Коронавирус: Қазақстанда кімдер салықтан 1 жылға босатылды?
Ірі сауда орталықтары, кинотеатрлар, театрлар мен көрмелер, спорт нысандары бір жылға дейін мүлік салығынан босатылады.
Сондай-ақ бір тоқсанға дейін өсімпұл есептелмейді. Ал 7 мыңға жуық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер жерге салынатын салықтан босатылды. Бүгінгі Үкімет отырысында осы мәселелер жан-жақты талқыланды. Шағын және орта бизнесті қолдау және еңбек нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін Үкімет 7 бағыттан тұратын дағдарысқа қарсы жедел шаралар топтамасын бекітті.
«Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы мен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын синхрондау арқылы саланы несиелендіру 1 трлн теңгеге дейін ұлғаяды. Бұл ақша импортқа тәуелділікті азайтып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмсалады. Қаржы алдымен отандық тауар өндірушілерге беріледі.
Несие бойынша түпкілікті сыйақы мөлшерлемесі 6 процент болады. Төтенше жағдайға байланысты кәсіпкерлердің көбі жұмысын тоқтатуға мәжбүр болып отыр. Оның ішінде, туристік агенттіктер шығынға батуы мүмкін. 6000 агенттікте 80 мың адам еңбек етсе, олардың 90 проценті – әйел адам. Төтенше жағдайға байланысты. сәуірдің аяғына дейін жоспарланған саяхаттар тоқтатылды. 13 мың шетелдік турист келмейтін болды.