Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Соғымға не сойдыңыз?

Соғымға не сойдыңыз?

    Балаларым қазақтың ет тамағын жақсы көреді. Екі күн демалыста, етті былқытып асып, қолдан қамыр жайып жегенге не жетсін.  Қыстың суық күндерінде соғым етін асып жеп.

Ет жемесең, түсіңе кіреді...
Расында, бір күнін етсіз елестете алмайтын қазақтың ұрпағымыз. Әсіресе, қыс мезгілінде. Үлкен тамаққа үйдің үлкендерін қонаққа шақыратын әдетім. Осындай бір ас-ауқаттың үстінде қазақтың соғымы жайлы сөз болды. Әңгімені енем бастады...
– Еттерің бар ма үйде, күннен-күнге ет қымбаттап жатыр екен...
– Бүгін соңғы етті қазанға салдым. Өзіңіз білесіз, биыл етті килограмдап алып отырмыз.
Үлкен кісілер килограмдап алған етті соғым болмайды дейді. Қысқа арнап, жылқы, сиыр байлап соймайынша астың дәмі кірмейді деген пікірде олар. Себебі, денсаулықтың мықты болуы құнарлы тамақтануға да байланысты екені анық.
 – Аталарың күздің соңғы айында соғымға арнайы мал дайындайтын. Әсіресе, жылқы малының етін тәуір көреді. Денсаулыққа пайдасы да зор. Оның үстіне далада жер басып жайылған малдың еті дәмді болады. Ол кезде кеңшілік заман ғой. Бір бас малды арнайы соғымға сойып, үй-үй болып кеткен ұлдарға таратып беретінбіз, – деп әңгімесін жалғады енем.
Расында, қыстың қамын жазда ойлайтын ағайын күн суыта бастағаннан ала соғымға кірісетін. Еміс-еміс есімізде, соғымның берері мол. Ел-жұртты береке мен бірлікке шақырады.  Соғым сою – қазақтың ежелден келе жатқан дәстүрінің бірі. Оған жылқы, түйе, сиыр сойылады. Мүмкіндігінше ірі қара малды байлап, арнайы сойған жақсы. Береке басы – бірлікте деп бекер айтылмаған ғой. Бұл дәстүр кезінде ауыл ағайындарының басы тез қосыла кетеді. Бір-біріне қол көмек беру үшін. Көз алдыңызға елестетіп көріңіз, бірі пышағын қайраса, келесісі малды жығуға дайындап жатыр. Керемет көрініс. Енемнің айтқан әңгімелері менің көз алдыма келіп жатқан көріністерді жалғай түскендей болды.
– Соғым союдың өзі кішігірім той сияқты өтетін. Әулеттің ер кісілері мал союмен және оны жіліктеумен айналысады. Ал әйелдер қауымының міндеті ішек-қарын аршу мен қазы тығу. Бұл дәстүр кезінде жиналған ағайындардың әзіл-қалжыңы, мәз-мейрам болған балалардың күлкісі адамға ерекше сезім сыйлайды. Сондықтан да дәстүрдің өз құндылығы бар. Бүгінде ауызбіршілік артта қалып барады, – деді ол кісі.
Көпті көргені айтқан әңгімесінен аңғарылатын енемнің сөзінің жаны бар. Бүгінгі ұрпақ қазақылықты сақтамай өсіп келе жатыр. «Соғым шүйгін болсын», «қазан майлы, көңіл жайлы болсын» деген тілектерді айтып, «соғым басын» жейтін салттың сәні бүгінде қашып тұр. Жөн-жосықты білетіндер «Береке қашады», «жалғыз қалады» деген ырыммен соғым басын қонақ  шақырмай, өздері ет жемейтін. Дегенмен, қазіргі таңда соғымды сою, кеңшілік жасайын десе, нарық қалтаны қысып тұр. Еттің құны шарықтап барады.         
Баға шарықтап барады
            Соғымды сойып, қазы қосылған етті жеуді кім де болса армандайды. Тек дағдарыс қалтаны қысып тұр. Нарықта ет бағасы күн өткен сайын қымбаттай түсуде. Мал сатумен айналысатын Ақылбек Сыздықбаев базарда жылқы 250-450 мың теңгеден, сиыр 150-400 мың теңгеден, қой 30-50 мың теңге аралығында сатылымда дейді. Мұндай бағаға жылқы немесе сиыр сатып алуға қара халықтың қалтасы көтере қоймас. Сондықтан да килограмдап алып, соны талғажау етеді.
             Қала тұрғындары соғым соя ма, сойса қайдан алып, қанша мал сояды? - деген сауалдарға жауап іздеп көрдік. Әркім әрқалай жауап берді. Бірқатары базардан алса, ауылдан арнайы соғым алдыратындары да бар екен. «Елдегі еттің бәрі экспортқа шығып, мал қымбат болған соң соғым соя алмай қалдық» деген пікір айтқандар болды. Мұнысы да шындыққа жанасатындай. Мәселен, өткен жылы Қазақстаннан шетелге 156 мың бас ірі қара мал, 264 мың бас қой шығарылған. Дегенмен, жаңа жылдан бастап Ауыл шаруашылығы министрлігі малды тірілей экспорттауға тыйым салды.  Жаңа бастама еліміздегі ет өңдеу кәсіпорындары мен бордақылау алаңдарының жұмысын жандандырады деген пікірде.
                                     Марина қазыны сағынып жүр...          
           Соғым туралы сөз еткенде, қазы-қарта, жал-жаяны айтпай кете алмайсыз. Демек, қыстың аязды күндері қазыдан дәм татқыңыз келсе, жылқы малын қысқа азық етіңіз. Қазы туралы неге сөз қозғадым. Соғым жайлы қазақтың етін жақсы көретін Марина Обендерфер есімді неміс ұлтының азаматшасына хабарласқан болатынмын. Ол кісі бірден қазыны сағынғанын айтты.
             – Қызылорда облысы, Шиелі ауданының Жаңатұрмыс ауылында тұрғанмын. Әкем Томас сол колхозда жұмыс істеген. Анам Нелли ауылдың мектебінде 25 жыл қызмет етті. Балалық күндерім әлі есімнен кетпейді. Үйде мал болатын. Әке мен анам қорада мал ұстайтын, олардың санын біршама көбейтті. Қыстың күні арнайы көршілер келіп, соғым соятын. Үйден ет арылмайтын. Әсіресе, қазыны ерекше жақсы көретінбіз. 2000 жылдан бері Германияда тұрамын. Мұнда соғым сойып, күнде ет жеу жоқ. Қазақтың тағамдарының ішінде әсіпті әлі күнге жасап беремін. Балаларым ет тамағын жақсы көреді, – деді ол бізге ағынан жарылып.
           Германияға көшіп кеткеніне 20 жылдан асса да, Марина апай қазақ тілінде сөйлесті. Туған жерінен бір азаматтың хабарласқанына ерекше қуанғандай. Ашық-жарқын лебізін білдірді. Сөз арасында туған жері Қазақстанды сағынып жүргенін тілге тиек етті. Әсіресе, ауылдың құрт-майын, ірімшігін, наурыз көжесінің тіл үйірер дәмі аузынан кетпегенін айтып өтті.
     Айтолқын АЙТЖАНОВА
15 ақпан 2020 ж. 861 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 439 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам