлейді.
Мектеп ғимараты жөндеуді қажет ететіні айтпаса да көрініп тұр. Есік-терезе көненің көзіндей. Бір қуанарлығы, мектеп іші ұядай жылы. Бүгінде 498 оқушы білім алып жатқан мектепте мақтанарлықтай үздіктер қатары аз емес. Бір ғана мысал, қаладағы 54 мектеп ішінен «Жылдың үздік ұстазы» атанған Әсел Пірімова осы мектептің мұғалімі. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, мектеп шәкірттері де түрлі сайыстарда жүлдесіз қалған емес. Тағы бір мысал келтірсек, өткен жылы мектепті 20 оқушы бітірсе, оның 13-і жоғары оқу орнына түскен. 5-і арнаулы орта оқу орнына түссе, 2-і жұмысқа орналасқан. Тіпті 3 «Алтын белгі», 3 «Үздік аттестат» иегерінің шыққаны білім ордасында білім сапасын айғақтай түскендей.
«Оқушылардың репетитор жалдап қосымша сабаққа барғанын құптай қоймаймын. Репетитордың үйреткенін мектеп мұғалімі беруі тиіс. Әр мұғалімнің сапалы білім беруге жауапкершілігі болғанын қалаймын» дейді мектеп директоры.
Ел болашағы
Ауылдағы қоңырқай тіршілік. Бірі жұмыста, бірі үйде дегендей, ауыл көшесі тым-тырыс. Әр жерден мұржадан шыққан түтін ауылда тіршілік барын сездірткендей. Ауылдың тыныс-тіршілігін аралап кеткен әріптестер қайтуға жиналдық. Түс мезгілі де тақаған уақыт. Бір топ бүлдіршін жол бойында топтасып келеді. Кішкентайлардан жөн сұрастық.
– Қай ауылда Тұрасыңдар?
– Абай ауылында.
– Биыл Абай атамыздың 175 жылдық мерейтойы екенін білеміз ғой?
– Иә,иә-әә дейді бәрі дауыстап.
– Ендеше ақынның өлеңін кім жатқа біледі?
– Мен,мен, мен.
Көше ортасында бәрі қолын көтеріп дуылдасып жатыр. Біз мәзбіз.
– Ал, қанекей кезектесіп айтайық.
Жол үстінде «поэзия кеші» басталып кеткендей. Қос бұрымында бантигі желбіреген қазақтың кішкентай қызы қолын сермеп тұрып өлең оқып жатыр. Мұнан кейін тағы бір бүлдіршін, тағы да, тағы да жалғаса берді. Абай әлеміне еніп кеткендейміз.
Ауылдың сұрқай кейпін Абай өлеңін жүрегімен оқыған кішкентайлар жарқыратып жібергендей. Сондай бір керемет сезім. Ауылдан қуанып қайттық. Бұлар елдің болашағы ғой!
Ананың ақ батасы
Ауылдағы ағайынның ахуалын білуге келгеннен кейін, мұндағы қазыналы қарттарға сәлемдесуді жөн санадық. Бұл елді мекенде 15 баланы дүниеге әкелген батыр ана Нағима Аймағанбетова тұратынын естігенмін. Сол кісінің үйіне қарай аяңдадым. Сырттай қарасаңыз ауылда әдемі көрініс байқалады. Қарадомалақ балалар көшеде асыр салып ойнап жүр. Ойын балалары қыстың салқынын сезетін емес. Ал үлкендері амандық-саулық сұрасып тұр. Бізде амандық сұраса ақ жаулықты ананың үйіне келдік. Бүгінгінің нағыз батыры болып есептелетін мұндай кісілермен кездесудің өзі бір бақыт. Олардың айтқаны, көргендері, басынан өткізген қиындықтары тұнып тұрған тарих. Нағима ана сол тарих беттерін парақтай бастады. «Бүгінгі күнге шүкір деу керек» деп жалғады әңгімесін әже. Аузынан Алланы тастамайтыны аңғарылды.
