Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Қолөнер – қазақтың қазынасы

Қолөнер – қазақтың қазынасы

Қазақ мәдениетінде байырғы, құнды саланың бірі - қолөнер. Халықтың арман - ой, тілек мүддесі, нышаны, осы тұрғыдан қарағанда мазмұндылық ерекшелігі сан алуан. Ұрпақ бойынан осындай ұлттық сезім мен өнерін жоғалтпауы аса қажет. Ол адамға жақсы әсер ететін нәзік дүние. Оның құндылығы орасан. Сонау жазу-сызу шыға қоймаған заманда адам ойын тасқа, сүйекке, ағашқа ойып жазып, темірге тіл, жаңқаға жан бітіре білген. 
Қалалық оқушылар сарайында қойдың жүнінен түрлі пішінде кесте орамалдар мен қазақы нақышта киім үлгілерін жасайтын жеткіншектер бар. Жаңақорғанның саз балшығынан түрлі пішінде құмыра мен шағын табақ, адам мүсіні секілді бұйымдар жасауға құмар жасөспірімдер халық қазынасының құнын түсіне бастады. Білім ордасының да мақсаты осы еді. 
                                       Үйірменің үйретері көп
           Мұнда елу үйірме жұмыс жасайды. Салтанат Қожантаева жетекшілік ететін «Асыл мұра» үйірмесі 2004 жылдан бері біраз шәкірттің шығармашылық шырағын жағып, жүйелі жұмыс жасап келеді. Жергілікті қой жүндерін жібектей етіп түтіп, жылы су мен сабынды біріктіру арқылы қуыршақтар мен Сақ дәуіріндегі сәукеле, қамзолдарды, балалар аяқ киімдерін жасайды. Тағы бір атап өтерлігі, оған жергілікті қой жүндерін аз пайдаланады. Себебі, біріге бермейтін көрінеді. Сондықтан көбіне еліміздің Алматы, Жамбыл облыстарының меринос қойларының өнімдерін алдыртып, іске асыруда.
           – Басты мақсатымыз – жеткіншектердің жеке шығармашылығын дамыта отырып, ұлттық қолөнер құндылығын ұғындыру арқылы бабалар мұрасын насихаттау. Іске кіріспес бұрын арнайы жұмыс формасын кию, алжапқыш тағу, құрал-жабдықтарын сайлап алу қадағаланады. Мұнда 3-11 сынып оқушылары білім алуда. Көбіне қолөнерге бейімді, талантты балалар қамтылады. Бір бұйымды жасауға 3 сабақ жеткілікті. Қазір үйірме мүшелері наурыз мерекесіне арналған бұйымдар әзірлеп жатыр. «Ата – баба мұрасын сақтаймыз және дамытамыз» тақырыбында республикалық балалар шығырмашылығы байқауынан жеңімпаз атандық. Болашақта шәкірттеріміз үлкен өндіріс бастауы боларына бек сенімдімін. №101 мектептің 5 сынып оқушысы  Айерке Еламан әжесіне, бауырларына өзі жасаған дүниелерін тарту еткен. Көршілері қызығушылық танытып отыр. Міне, еңбегіміздің бір ғана көрінісі,- дейді үйірме жетекшісі. 
             Сонымен қатар, қолөнер саласында ерте заманнан қалыптасып, қолданылып келген өнердің көне әрі күрделі түрі – мүсін жасау өнері. Осы қолөнер түрі аса шыдамдылық пен табиғи талантты қажет етеді. Сыр еліне алғаш мүсін өнерін Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі Олжабай Шолақов әкеліп, шәкірт тәрбиелеген. Содан тәлім алған Ескендір Сермаханов білгенін бала бойына сіңіріп келеді. «Көркем қыш және мүсін үйірмесі»  тура үш жыл бұрын басталған. Қазіргі таңда, аптасына екі рет сабақ өткізеді.
            – Үйірмеде екі топ тәрбиеленуде. Қала әкімінің қолдауымен арнайы станоктар алдық. Жаңақорған ауданының «Бірлік» ауылындағы көл жағасынан саз балшықтар әкеліп, қала маңынан саз қосындысын араластырып түрлі пішінде бұйымдар жасаймыз. Сапалы болу үшін 1000-1500 градус ыстықта күйдіру шарт. Келешекте цех ашу мақсатымыз бар. 2017 жылы қолөнер бұйым жасаушылар арасында «Ұлттық қуыршақтар» аталымы бойынша бас жүлде иелендік. Үстіміздегі жылдың күз айында Түркістан облысына байқауға шақыру алдық. Қазірден дайындықтамыз. Әлихан, Дінмұхаммед секілді шәкірттерден үміт күтемін. Қолөнер – қазақтың байлығы. Оқушы шығармашылығын шыңдау – ұлттық қолөнерге баулудан басталса, біздің үлкен жетістігіміз. Әр бұйым көздің қарашығындай сақталып, ұрпақтан - ұрпаққа жалғасары хақ. Ұлтымыздың мұралары - мәдениет негізі, – дейді үйірме жетекшісі.
                                                    Тілші түйіні
          Иә, расыменде ұлттық қолөнер бұйымы ешқашан бағасын бәсеңдетпек емес. Бүгінгідей жаһандану дәуірінде жастар бойына дәстүріміздің дәнін еге білсек, болашақ жемісін береді. Ол үшін талантты жастарды танып, талабына қолдау білдіре білуіміз абзал. Елдің болашағын білгің келсе, бүгінгі жастарына қара демеп пе еді дана халқымыз. Өзге елдің қансығын таңсық қылғанша, өзіміздің отандық өнімдерімізді жаңғыртатын кез келді. Осыны жандандыра білсек ұлттық код пен рухани жаңғыру өріс алары хақ. Ендеше ел болып, қолөнер бұйымдарын жетілдіре түсуіміз ләзім. Себебі, ұлт болашағы  –  ұрпақ сабақтастығымен өлшенеді.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ.
31 наурыз 2020 ж. 1 103 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 437 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам