Адамның күні адаммен
Жолы болғыш жігіт пе, әлде сәтін салды ма Сәуірбектің асығы алшысынан тұра қалды. Мектепте екіні екіге қоса алмай қиналатын, тентектеу баланың тіршілігі оңынан туады деп кім ойлаған? Мұғалімдер де «сен адам болсаң, мұрнымды кесіп беремін» дейтін. Сол Сәуірбек қазір белгілі бизнесмен. Тонналап темір өткізеді, көлік жөндейтін кәсіпорны бар, сұлулық салонының иесі. Қысқа қайырғанда, ішкені алдында, ішпегені артында.
Анда-санда ауылға ат ізін салып, ағайын-туыстың той-жиынына қатысады. Мектепте галстук тақпақ түгілі, көйлегін дұрыс кие алмай, алқам-салқам жүретін бала еді, енді танымастай өзгерген, бүгінгі болмысы бөлек. Жуан мойында жарасымды галстук, үстінде шетелдік костюм-шалбар, астында доңғалағы дәу, еңселі көлік. Сөзі де салмақты, басын изеп ғана амандасады. Билік пен байлық адамды қалай өзгертеді десеңші, тай-құлындай тебісіп өскен бізді де жанынан жолатқысы жоқ. Алыстан сыйласады.
Дәм бұйырса адамның бармайтын жері жоқ екен. Үш ұйықтасам түсіме кірмеген Ақтөбеге тұрақтап, үй-жайлы боламын деп кім ойлапты? Әйелім сауда-саттыққа епті болды да біз берекені базардан таптық. Басында нан саттық, сосын көкөніске көштік. Ақша жинап, бір буткаға қолымыз жетті. Оның ішінде адамға керектінің бәрі бар. Сіріңкіден бастап азық-түліктің түр-түрі тұр. Мен тасымалдаушы, әйел сатушы. Күнделікті табыс күнкөрістен көп, ептеп балалардың болашағына арнап ақша жинауға кірістік. Шүкір, жағдай жаман емес.
Сәуірбекті сөз етуімнің себебі бар, арада бір оқиға өткен. Ол кезде ауылдамыз.Тапқанымыз тамақтан артылмайтын, қол қысқа болатын. Көктем мен күз арасындағы кәсіп – егін шаруашылығы еді. Науқан мезгілінде жалақы мөлшері жақсы болғанмен қыс айында қозғалмай жатып қаламыз. Үйден аттап шыға алмай, не біреудің қызықшылығын бөлісуге қалта көтермей, дәрменсіз күй кешіп жүргенмін. Жұмыссыз еркекті қай әйел жақтырады дейсің, екі күннің бірінде солтүстіктің суық самалындай дауыл көтеріліп қояды. Үнемі мен жеңілемін. Соның себебі шығар, Сәуірбекті іздеп қалаға келдім.
–Досым, демеп жіберсең, – деп едім, ол ат-тонын ала қашты.
– Ақшаның бәрі «оборотта», өзім де қаржысыз отырмын. Қайта сен маған қарайлас, –деп өзіме жабысты.
Жолпұлдың өзін біреуден жалынып-жалпайып тауып келген мен үшін мынау күтпеген жағдай болып тұр. Сәуірбектен мен бай екенмін. Осылай басым салбырап үйге келдім.
Сол күні кешкілік ағайын адамның мерейтойы өтетін болып, қалаға барғанмын. Қазақтың тойы уақытынан кеш басталады ғой, бос тұрғанша деп көше бойлап қыдырыстап келе жаттым. Кенет оңашалау шағын мейрамханада арсын-гүрсін музыка ойнап, абыр-сабыр қаптаған қонақтарға қайран қалып, «бұл не той болды екен?» деп ішіне бас сұққанмын. Кіргенімді қайтейін, мен өз көзіме өзім сенбей сілейіп тұрып қалыппын. Төрде ханның уәзіріндей Сәуірбек отыр. Екі жағында екі сұлу бикеш. Езуі жайынның аузындай жайылып кетіпті. Мәз. Білмегенсіп, бөгде кісіден: –Мынау не той? – деп сұрай салдым. Ол: «Бизнесмен Сәуірбектің банкеті. Қолы майланған екен, соны жуып жатыр» деді.
Біршама уақыт сырттан бақылап отырдым. Бір кезде ақша шашып, елді қарқ қылды. Мынаның қолына қарға саңғып кеткен-ау, ертең жолығайын деп мен мейрамханадан шықтым.
