Жаңа жүйенің жұмысы
Кеше әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Ерік Байжүнісов, Денсаулық сақтау министрлігінің қоғаммен байланыс департаментінің директоры Ілияс Бәкіров, медицина ғылымдарының докторы, профессор Құрал Құрақбаев өңірімізге арнайы келді. Ондағы мақсат – денсаулық саласындағы жаңа жүйенің облыста іске асу барысымен танысу.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі бірер айдаң соң нақты іске асатын болады. Енді жұртшылық тегін медициналық көмектің кепілдендірілген және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетін қолданады. Облыс тұрғындары әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 7,1 млрд. теңге аударған. Қазіргі күні аймақ халқының 86,6 проценті шартты түрде сақтандырылғандар санатында. Ал, 163 мың тұрғын тек тегін медициналық көмектің кепілдендірілген пакетін қолдана алады. Бұл ретте облыста күрмеулі болған мәселе де жетерлік. Оның ішінде медициналық құралдардың жетіспеушілігі, маман тапшылығы өзекті. Дегенмен бұл уақыт өте толысатын дүние болмақ. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Ерік Байжүнісов мұның барлық өңірде кездесіп отырған жағдай екенін атап өтті. Алдағы уақытта қордың қолдауымен құрал-жабдықтың жетіспеушілігі оң шешімін табады.
Республикалық штаб өкілдері қаладағы бірқатар емдеу орнына ат басын бұрып, облыс орталығы тұрғындарының басым бөлігіне қызмет көрсететін №6 емхананың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша жұмыс барысымен танысты. Сондай-ақ, жергілікті БАҚ өкілдерімен кездесіп, бірқатар сұраққа жауап берді.
Ақмешіт-ақпарат