– Аллаға шүкір деймін, 15 баланы дүниеге әкелдім. Тәрбиеледік, оқыды, тоқыды. Бүгінде әр сала бойынша бір-бір маман атанған жайы бар. Осылайша бала күннен бастап, елге қызмет етіп келеміз, – дейді ол.
Жақсының жұрнағы, алтынның сынығындай болған батыр анамен өткізген жарты сағатта біраз өнегелі әңгіме айтылды. Бала тәрбиесі, ене мен келін қарым-қатынасы, келіндік міндет. Осындай жауапкершілікті қазіргі қыздар сезініп жүр ме? Тіпті көп балалы екенін міндетсінетіндер де бар. Ал, Нағима әже бәріне тек қана еңбектің нәтижесінде қол жеткізді. Ата-енені сыйлады, алдарынан кесе-көлденең өтпеді. Сондықтан жастарға да еңбек ету керектігін айтады.
– 43 жыл енеммен бірге тұрдым. Бір-бірімізге ренжіген кездеріміз болмапты. 15 немересін бақты. Балалардың тамағы, оқуына сол кісі жауапты болды. Әженің тәрбиесін көріп өсті. Мен күндіз-түні жұмыстамын. Күріш ектім, – деп өткенін еске алды.
Өзі айтып өткендей, Нағима ананың халыққа сіңірген қызметі орасан. Тынымсыз еңбегінің нәтижесінде зор жетістіктерге жетті. Ақ маржанды егудің қыр-сырын үйреніп, күріштен мол өнім алды. Еңбек етуден шаршамады. Алғашқы 5 жылдықта 57, онан соң 75, одан кейінгі жылдары 90 центнерден өнім алған ол аудандық, облыстық кеңестiң депутаты, партия пленумдары мен съездерiнiң делегаты болып сайланып қана қоймай, биiк мiнбеден аймақ мәселесiн көтере білген. Осындай құрметті істерімен елге сыйлы болған батыр ананың еңбегін халық әсте ұмытпайды. Ауылдық әкімдік тарапынан ардақты жанға тиесілі көмектер көрсетіліп, хал-жағдайын сұрап тұрады. Алтын алқалы ананың тілегі – елде тыныштықтың болуы.
– Жастар ел үшін қызмет етуі керек. Келіндер көп балалы болуды мақсат еткен жөн. Аздан көп жақсы. Әр бала өзінің несібесін ала туады, – деп ақ тілегін жаудырды батыр ана.
Ананың ақ батасын алған мен де ерекше сезіммен қайттым. Расында, көп баланың анасы болу– ерекше сезім мен ұлы бақыт.
Көпке үлгілі келін
Батыр ана Нағима Аймағанбетовадан ауылдағы жас келіндер үлгі алатын секілді. Мәселен, осы үйге қарама-қарсы тұратын Надежда Лукьянова есімді келіншек те көп баланың анасы. Небәрі 32 жастағы Надежда 9 баланы дүниеге әкелген. Өзім де жас болған соң, бұл тақырыпқа қызыға түсіп, онымен әңгімелесуді жөн көрдім. Таңқаларлығы, орыс қызы қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, ұлттық салт-дәстүрді берік сақтаған. Ол тоғыз баланы бағып-қағуда ешқандай қиындыққа мойынұсынбайтынын айтады. Үйінің ұйытқысы болу, ерін сыйлау, кішіпейілділік сияқты ізгі қасиеттер қара шаңырақтан алған тәлімі.
– Отбасы бақыты – құдай қосқан қосағыңмен балалардың қызығын бірге көру, – дейді бізбен әңгімесінде жас ана.
– Көпбалалы шаңырақта тәрбие алған сәбилер бір-біріне бауырмал келеді. «Әйелдің бақыты – баласында» дейді емес пе! Маған сәбилерімнің сыңғырлаған күлкісі қуаныш сыйлайды. «Бір қозы туылса, бір түп жусан артық шығады» демекші, әрқайсысының өз несібесі бар. Қазіргі уақытта елімізде көп балалы анаға жағдай жасау алдыңғы кезекке қойылған. Әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасылар – ел Президентінің тұрақты назарында. Бұл жайында күн сайын ақпарат құралдарынан таныспыз, – дейді ол.
