Болмысы бөлек бір әлем
Қалаға қарасты Қарауылтөбе ауылдық округінде Амангелді Досмахановты білмейтін жан жоқ. Ел оны сыйлайды, құрметтейді. Бұл ақсақалдың ауылда 45 жыл еңбек еткенінің арқасы. Абыз ақсақал алғашқы еңбек жолын қарапайым жүргізушіліктен бастады. Одан кейін кассир, бригадир көмекшісі, мектепте шаруашылық жөніндегі меңгеруші де болған. Талай сыннан сүрінбей, бейнетке төселе жұмыс жасады. Соның нәтижесінде ел ағасы атанып отырған жайы бар. Амангелді ағай 50 жылдан бері жұбы жазылмай келе жатқан жары Нәзипа әжей екеуі 4 ұл, 6 қызды тәрбиелеп оқытты. Қазіргі уақытта немеремен қатар 7 шөберенің қолынан су ішіп жүр.
Амангелді атаны үйінде ұстау қиын. Үнемі ауыл халқының ұсақ-түйек шаруаларымен жүргені. Бүгінде сол елді мекеннің шаруасымен әкімдік ғимаратына келіпті. Сол жерде жолықтық. Ауылдың дамуы, жасалып жатқан жұмыстарға қаныққан соң отбасы жайында сөз қозғауды жөн көрдім. Себебі үлгілі отбасыларды жастарға үлгі ету қажет-ақ. Бүгінгі жастардың арасында туындап жатқан ажырасу мәселесі аясында осындай мерейлі отбасыларды айта түскенімізде жөн болар. «Отан – отбасыдан» басталады дегенді еске салсақ отанды сақтау үшін отбасылық жайтта әрбір қиындықты еңсере түсу міндетті саналады. Осы тұрғыда Досмахановтар әулеті мақтауға, сөз етуге тұрарлық.
Отбасы жөнінде әңгіме бастағаннан, ол кісі жолды үйіне қарай бұрды. Мұнысы бос сөзден гөрі, көзбен көрсін дегені болар. Ауласына кіргеннен ерекше үйлесімділік сезіледі. Есіктің алды мұнтаздай таза. Көктемгі жұмыстар басталып кеткен. Тал егіп, көшет отырғызу үшін қарықтар қазылған. Демек, ақсақал бос уақытта қарап жатпайды. Еңбек еткенді жаны қалайды.
Болмысы бөлек отбасы. Бір көргеннен сәттен ерекше үйлесімділікті, ерекше болмысты байқалады. Дастархан басындағы әңгіменің ауанынан балаларға деген ерекше қамқорлықты сезінуге болады. Әке мен ана ретінде бала алдындағы үлкен міндетін орындады. Оларды оқытты, тоқытты. Бүгінде қоғамнан өз орнын алып, бір-бір үйдің жауапкершілігін арқалап отыр.
Амангелді аға денсаулығы сыр бермей жүрсе де, туған ауылы үшін қолынан келгенше атсалысып жүргенін жеткізді. Расында, осындай атбал азаматтар әр ауылға қажет-ақ. Қазіргі таңда қоғамдық, ардагерлер және медиация кеңесінің төрағасы болып жұмыс жасайды. Ауылдың мәселерінен сыртқары емес. Әрбір жайтты жоғарыға жаққа жеткізіп, туған елдегі проблеманың аз уақытта іске асуы үшін басы-қасында жүреді. Бастаған істі аяқтағанша тыным таппайды. Жауапкершілікпен іс істегенді жаны қалайды. Жастарға да соны үлгі етеді. Әңгімені әріден қозғаған ақсақал «Жетектеген ит қораны қорымас»деп қалды сөз арасында. Мұнысы кейбір басшыларға назы секілді. Ел алдында жүрген елағаларының епетейсіз «еңбегін» ептеп сынға алған түрі деп түсіндік.
Ал отбасы жайында сөз еткенде, Нәзипа ананың тектілігін бірден ұғындым. Кезінде қызмет пен бала өсіруді қатар алып жүрген оны еңбек ерте есейіткен. Еңбек етуден қашқан кезі болған емес. Жылдар бойы ауылдағы фермада сауыншы болып жұмыс жасаған. Бүгінде 75 жастағы кісі әлі де тың көрінеді. Балаларының барлығы отбасын құрған. Әрқайсысы әр сала бойынша маман атанған жайы бар. Бірі – ұстаз, бірі – құрылысшы, енді бірі – кәсіпкер. Ал үш келіні ауылдағы мектепте мұғалім болып қызмет етеді.
– Жарымның түсінігін, еңбексүйгіштігін, кешірімді қасиетін жоғары бағалаймын. Жұмыс дедік, басқа дедік, балаларды да өзі қарап, өзі бағып, тәрбиелеп жатты. Үйдің шаруасын да дөңгелетіп әкете беретін. Кіммен жүрдің, қайда бардың, қайда болдың деген артық сауалдармен мазамды алған емес. Соның арқасы шығар шаңырағымыз шайқалмай, ауылға үлгілі отбасы болып отырғанымыз.Менің осы күнге дейін жеткен жетістігім бар болатын болса – осы апаңның арқасы, – деп ол кісіге деген ыстық ықыласын білдірді Амангелді ата.
Бұл анаға, асыл жарға деген ерекше құрметтің белгісі деп түсіндім.
Ал Нәзипа әженің келіндерге берген тәрбиесі үлгі етерлік. Үйге кіргеннен тазалық лебі сезіледі. Қолында тұратын келіні әп сәтте ас-ауқатты алдымызға әкелді. Тамақтың дәмі тіл үйіреді. Қонақ күту тәртібі де ерекше. Ене мектебінен өткені анық сезіледі.
Батыр ана Нәзипа Досмахановадан ауылдағы жас келіндер үлгі алады. Әр жылдарда қалалық «Мерейлі отбасы» және облыстық «Үлгілі отбасы» номинациясын жеңіп алған. Өзінің өсіп-өнген кезін келіндеріне үнемі өсиет етеді.
– Қазақ, «кемшілігін білген адам – кемел адам» деп бекер айтпаған. Қазір жастар материалдық құндылықтарға көп назар аударады. Бақытты отбасын құру үшін – қайткен күнде бай болу міндетті емес. Отбасылық тәрбиенің жақсы сабақтастығы үзілмеуі шарт. Қазақтар дәл осы сабақтастыққа қатты мән берген. Осы дәстүр жалғасын тапса, берік отбасылар көбейері анық, – дейді Нәзипа әже.
Бұл отбасында әрбір жексенбі – мереке. Балалар мен немерелер қосылып, арқа-жарқа болады. Отасқандарына жарты ғасырдан асса да қиындықты бірге еңсеріп, жұптары жазылмай келе жатқан отбасы бәрімізге үлгі етерлік. Берекелі отбасыдан тек қана жылылықты сезіндік.
Расында, Амангелді атаның әңгімесінен кейін отбасылық құндылықтарды байыптай түседі екенсің. Сенім. Сезім. Сыйластық. Осы үшеуі барда, отбасының шаңырағы опырылып, ортаға түспесі анық. Шаңырағынан шаттық лебі ескен өнегелі кісілердің әңгімесінен түртіп алар жайттар көп. Себебі, менде анамын, менде әйелмін. Осындай ізгі кісілерді үлгі ету, батасын алу арқылы болашаққа қарай жол ашылатыны анық.
Босағасынан береке аттап, татулығы төрге озған ауылдағы үлгілі отбасы Досмахановтармен дастархандас болған осы кез ерекше сезімге бөледі.
Айтолқын АЙТЖАНОВА