Қарауылтөбеде ілкімді істер көп
Соңғы жылдары Қызылорда қаласына қарасты ауылдық округтер әлеуметтік ахуалында ауыз толтырып айтарлықтай ілгері басушылық бар. Оны күннен-күнге гүлденіп келе жатқан ауыл көркінен аңғаруға болады.
Қаладан 8 шақырым жерде орналасқан Қарауылтөбе ауылдық округінде осындай игілікті істер аз емес. Елді мекеннің кемел келешекке бет түзеп, өркениетке қадам басып келе жатқанын ауылға кіреберіс беттегі жолдар мен көз тартар көшелер айқындап тұрғандай.
Сондай-ақ, округте жаппай кәсіпкерлікті дамыту, тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесі дұрыс жолға қойылды. Осыған орай округ бойынша биылдың өзінде 84 кәсіпкерлік нысаны тіркелген. Қазіргі кезде ауылда 2 ЖШС, 66 жеке, 15-шаруа, 1 ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі бар. Жыл басынан бері 42 жергілікті тұрғын еңбекпен қамтылды.
Есепті мерзімде мемлекеттік бағдарламалар аясында 10 жобаға қаржы тартылды. Оның ішінде ауыл шаруашылық саласына басымдық берілді. Атап айтсақ, жергілікті тұрғындар «Сыбаға» бағдарламасы арқылы мал бордақылау ісінің аясын кеңейте түсті. Сондай-ақ, «Еңбек» бағдарламасы аясында қайтарымсыз грант негізінде 16 жобаға қаржы бөлінді. Округтегі «Қазақ күріш шаруашылығы ҒЗИ» ЖШС күріш дақылын егумен айналысады. Биыл жалпы егіс көлемі 1242 гектарды құрап, күріш, жоңышқа, арпа, бидай егілді. Өндірілген күріш өнімі орта есеппен гектарына 40центнерді құрады.
Қазіргі кезде «КазСушар» мекемесі ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен тұрақты қамтып отыр. Сонымен қатар, мұнда жарық мәселесі де оң шешімін тапқан. Ауылда білім, мәдениет, спорт саласы қарқынды дамып келеді. Осындағы А.Хангелдин атындағы №179 орта мектепте 466 оқушы білім алуда. Ал, мектеп жанындағы «Нұр-бөбек» шағын орталығында 40 бүлдіршін тәрбиеленуде. Қарауылтөбе ауылдық клубы елге сапалы қызмет көрсетеді. Жастардың бос уақытын тиімді пайдалану, оларды өнерге баулу мақсатында онда түрлі ән-би, терме, домбыра үйірмелері ашылған. Айта кету керек, жыл көлемінде округте 56 мәдени іс-шара өткізілді. Сондай-ақ, ауылдағы жергілікті жұртшылыққа кітапхана тұрақты жұмыс істейді. Бүгінде онда 12-нан астам кітап қоры бар.
– Бірлігі мен тірлігі жарасқан округте қоғамдық-саяси ахуал тұрақты. Мұнда 200 орындық типтік жобада салынған мешіт орналасқан. Онда жастар арасындағы салауатты өмір салтын қалыптастыру бойынша іс-шаралар жиі өткізіледі. Ерекше айта кететін жәйт, округтегі 35 мүмкіндігі шектеулі азамат пен жасөспірімдерге әлеуметтік көмек тұрақты көрсетіледі. Жыл сайын кәсіпкерлер мен үкіметтік емес ұйымдардың қолдауымен қайырымдылық, қамқорлық акциясы дәстүрлі түрде өткізілуде. Мәселен, «Құрбан айт» мерекесінде әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көп балалы және жалғызбасты 70-ке тарта отбасына азық-түлік таратылды. Сондай-ақ, «Мектепке жол»акциясында 85 оқушы қажетті оқу құрал-жабдықпен қамтамасыз етілді.Ал, «Ел арай» қоғамдық қорынан тұрмысы төмен 15 отбасыға 1 тоннадан көмір берілді, – деді Қарауылтөбе ауылдық округінің әкімі Бекболат Шәріпбеков қала әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте.
Қарап отырсақ, Қарауылтөбе ауылдық округінде жүзеге асып жатқан осындай шаралар мен оңтайлы өзгерістер елді мекеннің даму жолындағы бір белесі ғана деп білеміз. Бұл тек бастамасы ғана екені анық. Осы тектес ілкімді істер арқылы ауылды дамыту алдағы уақытта округ әкімінің – басты назарында.
Ақмарал ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