Әлеуметтік жаңғыру әрбір ісімізден көрінуі керек
Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауынан туындайтын басты міндеттер негізінде журналистерге брифинг ұйымдастырды.
Өз кезегінде Наурызбай Сейітқалиұлы идеологиялық бағыттағы іс-шаралардың өңірде орындалу барысына тоқталып, білім, мәдениет, медицина, спорт салаларындағы атқарылған жұмыстарды жеткізді.
Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары келер 2020 жылы атаулы күндерге орай тарихи салмақтағы іс-шараларға басымдық берілетінін қаперге салды.
- Әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық және Алтын Орда мемлекетінің 750 жылдық мерейтойларын, сондай-ақ, ең ұлы мереке – Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтеміз. Бүгінгі күні облысымызда мерейтойларды атап өтуге арналған кешенді іс-шаралар жоспары әзірленуде. Ерсайын Төлеубайдың «Абай» драмасы, Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай операсының» концерттік нұсқасы қойылатын болады,-дейді Н.Байқадамов.
Брифинг барысында облыс әкімінің орынбасары білім беру саласындағы басым міндеттер, денсаулық саласындағы оң бастамалар, мәдениет бағытындағы салмақты жұмыстар, спорт саласындағы байыпты істер Президент Жолдауында айқындалған міндеттер негізінде іске асатынын жеткізді.