Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ЖЕР ДИҚАНЫН БАЛАСЫНДАЙ СҮЙЕДІ

ЖЕР ДИҚАНЫН БАЛАСЫНДАЙ СҮЙЕДІ

   Сылаң қаққан Сырдың бойын жағалай қонған еңбекші ел қазір берекеге бастар бейнетті тіршілікке бел шеше кірісіп кетті.  Көнекөздер айтқандай, «Диқан жерді анасындай сүйеді, жер диқанын баласындай сүйеді» деген тәмсілдің астарында көп мағына жатса керек-ті.
Егіс даласында қызу еңбек көрігі қыза түсті. Алдымен жер жырту  қолға алынып, одан соң дән сепкіш техниканы тіркеп алған трактор енді шамалы күнде қара жерге молшылық дәнін себуге сақадай сай тұр. Қыстай қамбада сақталған тұқым санаулы күндер даңғайыр диқанның қолымен қазынамызға құт әкелер бағалы байлық ретінде дарқан даланың алқабында егіледі.
Сыр өңірінде көктемгі жылы леп сезіліп тұр. Күннің райы қалай жылына түссе, солай далалық жұмыстар басталатыны белгілі. Қарбалас шақ тым жақын. Оны диқан қауымының бүгінгі тірлігінен аңғару қиын емес.
Соңғы жылдары қаланың ауыл шаруашылығы саласына мемлекет тарапынан бірқатар жеңілдіктер жасалып, нәтижесінде егін мен мал шаруашылығы жыл сайын қарқынды дамып келеді.
Ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 5 млрд.                                 986 млн. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда біршама артты. Сондай-ақ, қала бойынша 251 шаруа қожалығының бірігуімен                                     21 өндіріс кооперативі құрылды. Дақылдардың егіс көлемін әртараптандыру мақсатында былтыр барлығы 7621 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Нәтижесінде күріштен 16 мың 876 тонна өнім алынып, қала бойынша орташа өнім 49 центнерді құрады.
Қашанда Сыр өңірі аграрлық саламен айшықтала түседі. Аймақта күріш басты дақыл есебінде бағаланады.
Биыл да диқандар сол берекелі кәсіптің қазанын қайнатады. Ауыл шаруашылық саласы мамандарының есебі бойынша ағымдағы жылы аймақта 177,1 мың гектарға егiс егу межеге алынған. Оның ішінде дәндi – 88, майлы – 10,6, мал азығындық дақылдары – 60,6, картоп, көкөнiс, бақша – 17,7 мың гектарды құрайды. Негізгі дақыл күрiштің көлемі 81 мың гектарға жуықтайды.
Облыс бойынша жоғары репродукциялы күріш, жаздық бидай, арпа, сұлы, жоңышқа және мақсары тұқымы дайындалған. Қазіргі таңда шаруашылықтар қажетті минералдық тыңайтқыштар мен гербицид сатып алуда. Көктемгі дала жұмыстарына қажетті трактор, соқа, тұқым сепкіш, автомашина сынды құрал-жабдықтардың басым бөлігі жөндеуден өткен. «АгроХолдингБайқоңыр» ЖШС арқылы көктемгі науқанды өз деңгейінде жүргізу мақсатында 1 млрд. теңге қаржы бөлу межеленсе, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облысқа барлығы 2258,9 мың теңге қарастырған.
Сәтін салса, ерте егілетін дақылдарды наурыз айының 20-нан, күрішті сәуір айының соңына қарай егу жүргізіледі дейді мамандар. Сыр елі шаруаларының көктемгі егін науқаны дайындығына сақадай-сай. Дайындық жан-жақты жүргізілді, тіршілік басталды. Ал, осы үлкен еңбектің нәтижелі болуын алдағы уақыт көрсетпек.
                                                             Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.
31 наурыз 2018 ж. 1 790 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам