Екіжақты келісімге қол қойылды

Шараға республикалық "Егемен Қазақстан", "Айқын" газеттерінің, "QAZAQSTAN", "Хабар", "24 kz" телеарналарының және аймақтағы "Сыр бойы", "Кызылординсие вести" газеттерінің журналистері қатысты.
Жиында университет ректоры Бейбіткүл Кәрімова оқу орнында атқарылып жатқан жұмыстар барысынан хабардар етті. Онда "Педагог мәртебесі" туралы заңға сәйкес университет профессор-оқытушыларының айлық жалақысы 30 процентке өскенін атап өтті. Осы орайда бәсекеге қабілетті, білікті мамандар дайындаудың жауапкершілігі де арта түскеніне тоқталды. Ректор бұл бағытта университет түлектерін жұмыс берушілердің талабы мен сұранысына сай білікті маман етіп даярлау мәселесі 2020–2021 оқу жылына арналған білім беру бағдарламаларында толық қамтылатындығын атап өтті.
Кездесуде қоғам және мемлекет қайраткері, облыстық телевизияның қалыптасуында айқын қолтаңбасы бар Әбдіжәлел Бәкір, университет прфессоры Бағдат Кәрбозұлы, журналистика кафедрасының меңгерушісі Ғабит Тұяқбаев пікір айтып, оқу орнында қолға алынып отырған жаңа бастамаларға қолдау білдірді. Сонымен қатар, жиынның басты мақсатына сәйкес "Сыр медиа" ЖШС мен облыстық "Qyzylorda" телеарнасында университеттің қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының филиалдарын ашу мақсатындағы әріптестік меморандумға қол қойылды.
Осы шарада журналистика саласында абыройлы қызмет атқарып жүрген "Айқын" газетінің облыстағы меншікті тілшісі Миуа Байназар, "Qyzylorda" телеарнасының директоры Жағыппар Қарабала Қорқыт ата атындағы "Алтын медальмен", облыстық "Сыр бойы" газетінің бас редакторы Қуат Шарабидинов, "Хабар" телеарнасының облыстағы тілшісі Нұрлан Жақыпбеков "Үздік түлек" медальмен марапатталды. Сондай-ақ, "Сыр медиа" ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаев, "Қоғам ТВ" телеарнасының басшысы Тұрсынкүл Желдербаева, "Егемен Қазақстан" газетінің меншікті тілшісі Мұрат Жетпісбаев, "Кызылординсие вести" газетінің бас редакторы Қазыбек Ботаев, "Хабар"телеарнасының тілшісі Қамбар Бекенов, "Qyzylorda" телеарнасының тілшісі Әділбек Жақанов ҚМУ-дің "Құрмет грамотасын" иеленді.