Шын мәнінде отбасында барды қанағат етіп, ерін піріндей көретін бойжеткендер азайып бара жатыр. Бір-екі баланы қанағат тұтып, барыма береке берсін дейтін шаңырақтар қаншама. Оның қасында тоғыз баланы дүниеге әкеліп, әулетін шаттыққа бөлеп отырған Надежда әйел бақытына лайық жан. Отағасы Бауыржан екеуі шаңырақ көтерген күннен балалы үйдің базарлы екенін ұғына білді. Олардың тұңғышы мектеп оқушысы болса, кенже бөбегі он айлық.
«Отбасы – шағын мемлекет» деп тегін айтылмаған. Бір-біріне осындай сыйластығы мен сүйіспеншілігі арта түскен жастар еліміздің іргесін нығайтып, рухымызды асқақтатыны анық.
Алғашқы жәрдем ауылдан
Тұрғындардың басы ауырып, балтыры сыздаса алғашқы көмек көрсетуге мұнда мүмкіншілік мол. Қосшыңырау ауылдық округінің халқы облыс орталығындағы №6 емханаға қаралады. Дегенмен, елді мекенде алғашқы жәрдемді көрсететін дәрігерлік амбулатория жұмыс жасайды.
Біз барғанда медициналық қызметке жүгінуге келгендер көп екен. Тұрғындардың уақытын ұрламайық деген ниетпен дәрігермен аз-кем тілдестік.
– Біз алғашқы көмекті көрсетеміз. Балалардың температурасы көтеріліп, аяқасты болған шақыртуларға өзім барамын. Ал күрделі жағдайлар туындаса «Жедел жәрдем» келеді. Негізінен «Жедел жәрдем» Қарауылтөбе, Досан, Қосшыңырау ауылдық округтеріне арналған. Науқастардың сырқатына қарай дәрі-дәрмегін жазып беремін. Күндізгі стационарда уақытылы келіп, емдерін қабылдап жатқан тұрғындар бар. Одан бөлек, қаладағы №6 емханаға жолдама береміз. Сол жақтан тиісті дәрігерге көрінеді. Ауыл тұрғындары тегін дәрілерді дер кезінде алуға мүмкіндік бар, – деді аймақтық дәрігер Салтанат Адранова.
Үш жылдан бері қызмет етіп келе жатқан дәрігерге көршіліктің пікірі оңды. Емхананың іші де заманауи жабдықтармен жабдықтылғаны көзге көрініп тұр. Бұдан Қосшыңырау ауылдық округінде сапалы дәрігерлік көмек көрсету мәселесі шешімін тапқаны айқын аңғарылады.
Шатыр астындағы екеу...
Абай ауылындағы мәдениет үйі мен №5 кітапхана тұрғындардың рухани ләззат алып, жан дүниесін азықтандырар мекені саналады. Сондықтан руханият ошағына ат басын бұруды да жөн көрдік. Журналист қауымын көрсе үрке қарайтын үрдіске біз де үйреніп қалғандаймыз ба?.. Табалдырықтан аттай бере қандай күйде қарсы алар екен деген ойдың қылаң бергені рас. Құдайы қонақ боп келген бізді руханият ұжымы жатырқамады.
Ә, дегеннен-ақ, мәдениет үйінің әдіскері Әйгерім Исабекова ұжымның жұмыс барысын баяндады. Ойыңды айтпай түсініп, тыныс-тіршілігімен таныстырып жатыр. Типтік үлгідегі нысанның іргесі 1987 жылы қаланыпты. Еліміз тәуелсіздік алған жылы ел игілігіне берілген. Содан бері ауылдың мерейлі мерекесі, көңілді кештері осында аталып өтеді. Бар-жоғы 5 бөлмеден тұратын екі қабатты шағын ғимарат мәдени өмірдің мәйегіне айналғалы да ширек ғасырдан аса уақыт өткен. Содан бері мұндағы түрлі рухани кешке, кездесу мен жиынға, мереке, думанға асыққан халықтың легі толастамаған.