Ертесіне күн шықпай үйіне бардым. «Жұмысқа кетпей тұрып, үйінен ұстайын» деген ой ғой. Ұйқыдан қиналып тұрды. – Таң атпай не істеп жүрсін? Осы адамды мазалағанды қойсаңдаршы. Дуанасын ба, не? Ақша жоқ дегесін, жоқ! Құры үйден! – деп баласына ұрысқандай зекіп тастады.
Мен не дерімді білмей сасып қалдым. Сөйттім де үнсіз шығып кеттім. Ішім ғыж-ғыж қайнап келеді. Бетім оттай жанды. Намысымның тапталғанына ренжулімін. «Ақша сұрағанның алды-арты осы болсын» деп өзімді қайрап әлекпін. Әлі-ақ көрерміз, кімнің кім екенін деймін тағы.
Осылай біреуден күткен шарапат түбі қайырсыз болатынын білдім. Менде бір-ақ жол қалды. Көзді жұмып, бизнеске белді будым. Ауылдағы аядай үйді «кепілге қойып», банктен несие алдым. Мөлшері мол емес, әйтеуір жоқтан тәуір. Осыны қанағат тұтсақ, арғы жағы бірдеңе болар деп шештік.
Балаларды әке-шешеге қалдырып, әйел екеуміз Ақтөбеге кеттік. «Тәуекел түбі – жел қайық» деген ғой, несібеге бұйырғанын көрерміз. Қатты қиналдық, пәтерден-пәтерге ауысамыз. Бірде қожайынға біз ұнамай қаламыз, кейде оның дөрекі мінезі бізге жақпайды. Кіріптарлық деген осы ғой. Амал жоқ, бәріне де шыдау керек.
Сауданың көзін тапса ақша ағын су секілді өз арнасымен келе береді екен. Әйелім ақшаға қатты, ол күнделікті табыстың бір бөлігін үйде жинауға кірісті. Жинаққа түскенді есептемейміз, «запас» деген ғана аты бар. Білесіз бе, бір жылғы жиналған қаражат үш миллион теңге болыпты. Мұндай ақшаны ауылдағы тіршілікпен өмірімнің соңына дейін жинасам да жетпейтін еді.
Қалта қонымды, тіршілік түзу болса араласатын орта да кеңейе береді ғой, оның үстіне таныс арттырып қалған кезіміз. Басында «буткадан» басталған бизнес келе-келе дүкенге ойысты. Күндердің күнінде дүкеннің бірнеше нүктесі пайда болып, әйелім қаржы директоры, мен басшымын. Баяғы ауылда басы салбырап жүрген Серік емеспін, сауданың серкесі болдым. Даңғарадай үй алдық, балалар көшіп келді. Шүкіршілік ғой, енді ешкімнен кем емеспін. Адамда намыс, қайрат, шыдамдылық, қанағат болса бәрін де жеңе біледі екенсін.
Қазақтан айтқыш ұлт бар ма екен осы. «Адамның күні адаммен» деп қалай тауып айтқан. Баяғы Сәуірбегім бір күні үйге келіп тұр. Мекен-жайды кімнен сұрап алғанын бір құдай біледі, әйтеуір тауып келді.
–Серік, мен құтқар. Мені енді «точно» өлтіреді. «Крупно» қарызға кірдім. Осы Ақтөбедегі бір фирмадан зат алғанмын. Ақшасын уақтылы қайтара алмай, қазір күндік пайызы өсіп жатыр. Көмектесші, –деп етегі жасқа толып, еңіреді. Жаным ашып кетті. Халі өте аянышты еді.
Қай әйелдің де бір айтары бар ғой, ол да үндемей қалмады. – Тойып секірген уақытың біткен екен ғой. Бізді адам құрлы көрмегеніңді ұмытпа! Адамның күні адаммен деген бар, осыны ерте ойлауың керек еді, – деді әйелім.
–Бәрін де түсінемін. Бірақ кеш ұқтым. Олкемшілігіме кешірім сұраймын, – дейді Сәуірбек беті бүлк етпей.
Амал жоқ, алдыңа келсе атаңның құнын кеш деген ғой, мен кешірдім.
Ол қарыз болған мекеме менің танысым болып шықты. Тіпті жақын араласып жүрген жолдас еді. Алдына бардық. Жағдайды түсіндіріп айттым. Ол түсіністікпен қарады.
–Серік үшін пайызды тоқтаттым. Бірақ бүгін қарызды төлейсін,–деді.
Сәуірбектің жиған-тергені жетпеді. Мен жинақта сақтаған үш миллион теңгені қостым. Осылай қарыз жабылды. Досымның көңілі жайланып, ауылға қайтты.
Енді қарызға берген ақшамды қашан, қалай қайтарады, ол белгісіз. Сәуірбектің соңынан қуып жүрмесем болды. Өйткені оның есегі судан өтті ғой...
Қ.Құрбан