«Next чемпионмын» акциясы өтті
Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен «Атамекен» балалар ауылында «NEXT ЧЕМПИОНМЫН» акциясы өтті. Оған облыстық ҚХА мүшелері, облыстық ҚХА жанындағы волонтерлер орталығының мүшелері және «Tarbie» спорттық волонтерлік бағытының өкілдері, «Қайсар» клубының ойыншылары, спортшылар, жаттықтырушылар, БАҚ өкілдері қатысты.
Әлеуметтік осал топ балаларын спортқа баулу мақсатында өткен шарада «Қайсар» футбол клубының ойыншылары Елдос Ахметов, Думан Нәрзілдаев сайысқа қатысушылармен кездесіп, оларға сәттілік тілеп, қолтаңбалары қойылған доптарды сыйға тартты.
«Қайсар» футбол клубының ойыншысы Елдос Ахметов «Мен сіздердей кезімде космонавт болғым келді, бірақ өскенде футболшы болдым. Армандар орындалу үшін алға үлкен мақсат қою керек. Мақсатқа жету үшін еңбек керек. Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы мен республикалық акцияға орай ұйымдастырылып жатқан салауаттылықты насихаттайтын шарада баршаңызға жеңіс тілеймін», деді.
Сайыс басталмас бұрын волонтерлер мен балалар үйінің тәрбиеленушілері флешмоб биледі. Қыздар мен жігіттер өзара топтасып, би сайысына түсті.
Жасөспірімдерді спортқа баулу арқылы салауатты өмір салтына деген ынтасын арттыру, рухани даму және жақындарына құрмет көрсету, елде спорттық ортаны дамытуды көздеген шарада балалар ауылының тәрбиеленушілері топқа бөлініп, көңілді спорттың бірнеше бағыты бойынша жарысты.
Белсенділік танытып, оқ бойы озып шыққан мықтыларға облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ләйлә Бегалықызының атынан диплом табысталып, этномәдени бірлестіктер мен волонтерлер тарапынан сыйлықтар берілді.
Акция соңында «Атамекен» балалар үйінің тәрбиешісі, балалардың әжесі атанған Дариға Күзембаева ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Облыстық Қазақстан халқы
ассамблеясының баспасөз қызметі