Ауылда әсем ән мен тәтті күйді әуелетіп, жұртшылықтың ата-баба дәстүрі, әдет-ғұрпымен сусындауына мәдениет ошағындағы 13 қызметкердің үлесі зор. Кез келген мәдени іс-шараның өз деңгейінде өтуіне жұмыла атсалысады. Маманның айтуынша, ауыл жұртшылығы өнерлі. Сегіз қырлы, бір сырлы жан көп. Әсіресе, жас жеткіншектердің өнерге деген ықыласы ерекше. Сол себепті оларды өнерге баулу, бос уақытын тиімді пайдалану үшін арнайы ән айту, домбыра тарту, көркем сөз үйірмесі ашылған. Сабақтан тыс уақытта оқушылар осында келіп, қарым-қабілеттерін жетілдіреді. Ал, өскелең ұрпаққа халық өнегесін дәріптеуде 2014 жылы мәдениет үйі жанынан «Ақниет» әжелер ансамблі құрылған. Кез келген жиын, той-томалақ, мереке-думанның көрігін қыздырып жүрген ақ жаулықтылар ел арасында танымалдылыққа ие. Көптеген байқаудың жеңімпазы. Ауылдың алты ауызы болған аналар қауымына осылайша ұлттық болмысты ұлықтауда зор жауапкершілік жүктелген.
Қазіргі таңда мәдениет үйі тек мерекелік іс-шара да ғана есігі ашылатын нысан емес. Қысы-жазы тұрғындардың басын қосып, мәдени тірліктер жасалады. Ауыл жастарының өтінішімен кейде кинотеатр қызметін де атқарады. Көбінесе тәрбие құралы ретінде отандық патриоттық туындылар көрсетіледі. Арасында экшн, фантастика, атыс-шабыс жанрындағы киноға да сұраныс түседі екен.
Биыл баршаға белгілі, ел тарихында елеулі орны бар тұлғалардың мерейтойы республика көлемінде аталып өтеді. Ұлы ақын А.Құнанбаевтың 175 жылдығына байланысты шаралар бастау алған. Қазақтың бас ақыны, хакім Абайдың атымен аталатын елді мекен де бұдан шет қалмауы тиіс. Сондықтан сөз арасында оған дайындық барысын сұраған едік. Ойлағанымыздай, жақында округтегі білім ошағында облыстық ардагерлер кеңесінің қолдауымен «Абай жаққан бір сәуле сөнбес үшін» тақырыбында танымдық шара өтіпті. Оған мәдениет үйі, кітапхана, мектеп ұжымы, оқушылар түгел атсалысқан. Маманның сөзінше, бұл бағыттағы іс-шара алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Әңгіме барысында ұжымның жетістігімен бірге оларды толғандырған жайттар да сөз болды. Мәселен, мұнда биші, баян тартушы маман тапшы. Сондай-ақ, музыкалық аппараттар ескіріп, жарамсыз күйге жеткен. Ендігі қажетті мамандардың қатары толықса, музыкалық құрылғылар жаңартылса деген ұжымның тілегі бар. Әйтпесе, шараны ұйымдастыруда біршама қиындық туындатады-мыс.
***
Жоғарыда айтып өткендей, елді мекендегі №5 кітапхана осы мәдениет үйінің бір бөлмесінде орналасқан. Үстіңгі қабатта орын тепкен кітаптар әлемімен кітапханашы Күлайша Сынасапова таныстырды. Ұзынша келген бөлмеде кітап сөрелері құдды сап түзегендей қаз-қатар орналасыпты. Әдеттегідей кітапхана ішінде тыныштық орнаған. Біз келерден бірер минут бұрын кішкентай оқырмандарды шығарып салған Күлайша Жұмашқызы рухани байлықтарды реттеп жатыр екен.
