Отбасылық бизнестің озығы көп
Бүгінде кәсіптің көзін тауып, жаңаша бір істі бастап отырған жандар қатары көбейе түсуде. Соның бірі – «Бастау» жобасы аясында кәсіп ашқан Датқабековтер отбасы қалаға қарасты Досан ауылында тұрады. Жас отбасы Амангелді мен Айнұр – замандастарына үлгі болып жүрген жастар.
Айнұр оқу орнында білім алып, мамандық иесі болғанымен тұрмысқа шыққан соң үй шаруасымен айналысып келді. Бірақ, ол үйде отырса да қыздарды сәндеудің әдіс-тәсілін үйреніп, ауылдағы қыз-келіншектерге қызмет көрсетуді қолға алды. Уақыт өте келе оған сұраныс арта түсті.
Ауылда шаштараз жоқ. Сол себептен Айнұр қызметтің осы түрін таңдаса, отағасы Амангелді өзінің негізгі мамандығы – автокөлік жөндеу орталығын ашуды жоспарлады. Жас отбасының алға қойған мақсатының орындалуына «Бастау» жобасы септігін тигізді.
– Жобаға отбасы атынан Айнұр қатысты. Ол 1 ай көлемінде кәсіпті жүргізудің алғышартымен танысып, біліктілігін жетілдірді. Бизнес-тренерімен бірге жоспарын әзірлеп, болашақ кәсібінің моделін қалыптастырды. Жалпы, бұл отбасылық кәсіп болып саналғандықтан олардың бизнес-жоспары өзгелердікіне қарағанда ерекше. Бір жоспарда екі идея бар, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасының бизнес-тренері Олжас Аяғанов.
Бір айлық курсты бітірген соң жас кәсіпкер облыстық комиссия алдында жобасын сәтті қорғады. «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығынан 3 млн. теңге несиеге қол жеткізді. Оған Амангелді автокөлік жөндейтін техникалық қызмет көрсету орталығына қажетті құрал-жабдық алса, Айнұр сұлулық салонын ашты.
– Қала аумағында кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді. Мемлекет тарапынан әртүрлі қолдау жасалып отыр. Досан мен Абай ауылдарында техникалық жөндеу орталығы мен шаштараз бізде ғана бар. Сондықтан жұмысымыз сәтті жүруде. Келушілер саны күннен күнге артып жатыр, – деді кәсіпкер Айнұр.
Сондай-ақ, Амангелді Датқабековтің айтуынша, «Кәсіпті бастауға алған несие арқылы техникалық жөндеу орталығының бір бөлігін салдым. Алдағы уақытта қосымша бір бөлігін ашып, жаныма жұмысшы алғым келеді.
Жолдасымның да сұлулық салонын кеңейту жоспарымызда бар» деген ойымен бөлісті.
Жолдасымның да сұлулық салонын кеңейту жоспарымызда бар» деген ойымен бөлісті.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.