Сыр күрішіне су жетпейді ал, сусыз тірлік қалай болмақ?

Егу науқаны наурыз айының 20-нан кейін басталады. Ал, күріш дақылын жерге отырғызу мамыр айында қолға алынады. Қазіргі таңда оған 74 трактор, 21 тіркеме құралы, 21 соқа, 9 дән сепкіш, 2 жүк көлігі дайын тұр. Жалпы мөлшері 134 тонна минералды тыңайтқыш, сондай-ақ, күріштің 850, жаздық бидайдың 69, сұлының 1, жоңышқаның 6,9 тонна тұқымы қолда бар. Осы орайда егістікке су жеткізетін 9 мың текше метр болатын канал мен арықтарды тазарту жоспарланып отыр. Дайындық барысын пысықтаған қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Дәулетбек Абдирасулов 2 шаруашылық каналы мен 6 ішкі канал, 20 гидробекеттің тазалық, жөндеу жұмыстары сәуір айына дейін бітетінін айтты. Сонымен бірге, маман 850 тонна күріш тұқымының жартысы арнайы зертханалық тексеруден өткенін жеткізді. Қазіргі таңда оның 220 тоннасы І-класты, 205 тоннасы ІІ-класты тұқым екені анықталған.
Көктемгі егіс жұмыстарына дайындық жоспары осындай. Бірақ, әттеген-ай дейтін тұсы да бар. Себебі, биыл аймақта су тапшылығы орын алуы мүмкін. Мүмкін емес, жоғары жақтан келген мамандар бұл жайды нақтылап айтыпты. Яғни, қажетті тіршілік көзі тапшы болады. Енді шаруаларға қиын болғалы тұр. «Қызылордасушар» МКК басшысы Жорабек Нұрымбетовтың сөзінше, Шардара су қоймасынан Сырдарияға жіберілетін су көлемі азайған. Аймақтағы 2 су қоймасын толтыру үшін 3 млрд текше метр су керек.
Мамандардың зерделеуіне сүйенсек, бұл қолайсыздықтың салдары қаладағы егіс көлемінің 1000 гектарға азаюына әкеледі. Тапшылықтың күріш егісіне кері әсер ететіні анық. Дегенмен, қол қусырып қарап отыруға тағы болмайды. Шаһар басшысы Нұрлыбек Нәлібаев шаруа қожалығы басшыларымен кездесіп, мәселенің мән-жайын түсіндіру керек дейді. Егер су тапшылығы орын алатын болса, оны аз қажет ететін басқа дақылдарға алмастыру, қайткен күнде де егіс көлемін азайтпаудың мүмкіндігін қарастыру қажет. Қандай жағдай болмасын диқандардың еңбегі зая кетпеуі, шығынға ұшырамауы тиіс. Осы орайда тиісті сала басшылары мен ауыл әкімдеріне бірлесіп, мәселенің оң шешімін табу жөн болмақ.
Айдана СЕЙІЛ