– Күнделікті жұмыс барысы кітаптарды реттеу, жүйе бойынша орналастыру, кітап қорын тексеру сияқты тірліктен басталады. Барлығы өзінің тәртібі бойынша тұруы қажет. Мәселен, мына сөредегі кітаптарды әр сала бойынша қойып жатырмын. Бұрын әріптік жүйе болса, қазір салаға қатысты орналастырылады. Одан бөлек мына жерде кітап қорын түгелдеймін. Қандай дүниелер қажеттігін анықтап, тиісті орындарға сұраныс жіберемін. Әзірге, ел сұранысындағы керекті кітаптардан тапшылық жоқ. Ауыл оқырмандарының іздегені табылуда, – деді ол бізбен әңгімесінде.
Иә, қайсыбір кітапхана болмасын ішіне енгеннен жанына тыныштық орнап, миың қауырт тірліктен тынығып, рухани толысқандай күй кешетінің рас. Бұл жерде де сәл аялдап, бір сәт сол рахатты сезінгің-ақ келеді...
Кітапхананың бір шетіне М.Әуезовтың кітаптарынан «Абай» бұрышы жасақталыпты. Ол жазушының бас ақын туралы еңбектері, «Абай жолы» роман-эпопеясынан құралыпты. Ал, бір жақ қабырғадағы сөре арнайы биылғы мерейтой иелеріне арналған. Ұлы тұлғалар туралы танымдық материалдар, кітап, журналдармен толысқан.
Сонымен мұнда сегіз салаға қатысты, әдебиет, проза, поэзия тағы басқа да бағытты қамтыған 23 мың 284 кітап бар екен. Кітап қоры аз емес. Қажетті кітаптар сұраныс арқылы жеткізіледі. Ал осыншама байлықты іздеушілер бар ма екен? Бүгінгідей телефонға телмірген мезетте жастар кітап оқымайды деп жатады. Көкейдегі бұл сауалға да қонымды жауап алдық. Кітапханашы 900-ге жуық оқырман барын мақтанышпен жеткізді. Оның ішінде зейнеткер, жастар, оқушы, ұстаздар бар. Кітапханашы Күлайша Сынасапованың ендігі мақсаты – коворкинг орталығын ашу. Мұндай орталық қазір қаланың, оған қарасты біраз ауылдың кітапханасында бар. Сондықтан заманауи үрдістен қалмай, жастардың талабына сай болуды көздейді.
Жаңбырлы күн. Бір үміт
Бір шатыр астындағы қос руханият ошағы жаңбырлы күні абыржиды. Себебі де белгілі. Төбесі жабылмаған соң тамшылаған су титықтатып жібереді. Әсіресе, жоғары қабаттағы кітапхананың халі мүшкіл ондайда. Байқағанымыздай, су аққан жердің сарғайған ізі қалыпты. Дәл сол тұстағы кітап сөрелерін әрірек ығыстырып қойған. Жауын-шашынды күндері кітаптар су астында қалмасын деп әлекке түсетін кітапханашының жанайқайы осы. Қазақтың абыз ақыны А.Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында ақын атымен аталатын ауылдың бірқатар мәселесі шешімін тапса, құба-құп болар еді.
Абай атындағы көше...
Ауылдық округтің орталығы болған Абай ауылында А.Құнанбаев атындағы көше бар. Елді мекен ұлы ақынның атын иемденгелі бар көше. Қуанышқа орай, бұл аумақтың ахуалы жақсы екен. Көшеге 2012-2013 жылдар аралығында жөндеу жұмыстары жүргізілген. Содан бері тұрғындар асфальтталған көшенің игілігін көруде. Түнгі жарық мәселесі де оң шешіліпті. Ауылдағы мектепке апаратын негізгі жол теп-тегіс, түнде жап-жарық. Сол арқылы тұрғындардан бөлек, ұстаздар мен оқушыларға да жағдай жасалған. Әйтпегенде ше, данышпан, хакім Абайдың атындағы көшенің талапқа сай болмауы кім-кімге де сын болар еді.
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА,
Айтолқын АЙТЖАНОВА,
Айдана СЕЙІЛ