Қалаға 240 қоғамдық көлік жетіспейді
Қоғамдық көлік мәселесі өңіріміз үшін өзекті болып тұр. Олай дейтініміз көлік тазалығы, жүру бағыты бойынша интервалдың сақталуы, билет бағасына жайлылығы (қыста жылы пеш, жазда салқындатқыш қосылса дейміз ғой), жүргізуші мен кондуктордың мәдениеті қазір ақсап тұр. Бұл әсіресе, жеке көлік иелеріне қатысты. Облыс әкімдігінің мұрындық болуымен БАҚ өкілдері бұл бағыттағы жағдайды көзбен көрді.
№13, 31, 20 қала іші мен мөлтек аудандарды жалғайтын жеке кәсіпкерлерге тиесілі көліктер. Барлығы кемінде 15 жыл қызмет еткен автобустар. Алдымен жүргізушілердің құжаттары тексерілді. Техникалық бақылауға, сақтандыру уақытына тексеру жүрді. Нәтижесінде сақтандыру мерзіміне 2-3 күн қалған құжат иелері кездесіп, ескерту берілді. Көліктер тазалығы ойдағыдай емес. Шаң, топырақ. Мұны даланың ми батпақ, жолдардың барлығы тас жол емес. Кейбір көліктерде орындықтарды қатайтып бекітпеген. Отырған кезде тербетіледі, не беті түсіп әбігерге салады. Мұндай орындықтар біз көрген барлық көлікте кездесті.
Қоғамдық көліктегі келесі мәселе – жүру бағыты бойынша интервалдардың сақталуы. Біз бақылауға алған қоғамдық көліктердің ішінде уақыт жиілігі ең ұзақ №20 бағыттағы көліктер. Барлығы 16 көлік бар. Оның осы күні қызмет етіп жатқаны 10 ғана. Оған алғашқы себеп: «жеке кәсіпкерлердің түскен қаржыға көңілі толмай, басқа салаға кетуі». Сонымен қатар ескілігені байланысты утилизациялау кезінде көп кәсіпкер көлігін өткізген. Сол секілді Түркістан облысы боп құрылған сәтте, қоғамдық көлік қажет етіп осы жерден сатып алып кеткен екен. Ендігі бір себеп – жанар жағар май бағасының қымбаттауы. Бұрын 4 мын теңгеге солярка құятын болсақ, қазір ол 8-9 мың теңгеге дейін өсті.
Көкейдегі сұраққа жауап алған біз, Қызылорда қалалық автобус паркіне жол тарттық. Автобус паркі басшылығы алдымен диспетчерлік пункт бөлімімен таныстырды. Онда үлкен сыйымдылықтағы әлеуметттік маңызы бар бес бағыттағы автобустарды JPS арқылы бақылайды екен. Яғни автобустардың қай жерде жүргендігін, бағыттан ауытқыған, не бұзылған жағдайлар толық анықталады. Ең жақсысы, жылдамдықтың бақылануы. Жүргізушілерге қойылған талап бойынша сағатына 65-70 км жылдамдықпен жүруге ғана рұқсат берілген. Кейде халыққа үлкен сыйымдылықтағы автобустар қатты жүріп келе жатқандай көрінеді. Ешқандай жүргізуші жылдамдықты асырмайды. Ол тек көліктің көлеміне байланысты екендігін айтып түсіндірді.
Ендігі түйткілді мәселе – маршруттық сызба жайы. Бүгінгі көліктер 2013 жылы сызылған маршруттық сызбамен жұмыс істеп келеді. Ал одан бері қала аумағына жаңадан 14 шағын аудан қосылды. Жеке секторлар да әжептәуір ұлғайған. Амалсыз, соңғы аялдаманы қолдан созуға тура келеді екен.
Сонымен қатар парк басшылығы біздің топты аптаның әр жұмасы өтетін оқу-жаттығу сабағымен таныстырды. Оларға қажетті техникалық, жолда жүру ережелері бойынша сабақтар өткізіліп, тәжірибе алмасу арқылы білімдерін шыңдайды. Қазір 40-тан аса автокөлік жүргізушісі жеткіліксіз болғандықтан, автокөлік жүргізуге ниетті азаматтардың білімін арттыруға жұмыс жасалады екен.
Автобус паркінің тыныс-тіршілігімен танысқаннан кейін, орталықтың залында баспасөз конференциясы жалғасты. Бүгінгі таңды қала орталығында 630 қоғамдық көлік жұмыс істеп тұр. Бұл туралы «Автобус паркі» ЖШС-нің директорының орынбасары Қанат Рахметұлы мәлімдеді.
– Өңірімізде 2018 жылы 870, өткен жылы 750, биыл 630 автобус қызмет етуде. Яғни екі жылдың ішінде 240 автобусқа азайған. Бұл кәсіпкерлердің бұл салаға ынтасының төмендігін білдіреді. Барлық мәселенің түп тамыры осы жерде. Бір автобус күніне 300-350 км жүріп өтеді. Тағы бір өзекті жайт, қала ішіне қатынайтын көліктердің үдемелі тозуы. Белгілі межеден артық қызмет еткендіктен тозу процесі ерте басталады. Көлік жетіспеушілікті жоюға көптеген шаралар жасалуда. Былтыр облыс бюджетінен серіктестікке 209 млн теңге бөлінді. Нәтижесінде мекеме жыл аяғына дейін 13 автобус алуды жоспарлап отыр. Бұл қоғамдық көлік мәселесінің шешілуіне көп көмегін тигізетін болады, – деді ол.
Наргиза БЕКТАЕВА