Рахмет саған, туған ел!
Иә, ел басына туған зұлмат заман, солақай саясат қаншама ұлтты аштықтың, зорлық-зомбылықтың, отарлықтың құрбаны болуға мәжбүрледі. Қаншама халық ата қоныс, туған мекенінен арқардай ауып келді. Жасы да, жасамысы да жат елге жер аударылды. Солардың бір тобы даласынан жусаны аңқыған қазақ жерінен қоныс тапты. Осы бір қиын-қыстау кезеңде ішерге ас, киерге киім таппай жан сауғалағанның біразы көмусіз далада қалғаны да белгілі. Десек те, бір үзім нанға зар болып, жүдеп-жадаған жандарға демеу болған қазақтың көлдей шалқыған көңілі еді. Қара бастың қамын ойламай, қолда бар ас-суымен бөлісіп, жатты жатырқамаған халыққа олардың айтар алғысы зор. Сындарлы сәтте сыр бермеген жандар әлі күнге дейін бір атаның баласындай ауызбіршілікте күн кешуде.
Қаладағы химия-билогия бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз-хатшысы, орыс қызы Елена Рыбина осы өңірде туылып, қазақы ортада өсіп-өніп, қазақтан дос-құрбы тапқанына, Қазақстан азаматы болғанын мақтанады. Сонау 1985 жылдары әкесі Орынбордан, анасы Самарадан осында салынып жатқан құрылыс жұмысына атсалысуға келген екен. Сыр өңірі оларды таныстырып, сезімдерін табыстырды. Отбасын құрып, ұрпақ жалғады. Ел-жұртпен бірге тату-тәтті ғұмыр кешті, өсті, өнді. Ашық аспан астында, бейбіт заманда, бірлігі тарқамаған елмен бірге күн кешкеніне бүгінде қуанады, шүкіршілік етеді.
– Қызылорданың құшағы кімге пана болмаған? Қазақ халқының бөтен деп бөлмейтін кең пейілі біздің отбасымыздың да осында тұрақтауына әсер етті. Түп-тамырымыз Ресейде, ата-әжем Орынбор қаласының тұрғындары. Қазір әжем мен ағайын-туыс сол жақта. Кеңес заманы ыдыраған тұста, ата-анама еліне қайтуға мүмкіндік болыпты. Бірақ, олардың кеткісі келмеген. Себебі, біреу-ақ, өскен жерді қимаған. Жергілікті халықпен сіңісіп кеткендігі соншалық, олардан ажырағысы келмеді. Әкем қиын-қыстау кезеңде қазақ халқымен бірге бір нанды бөлісіп жегенін, олардың өзге деп өзектен теппей, демеу болғанын үнемі айтып отыратын. Ұлтқа бөлінбей бір отбасының баласындай күн кешкенін ұмытқан емес. Мен де ес білгелі аулада, қазақ балаларымен бірге өстім. Дос, құрбы таптым. Сондықтан бізге туған жер, жергілікті тұрғындар, көрші-қолаң, туыс, дос-жаран бәрі қымбат. Айтқандай, Кеңес заманы тұсында ата-әжем осында келіп, жұмыс істеген екен. Әрі кетсе 5 жылдай тұрған болуы керек. Қазір ол сол күндерін сағынып жүр. «Қызылордаға қайтқым келеді» дейді. Алдағы уақытта көшіп келсем деген жоспары бар.
Қазақта «тамыр» деген сөз бар. Бұл жай ағаштың, не гүлдің тамыры емес. Адамдар арасындағы тамырластық. Иә, қазақ қаны бөлек болса да, өзге жұрттың бәрін өзіне жақын тартты, тамырласты. Жазушы М.Мағауиннің «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?» деген әдемі сөзі бар. Мен осы тәмсіл арқылы бір тудың астында ғұмыр кешкен тағдырлас өзге ұлт өкілдері мен қазақ жұртын байланыстырамын. Қаншама ұлт пен ұлыстың Сыр өңірінен аумай, тұрақтап қалуының түп-төркіні жергілікті халықтың жайлылығында. Сол үшін де біз қазақ жұртына алғыс айтамыз, – дейді Елена бізбен әңгімесінде.
Кеңес дәуірінің тұсындағы саясат бәріне белгілі. Жұртшылық аумалы-төкпелі кезеңді бастан кешірді. Деседе қазақ жеріне қоныс тепкен өзге ұлттар біте қайнасып тіршілік етті. Кейін отаршыл үкімет ыдырап, еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген тұста өзінің ата жұртына үдере көшкендер де болды. Кейбірі қорған болған панасынан ажырағысы келмеді. Десе де, сол туған еліне көшкендердің көбісі қазақ жеріне қайта аяқ басты. Өсіп, өнген жеріне түбегейлі тұрақтауға келді. Себебі, қаншама жыл сіңіскен ортасын, туған жерін, Отанын, кеңпейіл халқын сағынды. Тарихты халық жасайды десек, оның пайда болуы, дамуы, шарықтауы, шегі болатыны хақ. Әр ұлттың тарихы да осылай өрбиді. Тар жол тайғақ кешуді бастан өткізген ұлттардың сол ақиқаты бүгінде том-том болып қатталды. Тағдырластар тарихына айналды.
Қазақ деп соққан жүрегі,
Қазығыңның бірі еді.
Тайғағында тағдырдың,
Табанды саған тіреді.
Өңірімізде тұратын әрбір ұлт пен ұлыс бүгінгі берекелі өмірі үшін қазақ жұртына, қызылордалықтарға алғыс айтады. Рахмет саған, туған ел!
Айдана САЙДУЛЛАҚЫЗЫ