«Көгілдір отын» – елдің игілігі
Жылдан жылға Сыр өңірінде газ игілігін көрген елді мекендер саны артып келеді. Биыл сондай қуанышқа Қызылорда қаласына қарасты Қарауылтөбе ауылдық округінің тұрғындары да қол жеткізді. елді мекеннің біраз бөлігі бүған дейін де «көгілдір отынмен» қамтылған еді. Енді олардың саны арта түсті.
Қазір тұрғындар бұрынғыдай от жағып, күл шығарудан құтылған. Округте 20 жылдан бері тұратын Эльмира Ертуғанова:
– Үйге газ қосқалы бері пешке от жақпайтын болдық. Бұрын қыстың аязды күнінде үйді жылытқанша біршама уақыт кететін еді. Оның үстіне ол жаққан оттың қуаты ұзаққа жетпейді. Үнемі қадағалап, қайта-қайта көмір салумен әлек болатын едік. Қазір күл шығармаған соң үй де таза, жылы жерде отырғаннан кейін көңіл де көтеріңкі, – деді ағынан жарылып.
Соңғы жылдары Сыр өңірінде газдандыру ісі ерекше қарқын алды. Бүгінде облыс халқы оның игілігін көріп, жайлы тұрмысқа бой үйретіп үлгерді. Сондай-ақ, тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету үшін аймақты газдандыру бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда облыс орталығы мен бірқатар аудандарда «көгілдір отын» маздап тұр. Сондай қуанышқа бөленген Қарауылтөбе ауылдық округі тұрғындарының газға қосылу салтанатына қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысты.
– Ауылға газ келді, енді тұрмыстық қиындықтар түбегейлі шешімін тапты. Алдағы уақытта ауылда кәсіпорындар ашылып, шағын және орта бизнес көбейеді деген сенімдеміз. Осы жұмыстың басынан көрінген барлық жанашыр азаматтарға, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ басшылығына үлкен ризашылық білдіреміз, – деді қала әкімі.
Осылайша, тұрғындарға жылы лебізін білдірген Нұрлыбек Машбекұлы газ құбырларын жүргізген мердігер мекемелер мен белсенді азаматтарға Алғыс хат табыстады. Ауыл ақсақалы Амангелді Досмаханұлы қала басшылығына тұрғындар атынан ризашылығын жеткізді.
Бүгінде Қарауылтөбеде тұрмыс тауқыметі азайып, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсарған. Ауыл өркениетке қарай осылайша оң қадам жасап келеді.
– «Көгілдір отын» тартуда қарапайым халыққа зор мүмкіндік жасалды. Бүгінде қаншама үйге табиғи газ қосылды. «ҚазТрансГазАймақ» өндірістік Қызылорда филиалының инвестициялық жобасы арқылы аталған елді мекенге 33 млн. теңге бөлінген. Бұл қаржыға елді мекендегі А.Иманов көшесінің 110 тұрғын үйі табиғи газбен қамтамасыз етілді. Одан бөлек «ҚазЭнергоПроектСтрой» серіктестігі арқылы қалған үйлерге орнатылды. Округ бойынша 285 үйге «көгілдір отын» кіргізілген. Ал мемлекеттік нысандарға жобалау жұмыстары жүргізілді. 2020 жылы әлеуметтік нысандар газға қосылады деп жоспарлануда, – деді Қарауылтөбе ауылдық округінің әкімі Бекболат Шәріпбеков.
Айта кетейік, қазіргі таңда Қызылорда қаласы мен аудандарды газдандыру жұмысы өз деңгейінде атқарылуда. Ол «Қызылорда облысын әлеуметтік-экономикалық дамытуға арналған» кешенді даму жоспары негізінде қолға алынып келеді. Аталған жоба толығымен орындалса 2022 жылы облыс халқының 70 пайызы газ игілігін көреді. Бұл тұрғыда «ҚазТрансГазАймақ» өндірістік Қызылорда филиалының жасап жатқан еңбегі зор.
– Бізде қазір 80 мыңнан астап газ тұтынушы бар. Ал Қарауылтөбені биыл газдандыру жұмысы жоспарда жоқ болатын. Бертін келе облыс, қала әкімдіктерімен бірлесе отырып бұл бағытта нақты істер қабылдауға шешім қабылдадық. Қазіргі таңда ауылда 200 абонент «көгілдір отынды» игілігіне тұтынып отыр, –деді «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалының директоры Талғат Қызылбаев.
Облыс орталығына қарасты елді мекендерді газбен қамтамасыз ету – маңызды шараның бірі. Қазіргі таңда ауылдық округтер көгілдір отынға қол жеткізіп, игілігін көріп отыр. 2015 жылы Тасбөгет кенті мен Қызылжарма ауылдық округі бойынша ауқымды жұмыс жүзеге асты. Нәтижесінде 5000-нан аса тұрғын үй, әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандар газбен қамтылды. Одан кейін 2016 жылы Талсуат, 2017 жылы Белкөл кентінің тұрғындары да бұл жақсы істің куәсі болды. Осы уақытта қала жұртшылығының 95 пайызы газбен қамтамасыз етілген.
Айтолқын АЙТЖАНОВА