Береке басы – соғым асы
Ертеде қазақ халқы қыста қыстауды қыстап, жазда жайлауға барып, мал жайын жасаған. Ол кезде салт-дәстүрді берік ұстанып, маусымдық тойларға ерекше мән берген. Әр мезгіл өзінше ерекшеленсе керек. Атап айтар болсақ, көктемде наурыз тойында шаттыққа бөленіп, жаздың әр күні той-думанға ұласқан. Ал, күзде мол астық қамбаға құйылып, алтын күзді дүркіретіп тойлаған. Сонымен қатар, қытымыр қыс келгенде соғым сою дәстүрін өткізді. Әрбір отбасы жаздай соғымға арнап баққан малын сойып, ауыл-аймақты, туған-туысты, көрші-көлемді шақырып, ұлан-асыр той жасаған. Олар «Соғым – ел асы» деген қағиданы берік ұстанды.
Бала күнімізде ауылда жылда бұл дәстүр қайталанып жататын. Сол күн біз үшін үлкен мереке еді. Өйткені, жеңгелеріміз дәу қазанға қуырдақ қуырып, етке тойып, мәре-сәре болатынбыз.
Қазақ – үйіне келген адамды төріне шығарып, хандай күтіп, дастарханына барын қоятын дархан ел. Кезінде ата-бабамыз құдайы қонақты да қырықтың бірі қыдырға балап оған зор құрмет көрсететін.
Бүгінде соғым сою дәстүрі жыл өткен сайын заман талабына сай түрленуде. Әсіресе, қалада тұратындар үшін оны сақтау өте қиын. Сондықтан олар бүгінде етті жіліктеп алуға үйренді. Күн суытысымен малды сойып сататын қасапшының наны жүреді. Өйткені, елдің бәрі қыстай жілік алады. Кейде оған таласып, келесі кезекті күтетіндерді де көз көріп жүр.
– Күздің соңғы айынан бастап, соғымға деген сұраныс арта бастайды. Кейде малды бір аптада екі рет соятын кезіміз бар. Жылқыны бірнеше ай баптаймыз, семіртеміз. Қазір өзімнің тұрақты тұтынушыларым бар. Қарызға беріп, оны уақытылы жинап аламын. Қыста жілікке сұраныс көп. Бұл кәсіпті әкемнен үйрендім. Кезінде ол ауылда белгілі қасапшы болды. Кімнің үйі мал сойса, сонда жүретін. Бала күнімде қасынан қалмай еріп барушы едім. Мал союды солай үйренсем керек. Әке-шешеміз қысқы мезгілге дайындық жасайтын. Жыл сайын осы мезгілде бауырларымен бірге соғым дайындайтын. Сол күні әулетімізде үлкен той болушы еді. Қазір бұл үрдіс әлі де отбасымызда да сақталған. Аға-әпкелеріммен бірігіп, жылда соғым басын соямыз. Осылайша басымыз қосылып, қара шаңырақты бір шаттыққа бөлейміз, – дейді қасапшы Ерғазы Өтегенов.
Сықырлаған аяз бен қара суық келгенде үйдегі үлкендер ет асқанды тәуір көреді. Марқұм атам күн салқындаса «Осы күні ыстық сорпа ішкенге не жетсін, шіркін» деп отырушы еді. Расында, кешегілер «Берекенің басы – соғымның асы» деп бұл дәстүрге жіті мән берсе керек.
Қазіргі кезде арамызда соғым басы дегенді түсінбейтін, тіпті білмейтін замандастар жетерлік. Бәріне топырақ шашудан аулақпыз. Бірақ, мұны құп көрмейтіндер де кездеседі. Олар соғым сойғанша дайын етті сауда үйінен сатып алғанды жөн санайды. Десе де, бес саусақ бірдей емес. Қазақтың салт-дәстүрін қастерлеп, әлі күнге дейін соғым сою дәстүрін жалғап жүрген ағайын да баршылық.
Ақмарал ОЛЖАБАЕВА