Арзан баға, сапалы өнім
Бүгінде нарық бағасын тұрақтандыру, әлеуметтік маңызыды тауар түрлерінің тапшылығын болдырмау басты мәселеге айналуда. Сондықтан шеттен келетін тауар түрлерін өңірдегі шаруа қожалықтары мен ірі өндіріс орындарының өнімдерімен алмастыру – ең оңтайлы шешім, әрі аймақтағы агросекторды дамытуға қолайлы қадам. Тұрғындар үшін де азық-түлік құнының арзанға түсуі қуанарлық жағдай. Осыған орай, өткен аптада қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімі мен жергілікті БАҚ өкілдері «Шұғыла» ықшам ауданында өткізілген жылжымалы сауданың мән-жайына қанықты.
Азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында ұйымдастырылған жылжымалы саудаға«Байқоңыр» ӘК мен «Алтын қамба» АӨК сауда-логистикалық орталығы атсалысып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін саудаға шығарды. Арнайы көлікпен қаланың бірнеше аймағында азық-түлік өнімдерін арзан бағада ұсынып, тұрғындар сұранысын қанағаттандырды.
Алғашқы сауда нүктесі «Шұғыла» ықшам ауданынан басталды. Келушілер сауда көрігін қыздырып, аз уақытта өнімнің басым бөлігі саудаланды. Тіпті, кейбірі келесі аялдайтын аймағын нақтылап, туыс-жақындарын хабарландырып та үлгерді. Тұрғындардың қызығушылығының себебі де жоқ емес. Мұнадағы азық-түлік бағасы базар құнынан 15-20 пайызға арзан. Тауар сапасы да жоғары. Мәселен, ұнның келісі – 122 теңге, макарон өнімдері – 140 теңге бағаланса, картоп пен сәбіздің келісі – 75 теңге, пияз келісі 55 теңгеге бекітілген.
Жылжымалы сауда көлігі «Шұғыла», «СПМК», «Бәйтерек» ықшам ауданынан бөлек, Жаппасбай батыр, Ә.Қашаубаев, С.Торайғыров көшелерінің бойында жалғасын тапты.
–Базар бағасын тұрақтандыру бойынша жүйелі мониторинг жүргізіледі. Соған орай тұрғындарға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қолжетімді болуы және бағаны тұрақтандыру үшін арнайы шаралар өткізіледі. Белгіленген кестеге сәйкес, ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі, жылжымалы сауда, әлеуметтік дүкендер арқылы қала тұрғындарын арзан бағада өнімдермен қамтамасыз етуге тырысамыз. Қазіргі таңда арнайы белгіленген 9 аймақ бойынша жылжымалы азық-түлік саудасы жүргізілуде, – деді қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басышы Даулетбек Абдирасулов.
Айта кетейік, жылжымалы сауда маусымдық шаралар негізінде ақпан-сәуір айы аралығында өткізіледі. Сонымен қатар, қала аумағындағы 20-дан аса «Әлеуметтік дүкенде» арзан бағадағы азық-түлік түрлерін қамтамасыз ету бойынша арнайы жоба жүргізілуде.
Е.БАЛТАБЕКҰЛЫ